Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2024

Ертіс неге тасыды?

47 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарашаның соңы мен желтоқсан айының басында Ертістің Павлодар облысы аумағындағы арнасының деңгейі көтеріліп, кейбір ойпаң жердегі жайылмаларға қыс ортасында су шығып кеткені туралы жазған едік. Бассейндік инспекция «Ертіс елеңдетіп тұр» деген мақалада көтерілген мәселелерге түсініктеме берді.

Ертіс неге тасыды?

Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ер­тіс» бассейндік инспекциясы бас­шысының орынбасары Елеусіз Қамбаровтың сөзінше, өзеннің қыс ортасында тасуына мұз құрсауы мен жердің тоңдануы себеп. Ал Шығыс Қазақстандағы кас­кадты су қоймаларынан жі­берілген су аса қауіпті көлемде болмаған.

– Жауапты мекемелер биыл жаздан бері күзде жайылмаларға қайтадан су шығуы мүмкін екенін, фермерлер соған орай шабындықтардағы шөбін ертерек жинап алуы керек екенін ескертіп келдік. Биыл ылғал ағыл-тегіл түсті. Жазда су қой­масынан босатылатын су кө­лемі үнемі тежеліп, мейлінше қалыпты нормада ұсталды. Шығыс Қазақстандағы каскадты су қоймаларының деңгейін ұстап тұру мақсатында кейде Ертіс өзеніне жіберілетін су­дың көлемін арттыруға тура келеді. Бұл – мәжбүрлі түр­де жүзеге асатын шаруа. Себебі ГЭС-тер орналасқан су қой­маларының бөгеттерін су бұзып кетсе, бірқатар елді мекенге қауіп төнеді. Жалпы, Шүлбі су қой­масынан су өзенге үнемі жіберіліп тұрады. Қалыпты көлемі – секундына 650 текше метр. Қараша айының соңында қоймаларда судың көп жиналып қалуынан бұл норманы арт­тыруға тура келді. Әрі барлық фермерлер құлақтандырылды. Көлемін арттырғанда алдын ала есептер жасалады, себебі ол жолай елді мекендерге, жа­йылмаларға қауіп төндірмеуі керек. Павлодар облысындағы жағдай өзенді мұз құрсауынан әрі жердің тоңдануынан болды. Бірақ жайылмаға су жайылу тек бір ауданда, Ақтоғайда байқалды. Ал жазда шапқан шөбін жеткізе алмау дерегі Жаңабет ауылы маңында ғана болған. Себебі бұл елді мекенге тиесілі шабындық төменде орналасқан. Сәйкесінше, мұз құрсанған өзендегі артық су ағып үлгере алмай, кей жерлерде арнаның ойпаң тұстарын тауы­п, жайылмаға жылжыды. Бірақ бұл құбылыс ұзаққа созылған жоқ, тез арада судың беті қайтты. Екінші фактор, өзеннің Ресей жақтағы төменгі ағысын қалың мұз құрсап тастаған. Соның әсе­рінен ағын баяулай түскен. Бұл да жоғарыдағы жайтқа себеп болған. Атап өтерлігі, шөбі суда қалды деген «Ғибрат» ШҚ басшысымен сөйлесу тілдесу мүмкін болмады, ал «Елдос» қожалығының басшысы ешқандай мәселе жоқ екенін айтты, – дейді инспекция өкілі.

Шығыс Қазақстан облы­сы­ның аумағындағы су қой­мала­рының ең үлкені – Зайсан мен Өскеменнің ортасында ор­наласқан «Бұқтырма» су қоймасы. Ол 49,6 млрд тек­ше метр су жинай алады. «Бұқ­тырма» – суды көпжылдық реттеуге арналған алып құрылыс. Одан кейін транзиттік деп саналатын «Өскемен» су қоймасы орналасқан, сыйымдылығы – не­бәрі 660 млн текше метр. Ал соңғысы әрі Ертіске тікелей су босататыны – «Шүлбі». Каскадты су қоймасының сыйымдылығы – 2,66 млрд текше метр. «Шүлбіге» суды көп жинау мүмкін емес, тез толып қалатындықтан, үнемі су босатылып отырады.

«Барлық үш су қоймасында ГЭС-тер орналасқан. «Шүлбідегі» судың деңгейін Балтық теңізі деңгейінен 239-240 метр биіктікте ғана ұстап отыруға мүмкіндік бар. Одан асса, қауіпті деген сөз. Ал төмендеп кетсе, гидро-электр стансасының жұмысына әсер етеді. Бұл су қоймаларының еліміздің экономикасына әсері өте зор. Әсіресе, егін, мал, ба­лық шаруашылықтарына су­дың уақытында босатылып, өзен жайылмаларына жайылуы маңызды. Көктемде сол тұр­ғыда суды нормадан тыс босатып, жайылмаларға жасанды толқындардың екпінімен мол суды шығарып жібереміз. Бұған қоса көктемде таудан еріген барлық қар суы осы қоймаларға түседі. Соның бәріне дайын болу жолында қоймалардағы су деңгейін үнемі бақылап, реттеп отыру қажет. Кейде қыс ортасында жылымық пайда болып, сай-саладан аққан судың мөлшері артып кетеді. Мәселен, қазір Шүлбі су қоймасы 85 пайызға толып тұр. Тағы 412 млн текше метр су қабылдауға дайынбыз», дейді Е.Қамбаров.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Шебер дәнекерлеуші

Еңбек • Кеше

Мал баққанға бітеді

Еңбек • Кеше