Кітапхана • 17 Қаңтар, 2025

Алақан аясына сыятын кітаптар

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада көлемі алақанға сыйып кететіндей 150-ге тарта кітап бар. Жуырда коллекция жаңа туындымен толықты.

Алақан аясына сыятын кітаптар

Омбылық әріп­тестері кітап­ханаға «Ом­бы­дағы пушкиниана» миниа­тюралық кітабын сыйға тартты. Миниатюрлік басылымдар оқырмандар арасында ерекше қы­зы­ғушылық тудырады. Сирек кітаптар қорындағы мұндай жинақтар жеке қолға берілмейді. Тек оқырман за­лында алып қа­рауға мүм­кіндік бар.

Кітап қорының басшысы Бақытжан Бұқашеваның айтуынша, көлемі шағын кітаптардың ішінде көркем әдебиет және салалық ту­ын­дылар сақталып отыр. Дені қазақ және орыс жазу­шыларының шығар­малары. Ең кішісі Омар Хаям­ның 50х70 мм өлше­мінде шығарылған жинағы екен. Мұнда Пушкин туралы әдебиеттер каталогі да бар.

Сирек кітаптар бөлі­мінің басшысы Марина Гончарова әрбір кітап өзін­ше құнды дейді. Халық­аралық стандарттарға сәй­кес, ұзындығы мен ені 3 дюйм, яғни 76 миллиметрден  аспайтын кітаптар миниатюралық басылым болып саналады екен. «Мекемеде сирек кітаптар жинақталған бес зал бар. Онда құнды және сирек кездесетін кітаптар кез­деседі. Он тоғызыншы ға­сырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында жарық көрген кітаптар бар. Авторлардың қолтаңбалары сақталған. Одан кейінгілері факсимиль­ді қайта басылып шық­қан және ми­ниатю­ралық кітаптар» дейді маман.

Шағын көлемді кітаптар ХVІІ–ХVІІІ ғасырларда аса таны­мал болған екен. Олар ел арасында кәдесый ретінде жүріпті. Мазмұны мен құн­дылығы жағынан кә­дімгі кітаптан ешқандай айыр­машылығы жоқ. Тек ша­ғын таралыммен шығып отырған.

Павлодар кітапхана­сындағы миниатюрлік басылымдар қорында Жұбан Молдағалиевтің поэмала­ры, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер, өзге де танымал автор­лардың туындылары бар. Ең бастысы, шағын кі­таптар қатары толығып отырады. Ең жаңасы – ақын Виктор Семерьяновтың «Мәшһүр шыңы» поэмасы.

 

ПАВЛОДАР