25 Маусым, 2010

ЫНТЫМАҒЫ ЖОҚ ҚҰРАМА ӨЗ МЕМЛЕКЕТІН ЖЕРГЕ ҚАРАТТЫ

499 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ағылшындардың жармасқаны соңғы вагон Оңтүстік Африкадағы әлем чемпионатында балапанды күзде санайтын да, сынайтын да уақыт туды. Көптеген құрамалар өз тобынан шыққанына шүкіршілік айтып, кейінгісін тағы көрерміз деп отыр. “А” тобынан жеті ұпай олжалаған Уругвай мен қоржынында төрт ұпайы бар Мексика шықты. “В” тобында “Аргентина алғашқы екі жеңісімен-ақ жолдаманы жан қалтасына басып алған еді. Соңғы турда барын салған Оңтүстік Корея құрамасы төрт ұпаймен екінші жолдамаға зорға тұяқ іліктірді. Екі топтан Оңтүстік Африка Республикасы, Франция және Грекия, Нигерия құрамалары шығып қалды. “С” тобында АҚШ пен Англия құрамалары, “D” тобында Германия мен Гана топ басында келеді. Ал, “Е” тобында алты ұпай олжалаған гол­ландиялықтар бәйгені шаппай алып тұрса, Жапония мен Дания құрамаларының тағдыры кейінгі ойындарда шешіледі. “G” және “H” топ­тарында Бразилия мен Чили құрамалары алда келеді. “F” тобындағы жағдай да өте шиеленісті. Бейсенбі, сәрсенбі күнгі ойындар басы аш­ыл­май тұрған мәселелердің түйінін тарқатып бер­ді. Мәселен, “С” тобында жағдайдың күрде­ленгені соншалық, плей-оффқа шығуға бәрінің де мүмкіндігі бар болатын. АҚШ – Алжир құ­ра­малары бапкерлерінің белгіленген екі тайм­ның соңына дейін көңілі күпті болды. Амери­ка­лықтар 90 минут армандаған ниетіне 92-ші ми­нутта жетті. Алтидордың оң қапталдан асыр­ған добын Клинт Дэмпси қақпашыға тура тепті. Қақпаның бос бұрышын көздеуге уақыты да, мұршасы да болмаған. Америкалықтардың ба­ғына, алжирліктердің сорына сол доп қақпа­шы­ның қолынан кейін серпілді. Қорғаныс шебіне найзадай бойлап жүрген Донован мүмкіндікті мүлт жібермеді. Америка құрамасының серкесі кейін журналистерге сұхбат беруге шыққанда көзі жасаурап тұрған. Лағылдай тамшылар Америкадай алпауыт мемлекеттің абыройын сақтап қалған қуаныштың куәсі еді. “С” тобында Англия құрамасымен ойнағанға дейін Словенияның жағдайы тәуір, топ бастап тұрған. Дефоның 23-і минутта соққан жалғыз до­бы ағылшындарға бақыт әкелді. Кірпігіне де, кө­зіл­дірігіне де мұз қатқан Фабио Капелло Франция құрамасының артынан аттануды еш қалаған жоқ. Футболдың отаны ағылшындар жойқын шабу­ыл­дар ұйымдастырып, абырой­ларын сақтап қалды. Ал, Мексиканы 0:1 есебімен жеңген Уругвай “А” тобында үздік болып, келесі кезеңге Мек­сиканы қолынан жетелеп өтті. Гол соққан Суарес, 44-і минутта. Құрамалары плей-оффқа өт­кен мемлекеттердің жанкүйер­лері сол күндері кірпік ілген жоқ. Той­лады. Қайғылы жағдайлар да орын алды. Адам бас айналдыр­ған бақыттан да өледі екен. Оң­түстік Кореяда футбол тойы қыз­ған шақта Ли деген жиырма жа­сар студент серіктестерімен Сеул­де Хан өзеніне қарғып кеткен. Дос­тары жағаға әрең алып шыққаны­мен, ауыр жарақат алған студентті дәрігерлер құтқарып қала алмады. Жанкүйерлердің ес-түсін ал­ған футбол аламанында осындай жағдайлар да болып тұрады. Ал француздар билет алмапты... Немістер діні қатты халық қой. Ганамен ойнар алдында же­ңіле қалсақ, Африкада санда­лып жүрмейік деп ұшаққа билет алып, артық-ауыс жүктерін жи­нап қой­ыпты. Олардың топтағы жағдайы шынында ауыр еді. Гана мен Ав­стра­лияның төрт-төрттен ұпайы болды. Еуропадағы үздік клубтарда ойнайтын серке жігіттері бар Сербия да сытылып шығуға құлшынып тұр. Бас бапкер Йоахим Лев “Біздің командаға қы­сым өте көп болды, бәрі жеңіс күтті. Сол үміт­ті ақтадық”, дегенді көңілі жайланған соң айтқан. Германия Гана құрамасын 1:0 есебімен жеңді. Ал, Оңтүстік Африка құрамасынан 2:1 есебімен жеңілген француздардың басындағы жағдайды ешкімнің басына бермесін. Кхумалоның 20, Мфеланың 37 минуттарда соққан голына Малуда 70 минутта бір доппен жауап берді. Бітті. Әрі қарай француздардың шамасы жетпеді. Плей-оффқа өте алмаса да әлем чемпионын әдемі жеңген африкалықтар өз жанкүйерлерінің алдындағы айыбын біршама жуғандай болды. Ойын соңында экранда Раймон Доменек пен Карлос Алберто Паррейра жағаласып тұрғандай көрінген еді. Паррейра әріптесінің күртесін оң қолымен сығымдап ұстап жібермейді. “Бақсам, бақа екен” демекші, кінә Доменектің өзінен болып шықты. Ойын біткен соң ФИФА дәстүрі бойынша бапкерлер міндетті түрде қол алысып, жақсы тілекпен кетуі керек. Доменек әріптесінің ұсынған қолын ал­май қойған. Енді бұл мәселе ФИФА-да қаралуы мүмкін. Қалай болғанда да екі бапкердің өз орнында қалмайтындығы белгілі болып қалды. Қол алыспағаны үшін емес, құраманы лайықты дайындай алмағаны үшін. Футбол – мемлекеттік мәселе. Франция Пре­­зиденті Николя Саркози құраманың ша­бу­ыл­­шы­сы Тьерри Анриді қабылдап, Француз фут­болшыларының әлем чемпионатындағы сәт­сіздігін талқыламақ. Сұрмерген Николя Анель­каның бапкер ұйғарымымен құрамадан шыға­рылғандығы да сөз болады. Франк Ребери әлем чемпионатында сүреңсіз ойындарымен жанкүйерлерді жерге қаратқаны үшін француз ұлтынан кешірім сұрады. Оның артынан жартылай қорғаушы Флоран Малуда да сөйтті. “Бұл – нағыз апат” деп бағалады ол. Біздің нашар ойынымыз халқымызға осыншалық әсер етеді деп ойламаған едік. Біз мемлекетіміздің имиджін бүкіл әлем алдында қатты түсірдік. Бұған бас бапкер ғана емес, барлық ойыншылар кінәлі”. Малуданың көз жасы шықпаса да жүрегі езіліп айтқан сөзіне құрама мүшелері толықтай қосылған. “Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді”. Қазақ­тың осы мәтелі француздардың қазіргі жағдайын дөп басып тұр. Бас бапкер әлемге әйгілі шабуылшы Анриге “Әлем чемпионатына апаруын апарамын. Бірақ, қосалқы құрамда отырасың”, деген екен. Команданың іші осылай ырың-жырың болған соң бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару туралы қалай армандауға болады. Оның үстіне әлем чемпионатындағы желік бойларынан әлі кетіп болмаған француз ойыншылары өте сүреңсіз ойнады. Енді құраманы Лоран Блан қолға алады. Бү­гінгі ойыншылардан кімдер қалатындығын сол шешеді. Ынтымақтың жоқтығы атақты француз құрамасын шың басынан осылайша құлатты. Бақтияр ТАЙЖАН. ДӘСТҮРЛІ ДОДА Астанада Қазақстан Журналистер одағы қалалық филиалының ұйымдастыруымен және оған “Нұр Отан” ХДП-ның жергілікті бөлімшесінің қолдау көрсетуімен БАҚ арасында кіші футболдан белгілі қаламгер Рамазан Ахметовті еске түсіруге арналған турнир өтті. Жыл сайын астаналық журналистер арасында дәстүрге айналған турнирге биыл 9 команда қатысты, оның ішінде “Егемен Қа­зақстан”, “Казахстанская прав­да”, “Ас­тана ақшамы”, “Нұр Аста­на” га­зеттері, “Хабар”, “Астана” теле­ар­­на­­ла­ры мен басқа да баспасөз құрал­дары қатысты. Осы командалар үш топқа бөлініп, күш сынасты. Сөйтіп, әр топта бірінші орын алған командалар өзге 2 топта жеңіске жеткен қарсыластарымен кез­десті. Бұл ойындарда “Қазақ Радио­сы­ның” бағы жанды. Олар финалдық кез­десуде “Нұр Астана” командасын 3:1 есебімен жеңіп, биылғы турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Журналистер одағы қалалық фи­лиа­лының басшысы Мағжан Сады­ханұлының айтуынша, бірнеше жыл­дан бері өткізіліп келе жатқан турнир алдағы кезде де жалғасатын болады. Өйт­кені, оның мақсаты – журна­лис­тер арасында жеңімпазды анықтау емес, ең бастысы БАҚ өкілдерінің дос­тығын нығайту, футбол сияқты миллиондаған жанкүйерлердің сүйікті ойынын әріптестерінің арасында насихаттау. Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.