
2025 жылдың 13 қаңтарында жарияланған Халықаралық Global Firepower Ranking рейтингінде еліміз 1,1016 ұпаймен 145 елдің ішінде 57-орынға тұрақтап, Орталық Азияда көш бастады. Ал 2024 жылы 58-орынға ие болсақ, алдыңғы жылы 63-орынға тұрақтадық.
Жалпы, Қазақ елінің экономикалық тұрғыдан әскери шығындары 1,3 трлн теңгені құрайды. Бұл техникаларды жаңартуға, қорғаныс өнеркәсібін дамытуға және оқу-жаттығуларды жүйелі түрде орындауға мүмкіндік береді.
Орталық Азияға келсек, Өзбекстан бізден бір саты төмен, 58-орынға жайғасты. Түрікменстан 77-ші, Қырғызстан 105-ші және Тәжікстан 108-орынды иеленді.
Үздік үштікке бұрынғыша АҚШ, Ресей және Қытай кіреді. Ал Орталық Африка Республикасы, Бенин және Бутан мемлекеттері көш соңында.
Айта кетейік, бұл рейтинг 60-тан аса жеке факторды пайдалана отырып, елдің күш-қуат көрсеткішін анықтайды. Бұл әскери бөлімдердің саны мен қаржылық жағдайынан бастап логистикалық мүмкіндіктер мен география аумағына дейінгі ерекшеліктерді қамтиды.
Нұрдәулет КӘРІБАЙ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенті
Түркістан