Ауыл • 24 Желтоқсан, 2024

Ауылда – жаңа амбулатория

61 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.

Ауылда – жаңа амбулатория

Бумакөл ауылдық округіне қарасты Облавка ауылы шағын болғанымен, шекараның іргесінде тұрған стратегиялық елді мекен. Мемлекеттік шекара дәл ауыл жанынан ағатын Жайық өзені арқылы өтеді. Осыдан 10 жыл бұрын республика қазынасынан қомақты қаржы бөлініп, өзеннің жыл сайын су құлатып келе жатқан жағалауы бекітілген еді. Ауылда 228 ересек тұрғын бар. Жақында мұнда жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Жаңа нысан құрылысына 160 млн теңге жұмсалған. Жоба «Ауыл­да денсаулық сақтауды жаңғыр­ту» бағдарламасы аясында жүз­еге асты. Құрылыс-монтаж жұмы­сы биылғы қыркүйек айында ғана басталса да, мердігер «Уральс­к­стройинвест» компаниясы меди­циналық пунктті аз уақыт ішінде сапалы етіп салып шықты.

– Біздің бұған дейін пайдаланып келген ғимаратымыз 1950-жылдары салынған көне үй еді. Қазір кіріп отырған жаңа ғимаратымыздың аумағы 155 шаршы метр. Мұнда дәрігерге дейінгі қарау, ем-шара, фи­зиотерапиялық кабинеттер, техникалық бұрыш бар. Қажетті құрал-жабдық дайын. Штатта медбике, техникалық қызметкер, күзетші, екі қазандық операторы жұмыс істейміз. Ауыл тұрғындарының денсаулығы ұдайы назарымызда. Дәл қазір ауылда бір жасқа дейінгі 2 бала, 14 жасқа дейінгі 48 бала бар. Біз бұл жерде науқастарды қабылдап, тексеріп, функционалдық мін­дет­терімізге кіретін ем-шараларды жүргіземіз, – дейді медбике Гүлнәр Темірғалиева. 40 жылға жуық еңбек өтілінің 35 жылын осы ауылда медбике болып өткерген Гүлнәр Темір­ғалиқызы – өз ісінің жетік маманы.

Ауылдағы жаңа нысанның ашылу салтанатына Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Мұқ­тар Нұрмақов қатысып, жаңа медициналық пункттің ел игі­лігіне қызмет етуіне тілек білдірді. Ауыл тұрғындары атынан сөз ал­ған Мейрам Татаев мемлекет тара­пынан жасалып жатқан сан сала­лы қамқорлықтар үшін алғыс айтты.

Сол күні Бөрлі ауданындағы Ақсу ауылы тұрғындары да дәл осындай су жаңа медициналық пунктке ие болып, қуанышқа бөлен­ді. Ақсу ауылдық округіне қарас­ты Ақсу, Жаңақоныс ауыл­дарын­да 510 адам тұрады. Енді олар бас ауырып, балтыр сыз­да­са ауданға сабылмай, жеңіл-желпі сырқат болса өз ауылында сапалы ем алады. Ауылға биыл ғана жолдамамен келген медбике Гүлнәр Ғұс­мановаға қызметтік пәтер беріл­ген. Жас маманға алаңсыз қызмет ететін барлық жағдай жасалған.

– Біздің Бөрлі ауданында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы өте жақ­сы жүзеге асып келеді. Был­тыр ғана Ақсай қала­сы­ның ір­гесіндегі Аралтал шағын ауда­нында амбулатория пай­далану­ға берілді. Биыл күз­ден бе­рі Қа­рағанды ауылында фельд­шерлік-акушерлік пункт, Жаңа­қо­ныс, Облавка, Ақсу ауылдарында амбулатория іске қосылды. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады. Бұған қоса ауылда тұратын медицина қызметкерлері үшін «Соболь» маркалы 6 автокөлік берілді, – дейді Бөрлі аудандық ауруханасының директоры Алты­най Баймұратова.

 

Батыс Қазақстан облысы