
ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының жетекшісі Гүлшат Нұрымбетова атап өткендей, бұл маңызды жобаға 35 тарихшы ғалым, архивші мен археограф – Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, архивтің ғылыми қызметкерлері қатысқан. Зерттеу жобасы академик Мәмбет Қойгелдиевтің ғылыми жетекшілігімен жүзеге асырылды.
Алаш қозғалысы қазақ ұлысының барлық әлеуметтік қатпарын қамтыған қуатты күш болды. Қозғалыс құрылғаннан бастап оның бүкіл қалыптасу кезеңіне инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер мен әскери қызметкерлер, ақындар мен жазушылар, студенттер мен қарапайым азаматтар атсалысып, айналасына топтаса бастады. Архив деректеріне қарағанда, олар мемлекеттік және азаматтық қызметтің ең жауапты жүгін арқалай жүріп, өздерінің әлеуметтік-кәсіби қабілет-қарымын үздіксіз жүзеге асырып отырды. Алаш зиялыларымен қоян-қолтық қарым-қатынас жасау жүздеген жас қазақстандықтың дүниетанымы мен рухани әлеміне сәулесін түсіріп, азаматтық жігері мен екпінін оятты.
Сондай-ақ Гүлшат Рамазанқызы бұрын арнайы органдар архивтерінің айрықша қорында сақталып келген деректер мен мәліметтердің ғылыми айналымға енгізілгенін атап өтті. 688 мыңнан аса құжат қабылданғанын, әр томның 550-600 беттен тұратынын, жинақ топтамалары бір-бірімен мазмұн, қисын жағынан өзара тізбекті байланыста жалғаса жазылған бірегей, тұтас дүние екенін атап өтті. Сондай-ақ жекелеген томдардың қандай тақырыптарды қаузайтынына да мысалдар келтірді. Мысалы, 1 және 2-томдар қазақ ұлтшылдары туралы, қазақ қозғалысы қайраткерлерінің үстінен Қызылорда және Алматыда өтіп, Мәскеуде қортындыланған «бірінші» сот процесі бойынша құжаттық куәліктерді енгізген. Бұл – 1930 жылдардың оқиғасы. Ал 3 және 4-томдар 1930-1932 жылдары Алаш қозғалысы қайраткерлері мен жақтастарына байланысты басталған екінші сот процесінің мазмұнын ашады.
Профессор Мәмбет Қойгелдиев «Алаш қозғалысы – қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» болғанына назар аудартты. Жинақ деректерінде айтылғандай, қуғын-сүргін зобалаңына тек Алаш тұлғалары ғана емес, кеңестік қайраткерлер, байлар мен ишандар да тартылған. Бұл қозғалыс төңірегіне тек зиялы қауым өкілдерін ғана топтастырған жоқ, қоғамның барлық әлеуметтік тобын қамтыған ортақ ұстанымда болған мемлекетшілдік мүддемен өзектес. 12 томдық жинақтың ішкі құрылымы, идеясы бойынша осы ұстаным басты темірқазық етіп алынды. «12 том құжаттар жинағының алғашқы 6 томы тек Алашорда ісіне ғана арналды. Алашорда үкіметі мүшелерінің, ол үкіметке мүшелікке кандидаттардың, осы Үкіметті қолдаған тұлғалардың тергеу материалдарына, тағдырына арналды. Бұл жинақта қоғамдағы тәуелсіздікке, мемлекеттік дербестік үшін үлкен күреске атсалысқан әлеуметтік топтардың бәрін қамтуға тырыстық. Мысалы, осы көптомдықта алғаш рет оппозиция мәселесі көтерілді. Қазақстан тарихында коммунистік көзқарас пен мүддеге қарсы оппозиция болған жоқ деген пікір басымдық алып келді. Бұл – жалған пікір. Қазақстанда кеңестік реформаға, коммунистік партияның билігіне байланысты өте күшті оппозиция болған. Біз бұл жинақтың 7-8-томдарында оппозициялық топтардың қызметін көрсеттік. Үкіметтің құрамындағы оппозиция, одан тыс түрлі саладағы оппозициялық күштердің қызметіне жеке том арнадық» дейді академик Мәмбет Құлжабайұлы.
М.Қойгелдиев ұлт-азаттық қозғалыспен байланысы болғаны үшін нәубетке ілініп, АЛЖИР лагеріне тоғытылған әулеттер мен отбасылар қасіреті туралы құжаттарды мысал етті. Олар ЧСИР (Отанын сатқан отбасылардың мүшелері – члены семьи изменников Родины) деген жаңа атаумен атала бастады. Жас-кәрі, әйел-ер деп қарамай, жан-жағынан жайпаған жойқын репрессия машинасы Арынғазы сұлтанның, ұлт әдебиетінің негізін қалаған Абайдың, Мемлекеттік Дума депутаты А.Қалменовтің, белгілі интеллектуалдар Бірімжановтар сияқты көрнекті тұлғалардың бірталай туысы мен жақындарының көзін жойып жіберді.
Сондай-ақ М.Қойгелдиев 1929-1931 жылдардағы халық көтерілістеріне байланысты құжаттарға айырықша назар аударады. «Тергеу материалдары бойынша» ХХ ғасырдың 20-30 жылдары оңтүстік, солтүстік және орталық Қазақстанда болған халық көтерілістеріне арналғанын жеткізді. Ел ішін-дегі ашу мен кекке булыққан халық қарсылығын басып-жаншу үшін әскери авиация күшін қолданған Қызыл әскердің жүйелі бөлімшелерін пайдалануға дейін барған жазаның аса қатал түрлері осы жылдары көрініс тапты. Жинақ құжаттарының айғақ-куәлігіне қарағанда, көтерілісшілер жасағына қарсы жазалау шаралары мен көтерілісшілердің әрекеті арасында тіпті де сәйкестік болмаған. 1991-1992 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау мәселесі көтеріліп, нәтижесінде 1993 жылы Қазақстан Республикасының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңы қабылданғанын еске алды.
2020 жылдан бастап тоталитаризм жылдарындағы қасіретті оқиғалардың хроникасын қалпына келтіру мен қасірет шеккен қазақстандықтар туралы тарихи жадыны сақтаудың жаңа кезеңі басталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды. Алашорда ісі бойынша жарық көрген деректердің көптомдық жинағы осы Мемлекеттік комиссия жұмысы аясында атқарылған шаруаның бір ширегі ғана болып саналады. Алғашында он томдық ретінде жоспарланып, жұмыстың ауқымдылығына орай 12 томды құраған зерттеу жобасы алдағы уақытта жаңа, тың деректермен толықтырыла берері сөзсіз.
АЛМАТЫ