Заң мен Тәртіп • 16 Қаңтар, 2025

Есірткі таратушылардың «тынысы» тарыла түсті

43 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдың басында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірт­кі, психотроптық заттардың, сол тек­тестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл – бүгінгі өмір талабымен қатаңдатылған, өте уақтылы қабылданған заң жобасы. Өйткені «ғасыр індетінің» таралымы күннен-күнге асқынып барады.

Есірткі таратушылардың «тынысы» тарыла түсті

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Аталған заңға депутаттар бастамашы болған еді. Онда бірқатар маңызды норма қарастырылған. Соның ішінде есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен курьерлер функцияларын орындайтын адамдарға жаза жетілдірілген. Ұйымдастырушылармен күрес күшейтіліп, бас бостандығынан айыру мерзімін өмір бойына дейін ұзарту жазасы қарастырылған. Сондай-ақ қызмет бабын пайдаланып қылмыс жасаған лауазымды адамдарға және есірткі психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз өндіргені үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгілеу қарастырылған.

Ал енді нақты фактіге тоқталсақ, басқа аймақтармен қатар кейінгі бір-екі айда ғана Солтүстік Қазақстан облысының аума­ғында да бірнеше есірткі тарату қылмысы әшке­реленді. Барлық қылмыстың екіден бірі ғана әшкереленеді десек, жастар мен үлкендерді есірткіге құштар қылып, қаншама қылмыс ашылмай жатқанын болжау қиын емес.

Ашылған қылмыстардың қатарында жуыр­да Петропавл қаласында 24 жастағы бір көкшетаулық жігіт ұсталды. Ол Петропавл қаласындағы бір «интернет-дүкенге» қызмет істеп, психотроптық заттарды жеткізумен айналысқан. Оның құпия жерге тыққан есірткі түйіншектерін артынан «закладчиктер» алып, тұтынушыларға таратқан. Есірткі таратушы Космонавтов көшесіндегі жалға алған пәтерінде ұсталды. Тінту барысында оның үйінен 10 түйіншек «мефедрон» және «α-PvP» синтетикалық есірткілері табылған. Бұл түйіншектердің әрқайсысын артынан 25-30 «зип-лок» қалташаларға бөліп, алушыға белгілі қуыстарға тығып қояды. «Барлық табылған есірткі көлемі 437 грамм болды. Бұл соңғы уақыттардағы ең үлкен көлем», дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхамедқалиев. Қазір ұсталған адам қамауда жатыр, сот оған 15 жылға дейін бас еркінен айыру жазасын беруі мүмкін.

Есірткі қылмысын ашуға полицияның басқа салалары да қолғабыс тигізіп жатыр. Облыстағы аудан орталықтарының бірі Мам­лютка қаласында кәмелетке толмағандар бойынша аға учаскелік инспектор Нұрлыбек Оспанов жергілікті тұрғындардың бірі көршісінің балалары моншаға тығылып, жылап отырғанын айтқан соң әлгі үйді тексе­руге барады. Сөйтсе, 42 жастағы үй иесі мен әйе­лінің есірткі тұтынған адамдар екені сезіледі. Үйді тексеру барысында кіребе­ріс үйінде 143 грамм есірткі жасырғаны анық­талған. Осы инспектор тағы бір жергілікті тұр­ғын әйелдің өзімен тұратын еркектің қылы­ғы­на шағынғанында 31 жастағы жігіттің наша­қор екені анықталып, оның ауладағы сарай­ға марихуана жасырғанын табады. Қазір бұлар­дың үстінен қылмысты істер жүргізіліп жатыр.

19 жастағы студент қыз бен отыздан асқан жігіт те есірткі таратушылардың бір тобын құрған. Бір қызығы, тергеушілердің әш­ке­релегеніне қарағанда, бұл топтың бас­шы­сы қыз болған. Екеуін жігіттің «Merce­des» көлігінде ұстағанда бойынан тара­туға әзірленген 72 қалташа, ал машинаны тінтігенде тағы да 30 түйіншек синтетикалық есірткі табылған. Студент қыздың тұрағын тексергенде полицейлер 27 грамм есірткі тәркіледі. Ал ер адам жұмыс істеген кеңседе бұрын ішінде ұнтақ тәрізді зат болған бос «зип-лок» қалташаларын тапты. Күдіктілерден барлығы 129 грамм «мефедрон» және «α-PvP» психотроптық заттар тәркіленді.

«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қылмыс­тың бастамашысы қыз болғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Есірткіні осындай аса ірі мөлшерде өткізуге талпынғандары үшін таратушыларды 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығы­нан айыру жазасы қарастырылған», дейді ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бас­қармасының бастығы, полиция подпол­ковнигі Руслан Сапаров.

Бұл екеудің бойынан 129 грамм син­тетикалық есірткі табылса, өткен айда 28 жастағы Петропавл тұрғынының бір өзінің бойынан 190 қалташа есірткі заттары табылған. Бәрі де – синтетикалық есірткі. Үйін тінтігенде есірткіні бөлуге арналған электронды таразы, «зип-лок» қалташалары, изолента, алажақ ақшаларын тіркеген тізім және АҚШ доллары мен Түрік лирі араласқан шетелдік валюталар табылған.

«Барлық тапқан есірткінің көлемі 205 грамм болды, бұлардан жуық шамамен 1 200 бір реттік дозалар жасауға болады. Тұтас бір мектептің оқушыларын осы дозамен на­шақор қылып жіберуге болады», дейді ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.

Өткен күзде Алматыдан Петропавлға 700 грамм синтетикалық есірткі жеткізген 37 және 33 жастағы екі әйел ұсталған еді. Олар есірткі тасымалдауды әбден кәсіпке ай­нал­дырғандар болып шықты. Кішісінің күйеуі бұрын есірткімен ұсталып, қазір тиіс­ті жазасын да өтеп жатыр. Бірақ бұл оқи­­ға екі әйелді де қылмыстан тыймаған. Қа­­зір екеуінің де соты болып, үлкені 11, кі­ші­сі 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Облыстың полицейлері есірткі қыл­мысының алдын алу бойынша көптеген шара жүргізіп жатыр. Жуырда түрмеге қамалған нашақорлар мен олардың ата-аналарының ащы зары мен өкінішінен тұратын деректі фильм де көрсетілді. Фильмді жасаған бло­гер Зәкіржан Мавлю­тов кадрларды зона­ның ішінде, сондай-ақ есірткіден қайтыс болған­дардың қабірінен түсіріпті. Фильм студенттер мен оқу­шыларға қатты әсер етті. Бұл – петропавл­дық полицейлердің есірткіге қарсы күрес мақсатында жасаған үшінші фильмі.

Мұндай шаралардың жиі болып тұрға­ны жақсы, бірақ ең бастысы заңның қатай­тылғаны есірткіге қарсы күресті тиімдірек етері сөзсіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы