
Мұнайлы шаһардан шекараға дейін жеткізетін жолдың құрылысы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тапсырысымен жүргізіліп жатыр. Ұлттық компанияның баспасөз қызметі былтыр 15 желтоқсанда аталған бағыттағы жолдың құрылысы аяқталғанын хабарлады. Жолдың ұзындығы – 272 шақырым. Жобаны жүзеге асыру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен несие алынған.
«Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауыстырылды. Ені 3,75 метрлік екі жолақты қозғалысы бар жол салынды. Жоба аясында 6 көпір, 1 өткел, 60 су өткізгіш құбыр мен 10 демалыс алаңы абаттандырылды. Жол бойында 650 жарық тірегі орнатылып, жол пайдаланушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілді», деп хабарлаған еді компанияның баспасөз қызметі.
Халықаралық стандарттарға сәйкес жобаны жүзеге асыруға Қазақстан, Италия, Түркия мен Әзербайжан Республикасының компаниялары қатысқан. Жол құрылысына 650 маман мен 450 арнайы техника тартылған. Ақтөбе облысындағы Мұғалжардан, Маңғыстау өңіріндегі Шетпе кентінен теміржол арқылы 3,4 млн тонна инертті материал жеткізілген. Инертті материалдар 50 мыңға жуық жартылай вагонмен тасымалданыпты. Битумды жеткізуге 2,5 мың техника қажет болған.
Алайда Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаевтың пікірінше, Атырау – Ресей шекарасы бағытындағы жолдың құрылысы әлі толық аяқталмаған. Сол себепті, ол Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады.
«Мемлекет басшысы былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз үшін маңызды Астана – Балқаш – Алматы, Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Қандыағаш, Талдықорған – Өскемен бағытындағы жолдардың реконструкция мерзімі ұзаққа созылғанын сынға алып, жедел аяқтауды тапсырған еді. Көлік министрі М.Қарабаев 23 желтоқсанда Мәжілісте өткен Үкімет сағатында аталған жолдарды жөндеу жұмыстары толық аяқталып, қолдануға берілгенін айтты. Оның ішінде құрылысы 2018 жылы басталып, алты жыл бойы аяқталмай жатқан Атырау – Астрахань тасжолы да бар. Алайда Исатай ауданында 17 шақырымды құрайтын Аққыстау – Тұщықұдық айналма жолы әлі басталмаған деп айтуға болады. Кейбір учаскелерде асфальттің соңғы қабаты салынбаған. Х.Ерғалиев ауылында көпір құрылысы бітпеген. Көліктер әлі айналып өтіп жүр. Бірінші, екінші және үшінші лот бойынша 621-753-шақырым аралығындағы 132 шақырымда жылдамдық шектеуі сағатына 60 шақырым деген жол белгісі әлі алынбаған. Бұл 277 шақырымның жартысына жуығы – 132 шақырымы толық бітпеді деген сөз», дейді С.Ерубаев.
«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Азамат Қабдығалиевтың мәліметінше, 621-833-шақырымға дейінгі учаскеде негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Жолдың бұл бөлігіне асфальтбетон жабыны төселіп, көпір, су өткізетін құбыр, торлы қоршау, Исатай ауданындағы Тұщықұдық және Ақыстау ауылдарының тұсында жарықтандыру тіректері салынған.
«Жоба аясында 10-ға жуық демалыс орны, санитарлық-гигиеналық тораптар мен кемпингтер салынады. Х.Ерғалиев ауылы маңындағы Бақсай өзегі арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Енді тосқауыл және қоршау орнату жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Исатай кентінің маңындағы 753-833-шақырым аралығындағы 80 шақырымдық жол бөлігі пайдалануға беру сатысында тұр. Биыл 132 шақырымды қолданысқа беру жоспарланды», дейді А.Қабдығалиев.
Оның айтуына қарағанда, биыл жол бойында бірнеше жұмысты атқару көзделіпті. Бұл – жиегін нығайту, арнайы белгілерді орнату, құрылыс жүргізілген аумақтарды рекультивациялау.
«Барлық кезеңде атқарылып жатқан жұмыстың сапасы ұдайы бақылауға алынған. Бақылауды мердігер компаниялар зертханасы, техникалық қадағалау қызметі мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары жүргізіп келеді. Атыраудан Ресейдің Астрахань облысымен шекараға дейін қатынайтын жолды қайта жаңарту аймақтың көлік инфрақұрылымының дамуына жол ашып, екі ел арасындағы экономикалық, іскерлік қарым-қатынасты одан әрі нығайтады. Отандық экономиканың кең қанат жаюына, еліміздің халықаралық сауда байланысын жетілдіруге де септеседі», деді А.Қабдығалиев.
Шекараға дейінгі жолдың жөнделуін әсіресе, Исатай және Құрманғазы ауданының тұрғындары ұзақ күтті. Таңатар Дәрелұлының айтуынша, күрделі жөндеуден соң көліктің жүру уақыты едеуір қысқарған.
Атырау облысы