25 Маусым, 2010

ҚАДАҒАЛАУ БАРЫСЫ КҮШЕЙТІЛДІ

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Бас прокуратураның ресми өкілі Н.Сүйіндіков Қылмыстық атқару жүйесінің Маңғыстау облысы бойынша  басқарма­сы­на қарасты қатаң тәртіптегі №23 түзеу ме­ке­месіндегі орын алған жағдайға байланыс­ты үш бірдей қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оның екеуін прокуратура ор­гандары ҚК-тің 358, 96-баптары бойынша қашқан сотталғандарға қатысты және үшінші қылмыстық істі ҚК-тің 316-бабы бойынша осы аталған түзеу мекемесінің басшылығына қатысты қозғады. Бас прокуратура медициналық-әлеу­мет­тік мекемелерде тұратын қарттар мен мүге­дектердің құқықтарын сақтаудың жай-күй­іне тексеру жүргізген еді. Сонда әлгі қам­қор­лықтағы адамдардың өмірі мен денсау­лы­ғына қауіп төндіретін көптеген заң бұзушылықтар анықталып, аталған меке­мелердегі көрсетілетін қызметтердің сапа­сыздығы, интернат-үйлердің шектен тыс толтырылуы жүйелік сипат алғандығы белгілі болды. Мысалы, Жамбыл облы­сын­дағы 100 адамға арналған мүгедектер мен қарттар үйінде іс жүзінде 300-ден астам адам тұрып жатыр. Басқа өңірлерде де ос­ын­дай жағдай қалыптасқан, кейбір ме­ке­мелерде орынның жетіспеуіне байланысты қамқорлықтағы адамдар дәліздерге орна­ластырылған. Тіпті кейбір жерлерде интернат әкімші­ліктерінің құжаттандыру жөніндегі мін­деттерін дұрыс орындалмауы салдарынан жүз­деген мүгедектер мен қарттар Конститу­цияда кепілдік берілген әлеуметтік төлем­ақы­ларды алу құқығынан мүлдем айырыл­ған. Мұндай заң бұзушылықтар Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстары­ның медициналық-әлеуметтік мекемеле­рін­де орын алып отыр. Интернаттарда өртке қарсы қауіпсіздік талаптарын сақтау жай-күйі негізді алаңдатушылық тудырады. “Жалпы, тексеру нәтижелері бойынша 1,5 мыңнан астам заң бұзушылықтар анық­тал­ды, оларды жою үшін 130-дан астам ұсы­ныс енгізіліп, 9 наразылық келтірілді, 2 қылмыстық іс қозғалды, 80-нен астам тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды, 4 мыңнан астам азаматтардың конституция­лық құқықтары қорғалды”, дейді ресми өкіл. Қоғамда резонанс тудырған және ар­найы прокурордың өндірісінде болған Аэ­ро­мобиль әскерлері қолбасшысының бұ­рынғы орынбасарына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданған. Бұл іс билікті асыра пайдалану және әскери қажеттілік үшін көздеуіштерді, десантшыларды дайындауға арналған тренажерларды, сондай-ақ пара­шют­терді жаңарту жөніндегі жұмыстарды сатып алу кезінде мемлекеттік қаражатты ұрлау фактісі бойынша қозғалған болатын. Енді алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік және ұрланған қаражатты заңдастыру үшін сотқа үш өнім беруші компаниялардың басшы­ла­ры мен менеджерлері де тартылған көрінеді. Александр ТАСБОЛАТОВ.