
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Томаға-тұйық ауылдағы қызылсыраған ағайын үшін қыс қызығы саналатын кәдімгідей мейрам. Соғым сойған үй бірінші күні қуырдаққа шақырса, бірер күннен соң ауылдың үлкендерін жинап, омыртқадан дәм татырады. Бұл дәстүр қала тұрғындарының да сүйегіне сіңген. Көптен дәм-тұзы араласқан ағайынның бірі омыртқаға шақырған. Екі табақ кісі жиналыпты. Ас келгенше әңгіменің басты тақырыбы биылғы соғымның бағасы болды. Әлден уақытта төрде отырған ақсақал босағадағы бозбаладан:
– Осы дәстүрдің мәнін білесің бе? – деп сұрады.
Алаңсыз отырған бозбала сабақты оқымай келген оқушыға ұқсап мүдіріп қалмасы бар ма. Бозбала қысылмасын деді ме, көшелі ақсақал өз сұрағына өзі жауап беріп, әңгіменің тиегін ағытып жіберді.
– Он сегіз мың ғаламда барлық жан иесінің омыртқасы бар. Он екі мүшені ұстап тұратын да сол. Атам қазақ «бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем бер» дейді. Ағайынның арасын жақындататын да осы дәстүр, – деді ақсақал. Содан соң оң тізесін баса отырған «Қараөзек» серіктестігінің басшысы Нартай Ысқақовқа бұрылып:
– Осы сен жылда алдымен шақырушы едің, биыл соғымың кешеуілдеп жатыр ма? – деп сұрады.
– Соғым бар ғой, ақсақал, оның өзіндік себебі бар, – деді Нартай Жұматайұлы, – мен жылда омыртқаға шақырғанда қонақтарды құр қол жібермейін деп кітап сыйлаушы едім. Тарихи-танымдық шығармалар, қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер. Ет болғанымен, кітап болмай тұр.
Айтса айтқандай, облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жалғыз кітап дүкені жабылғалы оқырман қауым рухани қажеттілігін қалай өтерін білмей жүр. Орталық әмбебап дүкеннің бір бұрышында кітап сатқанымен, кілең солтүстіктегі көршінің кітаптары. Атыс-шабыс, қарақшылықты насихаттайтын дүниелер. Ал сыбағалы сый етіп тартар жергілікті ұлт тіліндегі кітаптар қасқалдақтың қанындай таптырмай тұр. Жыл сайын омыртқаға шақырғанда адал дәмін ғана емес, рухани азығын да қоса сыйлайтын жомарт жігіттердің қолы байлаулы.
КӨКШЕТАУ