25 Маусым, 2010

МЕТАЛЛ ПРОКАТЫ ЗАУЫТЫ – ӨҢІРДЕГІ ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ БІРІ

742 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Рудный қаласындағы “Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі” акционерлік қоғамында жаңа металл прокаты зауыты іске қосылды. 2008 жылы басталған зауыт құрылысын өндіріс басшылығы айтқан уақытында аяқтады. Жаңа сипаттағы зауыттың ашылу салтанатында сөз алған “ССКӨБ” акционерлік қоғамының президенті Мұхаметжан Тұрдахунов кеншілерді өндірістегі дамудың жаңа сатысына көтерілуімен құттықтады. – Біз шикізат өндіру разрядтарынан енді оны өңдеуге, яғни металлургия кәсіпорнына көштік. Бұл біздің өндіріс тарихындағы ең атаулы күн болуға тиіс, – деді Мұхаметжан Тұрдахунов. Зауыт жылына 75 мың тонна металл прокатын өндіреді. Темір кенінен өңделіп шығатын иленген стержень, ұсақталып, жұмбаздалған темір шарлар, төменгі сортты прокат, құрылыс арматуралары көбіне кен алыбының өзінің және ENRG компаниясы кәсіпорындарының ішкі қажетіне жұмсалатын болады. Жаңа технологияға сәйкес өндіріс орнының жабдығы да ерекше. Зауытқа құрыш балқытатын он тонналық екі электр пеші, он бес тонналық ожау-агрегаттар, дайындалған құрышты үш көлемде үздіксіз құйып тұратын мәшине орнатылған. Зауытты салтанатты түрде іске қосқан облыс әкімі Сергей Кулагин бұл өндіріс орны өңірдегі инвестициялық жобалар арасындағы ең маңыздыларының бірі екенін атап көрсетті. – Биыл Қостанай облысында он бір инвестициялық жоба жүзеге асуы керек. Жақында ғана жұмысын бастаған “Алтын май” диірмен кешені солардың алғашқысы болатын. Міне, енді Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі өзінің металл прокаты зауытын іске қосып отыр. Инвестициялық жоба болып саналатын тағы төрт кәсіпорын жақын күндері пайдалануға беріледі. Ал жылдың екінші жартысында бес инвестициялық жоба бітеді, – деді облыс әкімі Сергей Кулагин. Бұл зауыт құрылысына инвестициялық қаржыны Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігігінің өзі салды. 7,5 миллиард теңге жұмсалған құрылыс дүниені бір уыс еткен қаржы дағдарысының кезінде де қарқынмен жүріп жатты. Мұнда 650 жұмыс орны жобаланған. Ал маусым айының басынан 279 адам жұмысқа шықты. – Осыдан жарты ғасыр бұрын кен орны ашылуын біздің аталарымыз толқып тұрып қарсы алған еді. Бүгін зауыттың ашылуында сол аталарымыздың ұрпақтары, біздің де жүрегіміз алып-ұшып тұр. Алып кәсіпорын енді шикізат өндіріп қана қоймайды, металды өзіміз құямыз. Мен осы зауыттан жұмыс орнымды таптым, металлург мамандығы мен үшін мақтаныш. Еліме, Елбасыма ризамын! – деді прокат цехы бастығының орынбасары Қуан Жүнісбеков. Пештен шыққан қып-қызыл сом темірдің қызуы бет қариды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, РУДНЫЙ. КӨГІЛДІР АЛАУ – БЕРЕКЕ НЫШАНЫ Аққайнарлықтар бұдан былай оның игілігін көретін болды Осы күндерде жан жадыратқан жаңалықтар қуантуда. Солардың бірі – жалыны алаулаған табиғи газдың өңірдегі елді мекен халқының игілігіне айналғаны. Тұрмыстағы күйбең тірлікті жеңілдеткен “көгілдір отынды” пайдалану халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс деңгейі өскенінің өлшемі екендігі белгілі. Соңғы жылдары өңір халқын табиғи газбен қамту мәселесі шешімін тауып, 2007-2015 жылдарға арналған және 2020 жылға дейінгі мерзімді қамтитын өңірді кешенді газдандыру бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Нәтижесінде Іле, Талғар, Жамбыл, Қарасай, тағы басқа аудандардағы әр отбасы табиғи газ қызығына кенелді. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 809,4 млн. теңге қаржы бөлінсе, биыл 270,7 млн. теңге қаржы жұмсалып, өңірдегі 44 елді мекенге газ құбырын тарту жалғасатын болды. Қазіргі кезде Алматы-Байсерке-Талғар магистральдық газ құбыры құрылысының жобасы әзірленсе, оның жалпы құны 6,3 млрд. теңге. Аталған жобаның іске асырылуы Іле және Талғар аудандары елді мекендерін “көгілдір отынмен” қамтыса, енді Қапшағай бағытындағы тұтынушылар да оның игілігін көретін болады. “Тәуекел-Т” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш, Қарасу, Жамбыл, Қарақыстақ ауылдарына газ құбырын тартып, олар күз бен қыстағы күйбең тірлігінен арылды. Өткен аптада серіктестік ұжымы жыр сүлейі Сүйінбай ауылына құбыр тартып, халықтың ілтипатына бөленсе, сәрсенбінің сәтінде аққайнарлықтардың мерейін өсірді. Суықтөбе тауының етегіндегі шағын ауыл жұртшылығы бұл жаңалықты ерекше қабылдады. Жиынға облыс әкімі Серік Үмбетов қатысып, әр үйдің қазанын қайнатып, тірлігін жайнататын табиғи газдың келуі берекенің нышаны екендігін жеткізді. Мұның бәрі Елбасының сындарлы саясатының, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің нәтижесінде мүмкін болып отырғанына екпін берді. Шы­нында да әр отбасындағы бақ-береке тіршілік тірегі отқа да тікелей байланысты. Қазақстан-Қытай газ құбыры арқылы алдағы уақытта өңір тұрғындары осы игілікті мүмкіндігінше толық пайдаланады. Осы құбырдың 6 шүмегінің өңірді жылына 5,5 млрд. текше метр газбен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар екен. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және Панфилов аудандарының 87 елді мекенін газдандыру жоспарланған. Жиналған қауым алдында “Тәуекел-Т” серіктестігінің бас директоры Молдияр Нұрбаев сөйлеп, жеке қаржысы есебінен өрелі жұмыстардың жүзеге асырылғанына тоқталды. Осылайша серіктестік салаға 2008 жылы 731,0 млн. теңге, 2009 жылы 144 млн. теңге, ағымдағы жылы 137 млн. теңге қаржы жұмсапты. Қазірдің өзінде мыңдаған тұрғын “көгілдір отынды” пайдаланса, Ұлы Отан соғысы мен Алтын алқалы аналарға едәуір жеңілдіктер бар. Енді табиғи газдың тамырдай желілері Талап, Шиен, Қастек, тағы басқа елді мекендерге де жеткізілмекші. Тоқаш Бокин атындағы орта мектептің алдындағы ашық алаңдағы мерейлі сәтке жиналғандар атынан ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрысжан Түнғатаров сөйлеп, тұрғындардың тұрмысын жеңілдеткен бүгінгі шараның құрметінің белгісіндей Молдияр Нұрбаевтың иығына зерлі шапан жауып, алғысын айтты. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.