
Мысалы, ІV ғасырда өмір сүрген византиялық тарихшы Прокопий Кесарийскийдің жазбаларында: «Ғұн жауынгерлері ат үстінде шауып келе жатып, садақ атудан алдына жан салмайтыны» туралы айтылса, Жошы ұлысының негізін қалаушы тұлғаның бірі Бату ханның мергені 1240 жылы поляктарды жаулау кезінде бір шақырымдай қашықта қорған үстінде тұрған қарауылды атып түсіргені хақында дерек бар.
Атақты қолбасшы – сардар, ақын Захраддин Бабырдың (1483–1530) 1982 жылы Ташкентте жарық көрген «Бабырнама» атты шығармасында: «Берік арқанның төменгі ұшына шығыршық байлап, келесі басын салдауыр ағашқа мықтап бекітеді де, арқанды барынша бұрайды. Қатты бұралған арқанды босатып жібергенде арқанға байлаулы шығыршық-шеңбер көз ілеспейтін жылдамдықпен шыр айналды. Осындай сәтте түркі-қыпшақ мергені көздеген оғын шығыршық-шеңберден өткізіп жіберетін еді» деп жазады.
Сол сияқты, ортағасырлық тарихшы Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты еңбегінде «Дала нояндары көктем шығып, гүл-бәйшешек гүл атқан тұста (Наурыз мейрамы) Қарақорым қаласына жиналып, бір ай бойы сауық құрады. Қала қорғанының батыс жағында орналасқан 12 метр биік ақ жамбыны ағашқа іліп қойып, бір ай бойы күн сайын сайыс өткізіп, жеңімпазды «Бармақ мерген» деп мадақтайды» деп жазса, осы жылдары Қарақорымда болған еуропалық саяхатшы Джованни Плано Карпини: «Дала сарбаздары садақ атудан басқа ешнәрсеге маңыз бермейді. Балаларына жасына қарай үлкен-кіші әртүрлі садақ жасап береді», депті.
Мысалы, 1871 жылы жазылған «Көк шежіре» атты кітапта, Шу мерген ат үстінде шауып келе жатып, 100 садақбойы қашықта орнатылған жалауды алғашқы оғымен атып түсіргені туралы дерек болса, осы кітаптың 4-ші дәптерінің 19-бөлімі 26-бетінде: «1194 жылы күллі ұлыстың мерген садақшылары қатысқан жамбы ату сайысында Зүрген тайпасының 16 жасар Зүлгетай, Сөнед тайпасының Көлеген батыры, Жүршіттердің Сүбгедей батыры, Маңғыт тайпасының Құйылдар мергені 500 садақбойы қашықтан үш-үштен оқ атып, барлығын дәл тигізді. Сайыс қорытындысы бойынша, 5 адамға «Сұқмерген», 600 адамға «Қолмерген», қалған 1400 адам жауынгерлік атақ һәм сыйлыққа ие болды» деп жазыпты.