
Аталған көрме өскелең ұрпаққа қазақтан шыққан белгілі тұлғаларды, олардың тағылымды жолын, туындыларын танытуды, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды, кітапхананың имиджін көтеруді мақсат етеді.
Биыл елімізде бірқатар айтулы іс-шара жоспарланып отыр. Осыны негізге алған көрме бес бөлімнен тұрады. «Қазақ хандығына 560 жыл» деп аталатын бірінші бөлімде тақырыптас 100-ден астам кітап пен мерзімді басылым материалдары ұсынылған.
Ал жеңістің 80 жылдығына арналған екінші бөлімде әскери тақырыпқа қатысты кітаптардан бөлек, сұрапыл соғыстан сыр шертетін құжаттар беріліп отыр.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» атты үшінші және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» атты төртінші бөлімдерде соңғы жылдары жарияланған баспа өнімдері, тың деректі материалдар қамтылған. Ал «Тұғыры биік тұлғалар» бөлімі жақсы-жайсаңдарымыздың («Әбу Насыр әл-Фараби – 1155 жыл», «Шоқан Уәлиханов – 190 жыл», «Абай Құнанбайұлы –180 жыл», «Міржақып Дулатұлы – 140 жыл», «Сапарғали Бегалин – 130 жыл», «Сәбит Мұқанов – 125 жыл», «Қанабек Байсейітов – 120 жыл», «Ілияс Есенберлин – 110 жыл», «Ермұқан Бекмаханов – 110 жыл», «Жұмабек Тәшенов – 110 жыл», «Жұбан Молдағалиев – 105 жыл», «Тұманбай Молдағалиев – 90 жыл», «Қадыр Мырзалиев – 90 жыл», «Жұмекен Нәжімеденов – 90 жыл», «Карл Байпақов – 85 жыл») мерейтойына арналған.
Көрмеге мерейтой иелерінің өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған 500-ден аса кітап, естелік, фотосурет, нақылсөз бен дәйексөз қойылды.
Айта кетейік, көрме кітапхана оқырманына тұрақты түрде жыл бойы ұсынылады.