
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, аудан, қалаларда арендалық, ипотекалық баспаналар салынды. Облыста кезекте тұрған 3 мыңнан аса отбасының баспана мәселесі шешілді. Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл мерекелері қарсаңында Түркістан, Кентау қалалары мен бірқатар аудан тұрғындарына пәтер кілттері табысталды. Түркістанда қала әкімдігінің тапсырысымен жүргізілген «Жібек жолы» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтерген 5 қабатты 508 пәтерлі арендалық тұрғын үй баспана кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілді. Жыл басынан бері Түркістан қаласында кезекте тұрған 482 отбасына пәтерлер табысталған болатын. Жалпы, жыл қорытындысында түркістандық 990 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде 16549 адам тұр. Қаладағы тұрғын үйге мұқтаж адамдарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 944 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, биыл табысталады деп жоспарланған. Сауран ауданында 1379 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Жақында Жүйнек елді мекенінде 1 қабатты, 4 пәтерлі 4 үй пайдалануға берілді. Бұл жоба «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылды. Аталған тұжырымдама аясында Шардарада үй кезегінде тұрған 40 отбасы баспаналы болды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Кентау қаласында 60 пәтерлі, 3 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінде қалада мемлекеттік тұрғын үй кезегінде 4856 азамат тіркелген. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2018–2024 жылдар аралығында кезекте тұрған 1057 азаматқа мемлекет тарапынан пәтер берілген. Бұдан бөлек, қалада кредиттік тұрғын үй салу бағдарламасымен 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Ордабасы ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған баспаналардың құрылысы аяқталып, 12 отбасы жаңа үйлердің кілтін алды. Жаңа баспаналар заманауи стильде салынып, аулалары темір қоршаумен қоршалған. Су, жылу жүйелері толық орнатылған. Әр пәтер 3 бөлмелі, жалпы алаңы 62,5 шаршы метрді құрайды. Аудан орталығы Темірланда жеке инвесторлардың есебінен бір қабатты 26, үш қабатты 3 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазірде бір қабатты 40 пәтердің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Алдағы уақытта үй кезегінде тұрған аз қамтылған отбасылық санаттар бойынша 136 пәтер табысталады.
Созақ ауданында да әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған жаңа баспаналардың құрылысы аяқталды. Созақтық 48 отбасы жаңа баспаналарының кілтін алды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірде әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту мақсатында бірқатар маңызды шара атқарылғанын атап өтті. «Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында тұр. Ел игілігіне ұсынылған әр баспана аудан тұрғындарына жайлы әрі заманауи қолайлы орта сыйлайды», деді Н.Тұрашбеков. Тұрғын үйлерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Әр пәтердің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды.
Облыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім, медицина салаларындағы инфрақұрылымды жақсарту, қолжетімділікті арттыру бағытындағы тапсырмасына сәйкес жоспарлы жұмыстар жалғасып жатыр. Демографиялық өсім жоғары өңірде қосымша 35 мың оқушы орнына тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында 50 мектептің құрылысы, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 21 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр (7150 орын). Жеке инвестиция есебінен 35 мектеп салынады (6 230 орын). Көптен жөндеу көрмеген 300-ден астам білім мекемесіне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 41 медициналық нысан пайдалануға берілді.
Түркістан облысы