25 Маусым, 2010

КӘСІПКЕРЛЕР КОНГРЕСІ ӨТТІ

557 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше “Radіsson SAS” қонақүйінде “Атамекен” одағы” ұлттық эко­номикалық палатасының ұйымдастыруымен Қазақстан кәсіпкерлерінің конгресі болып өтті. Онда еліміздегі бизнес қауымдастықтардың Президент жанындағы кәсіпкерлер кеңесіне, Үкімет жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Үйлестіру кеңесіне экономика мен жеке кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұсыныстары дайындалып, конгреске қатысушылар назарына ұсынылды. Шара проблемалық секциялар мен тақырыптық секциялар қоры­тын­дысы бойынша екіге бөлінді. Он­да мемлекеттік мекемелер мен ор­ган­дарының, сондай-ақ қолдау іздеген кәсіпкерліктер басшыларының басын қосқан бұл жиында түрлі тақырыптар қозғалды. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру және оны түзету бойынша ұсыныс­тар” тақырыбында өткен секцияда Эко­номикалық даму және сауда ви­це-министрі Марат Құсайынов кәсіп­керлердің көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап берді. Атап айтсақ, Карағандыдан келген кәсіпкер әйел өзінің қызмет көрсету саласы бой­ынша банктерден несие ала алмай жүргендігінен хабардар етті. Диагнос­тикалық орталық ашуға талпынға­ныма біраз болды, бірақ қолымыздан ештеңе келмей тұр, дейді ол. Өндіріс орындарын ашуға ғана қаржы бөлі­ніп, қызмет көрсету саласына көңіл бөлінбейді деген өкпесін жеткізді. Өзбекстаннан көшіп келген қанда­сы­мыз киіз үйді шығару өндірісін жолға қоюға кепілдіксіз несие сұрады. Жергілікті мемлекеттік орган мен банктер арасында сарсылған жас жігіт осылайша конгресте өз мәселесін жеткізді. Бұл сұрақтарға жауап берген Экономикалық даму және сауда вице-министрі қызмет көрсету саласы бойынша несие берілуі тиіс екендігін, сондай-ақ кепілдіксіз несие алуда жергілікті атқарушы органдар көмек­тесуі керектігін алға тартты. “Жеделдетілген индустрия­лан­ды­ру мәселесі” секциясына Индустрия және жаңа технологиялар вице-ми­нистрі Берік Қамалиев, “Кедендік одақ аясында отандық кәсіпкерлердің болашағы және салық заңнамасы мә­селелері” бойынша секция жұмысына “Атамекен” одағы” ҰЭП төрағасы­ның бірінші орынбасары Екатерина Никитинская, Қаржы министрлігі са­лық комитеті төрағасының орынба­са­ры Арғын Қыпшақов, Кеден комитеті төрағасының орынбасары Игорь Тен қатысты. Барлық секциялар бойынша тал­қыланған сұрақтардың қорытындысы айтылған пленарлық отырыста “Ата­мекен” одағы” ҰЭП басқарма төра­ғасы Азат Перуашев Үкімет жанын­да­ғы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Үйлестіру кеңесіне ұсыныстар дайын­дайтындықтарын айтты. Венера ТҮГЕЛБАЙ.