
Бұл бекет туристерге қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген тәртіппен екі ел арасындағы шекарадан еркін өтуге мүмкіндік береді. Бұған дейін терминалдар тек жүк көлігін өткізу мақсатында жұмыс істеді. Жаңа терминалды іске қосудың артықшылығы – ел азаматтары көршілес мемлекетке өтіп, белгіленген уақыт ішінде барған-келген шаруасын тындырып шыға алады. Бұған қоса арнайы рұқсаты бар автокөлікпен кіру мәселесі де қарастырылған.
Терминал барлық жолаушыларға мемлекеттік шекарадан ыңғайлы, қауіпсіз өтуді қамтамасыз етеді. Бұл шара кедендік бақылау үдерісін жеделдетіп, күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді дейді арнайы сала мамандары.
«Терминалды іске қосу Мемлекеттік кірістер Комитетінің ҚХР өкілдерімен үйлесімді жұмысының, ынтымақтастығының арқасында жүзеге асып отыр. Бұл ретте ҚХР-дан жеке пайдалану үшін әкелінетін жүктің салмағы «Жеке пайдалануға арналған тауарлар мен жекелеген мәселелер туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы №107 шешіміне сәйкес айына 25 килограмнан аспауы тиіс. Терминалды іске қосқаннан бері елімізге 180 адам келсе, Қытайға 214 тұлға өтті», дейді Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова.
Келер жылдың Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болып жарияланғанын ескерсек, терминал туризмді дамытуға, Қазақстан-Қытай арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға да мол мүмкіндік береді.
Абай облысы,
Мақаншы ауданы