
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Аңшылар түз тағыларын аулауға рұқсат берілген жерлердің тарылып кеткеніне, қару сақтау ережелеріне жөнсіз талаптар қойылатынына алаңдайды. Қос аудандағы аңшылық аумақтар жабылып, жергілікті әуесқойлар мылтықтарының ұңғыларын қыздырмағалы үш жылдан астам уақыт өткен. «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы Павлодар облысы бойынша өкілдігінің директоры Бақтыбек Баймұратовтың айтуынша, іс жүзінде өңірдегі жерлердің тең жартысы аңшылар үшін жабық.
– Аймақта Баянауыл ұлттық паркі мен «Ертіс орманы» табиғи резерваты, «Ертіс» жайылмасының қаумалы, өзге де резерваттар орналасқан. Бұл аумақтар аңшылыққа жарамды жерлердің көбін алып отыр. Жүргізілген сараптама нәтижелеріне сүйенсек, аңшылардың 80 пайызы дала құстарын өз аудандары аумағында аулағанды жөн көреді. Кейбірі тіпті өз ауылдық округі аумағынан шықпайды. Ал қалталы, өзге облыстарға барып аңшылық құратын азаматтар үшін Павлодар өңіріндегі аңшылық іш пыстырарлық деңгейде. Өкінішке қарай, бұл саланы бақылайтын мемлекеттік органдар аңшының барлығын браконьер деп ойлайды. Кәнігі аңшы ешқашан браконьер болмайды, себебі браконьер болып байып кетудің қисыны жоқ. Ол ең әуелі табиғатты аялап үйренген, құмарын аң-құс аулаумен қандыратын адам. Аңшылық мерзімдерін сақтап, заңға бағынады, құсты белгіленген шамадан тыс атып алмайды. Аңшылық минимумы бойынша заңнаманы бүге-шігесіне дейін оқып, соның аясында ғана әрекет етеді. Мұны айтып отырғаным, үйінде аңшылық қару ұстайтын азаматтарға кейде құқық қорғау органдары өрескел жазалар қолданады. Қару сақтайтын сейфте қарудан өзге зат болмауы керек деген ойға сыймайтын талап бар. Жақында Ақтоғай ауданының полицейлері бір қарияның сейфінен немересіне деп тығып қойған тәттіні көріп, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған. Мұны естудің өзі күлкілі, – дейді ол.
Тәжірибелі аңшының сөзінше, соңғы жылдары өңірлік мемлекеттік мекемелер аңшылардың өз әрекеттерін іске асыруына мүмкіндік бермей отыр. Кейбір ауданда бұрын жұмыс істеп келген аңшылық шаруашылықтары жабылып қалған. Оны қайта іске қосуға аукцион жарияланбай отырғаны да таңғалдырады. Бұл жағдайға наразы 300 аңшы сотқа жүгініп, мәселені шешуді сұраған. Алайда одан шыққан нәтиже жоқ.
Аңшылық шаруашылықтарды аукцион арқылы тарату жүйесі бұрыннан қызмет етіп келе жатқан аңшылық субъектілерінің бас ауыртатын мәселесіне айналып тұр. Бұл жүйе жергілікті аңшылық шаруашылықтарды бара-бара тек табыс табумен айналысуға мәжбүрлейді. Ертіс бойының аңшылары аң аулауға рұқсат етілген жерлерді өзге тұлғалардың сырттан келіп жалға алуына қарсы. Алқаптарды иелену құқығы жергілікті адамдарға берілуі керек. Себебі өңірдің барлық ұңғыл-шұңғылын жергілікті кәсіпкерлер жақсы біледі. Келесі мәселе Ертіс өзені жайылмасынан аң аулауға тыйым салынуына қатысты. Бір Ертістің суын пайдаланып отырған іргедегі Абай облысында, Ресейдің Омбы облысында өзен қаумалын жапқан жоқ, әуесқой аңшылар өз мезгілінде аңшылық құрады. Ертістің Павлодар өңіріндегі бөлігінде қарт аңшылар өмір бойы аң аулап келген. Өкінішке қарай, соңғы өзгерістер бұған мүмкіндік бермей отыр.
Атап өту керек, қауымдастықтың өкілдігі аймақтағы жас аңшыларға арнайы курс жобасын әзірлеп жатыр. Ол аңшылықты жаңадан үйреніп жатқандарға аңшылықта өзін-өзі ұстау, заң қағидаларын сақтау, қару-жарақты пайдалану, аң-құсты қалай аулап, қалай жарату керектігін тәптіштеп түсіндіреді. Жоба алдағы уақытта қолға алынады деп күтіліп отыр.
Жоғарыда «Ертіс орманы» резерваты аумағында аңшылыққа тыйым салынғанын айтып өттік. Бір қызығы, сонау 2009 жылы облыс әкімдігі резерваттан 50 километр жерге дейін аң аулауға тыйым салу туралы қаулы қабылдаған. Алайда қаулы сол қабылданған күйінде табандай 12 жыл шаң басып сөреде жатқан. Тек 2021 жылы прокуратура сыбайлас жемқорлық деректері жиі байқалатын резерваттың, онымен байланысты мекемелердің құжаттарын тексеріп жүріп, облыс әкімдігінің әлгі қаулысына кезігеді. Құзырлы орган бірден қаулыны жүзеге асыруды талап еткен соң, облыстағы Аққулы, Шарбақты аудандарындағы аңшылық шаруашылықтарының қызметі тоқтатылады. Соның салдарынан аталған аумақтардағы жергілікті аңшылар үш жылдан астам уақыт бойы аң-құс атудан қалған. Аумақтарды жалға алып келген аңшылық субъектісі әлгі қаулы тыйым салған жерлерден өзге бөлігін аңшылық шаруашылыққа қайтарып беруді сұраған екен. Өкінішке қарай, Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мәселені әлі күнге шеше алмай отыр.
– Аңшылық шаруашылықпен сонау 2007 жылдан бері айналысып келемін. Алғаш Шарбақты ауданындағы 465 мың гектар жерді аңшылық алқап ретінде жалға алып жұмыс істей бастадық. Одан соң Аққулы ауданында 2015 жылы 512 мың гектар жер шығарылды. Оны да конкурс негізінде иеленіп, жұмыс жүргіздік. Аңшылық рұқсаты бар адамдар маусым ашылғанда дала құстарын, қоян, түлкі, дала шошқасын, тұяқты аңдарды аулап, құмарын тарқататын. Ал 2009 жылы облыс әкімдігі қабылдаған қаулы туралы бізге ешкім ескерткен жоқ. Сондықтан 2021 жылға дейін еш алаңсыз жұмыс істеп келдік. Прокуратура пәрменімен екі шаруашылықты да толықтай жауып тастады. Сол уақыттан бері Шарбақты, Аққулы аудандары аумағында аңшылық шаруашылықтары жоқ. Жер қойнауын басқару басқармасы жаңадан карта жасап, аңшылық алқаптарды қайта белгілеуді жүзеге асырамыз деген. Алайда оның нәтижесі әлі күнге жоқ. Келер жылға конкурс та ойнатылған жоқ. Жерлер қайтадан берілгеннің өзінде ол тек 2026 жылдан ғана өміршең етіледі. Себебі конкурс жыл бұрын жариялануы керек, –деп мұңын шақты «Аллюр Компани ЛТД» ЖШС-ның басшысы Виталий Черных.
Анықтағанымыздай, «Ертіс орманы» аумағында арнайы қаулымен тыйым салынған жерлер әлі күнге бақылаусыз жатыр. Аумақтарда тіпті аншлаг та орнатылмаған. Салдарынан браконьерлік деректері жиілегені байқалады.
Жалпы, аңшылық жерлердің тарылып кетуі мәселесі керекулік құсбегілерді де алаңдатады. Құсбегіліктен облыстың аға жаттықтырушысы Бекболат Ысқақов Ақсу қаласының маңындағы көп жерлерде саятшылық құруға тыйым салынғанын түсіне алмай отыр. Айтуынша, шаһарға жақын орман-тоғай мен алаңқайларда бүркітімен аң-құс қағуға рұқсат жоқ. Мәжбүрлі түрде алыстағы ауылдарға сапар шегеді. Екі орта біраз жер. Сондықтан Ертіс өзені бойындағы жайылмалардың аңшылар үшін ашық болуын сұрайды.
– Құсбегілер мылтық асынған аңшы емес, аңды жараламаймыз. Қыран құс түз тағысын алса алды, шала алмаса аң-құс еш зиян келместен құтылып кете береді. Оның үстіне бүркіттің аулайтыны қоян, түлкі, қарсақ секілді ұсақ аңдар ғой. Сондықтан құсбегілердің қаумалға кіріп, саятшылық құруына рұқсат берілуі керек деп есептейміз. Тағы бір мәселе, республикалық жарыстарға барғанда бүркітімізді тасымалдау қиын. Қыранды пойызға алмайды. Мыңдаған шақырымға құсты автокөлікпен жеткізу бір қиямет. Осыны республика деңгейінде шешу керек. Бұған қоса жергілікті жерде құсбегілікке жас ұрпақты баулуға маңыз берілмей отыр. Ақсудағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде арнайы штат жоқ. Ал еліміздің көптеген аудан-қалаларында жаттықтырушылар штатта еңбек етіп жатыр. Осы мәселелерді жауапты органдар ескерсе екен, – дейді құсбегі.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, Ертіс-Баян өңірінде 2005–2013 жылдар аралығында 38 аңшылық алқабы құрылған. Жалпы жер көлемі – 9 млн 393 мың гектар. Қазіргі уақытта олардың 7,4 млн гектарын 7 аңшылық шаруашылық жалға алып отыр. Атап айтқанда, Павлодар аңшылар мен балықшылар қоғамы қоғамдық бірлестігі, «Аллюр компании ЛТД» ЖШС, Скворцов Михаил Александрович ЖК, Мазукин Вадим Викторович ЖК, «Арлан» халықаралық көлік компаниясы» ЖШС, Б.Марсалыков ЖК, «АКТУКООП» ЖШС.
Негізі аңшылық шаруашылықтар өз жұмыстарында «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі заңды, Ауыл шаруашылығы министрінің 29.05.2015 жылғы №18-2/501 бұйрығымен бекітілген «Аңшылық шаруашылығын жүргізу қағидаларын», қызмет саласына сәйкес басқа да заңнама нормаларын басшылыққа алады.
– Павлодар облысының аумағындағы бос тұрған (бекітілмеген) аңшылық жерлерді алудың тәртібі Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 18-04/245 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Нақтырақ алғанда, аталған бұйрықтың 1-қосымшасында «Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру жөнiнде конкурс өткiзу қағидалары» көрсетілген. Бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес, аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру жөніндегі конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары бар. Бұл конкурсты ұйымдастырып, өткізуші – өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы, – дейді өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.
Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасындағылар 2025 жылдың соңына дейін барлық алқаптарды бекіту үдерісін аяқтау жоспарланып отырғанын хабарлады. Жоспар жүзеге асса, облыстағы жерлердің 70%-ында әуесқой аңшылыққа рұқсат беріледі. Бұл өз кезегінде аңшылық туризмді ынталандыруда маңызды қадам болмақшы.
– Аңшылық алқаптардың паспорттарын талдау барысында «Шарбақты», «Аққулы» шаруашылықтарының аумақтары кеңейтілген қорғаныс аймағымен ішінара қиылысатыны анықталды. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның 53, 48-баптарына сәйкес, қорғаныс аймақтарында, соның ішінде «Ертіс орманы» резерватының аумағында аң аулауға қатаң тыйым салынады. Басқарма аңшылық алқаптардың шекараларын қайта қарау жұмыстарын ұйымдастырды. Жаңартылған паспорттарға сәйкес, 2025 жылғы 10 қаңтардан бастап алқаптарды бекіту бойынша конкурс өткізіледі. 2025 жылдың көктеміне қарай олардың мәртебесін түпкілікті рәсімдеу аяқталады. Бұл кейіннен белгіленген шекараларда аңшылықты қайта бастауға мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы Сағын Төлеутаев.
Айта кетелік, Павлодар облысында биыл 173 тұяқты жануарды, 7577 терісі бағалы аңдарды, 33 586 құсты аулауға рұқсат берілген. Лимиттің 90 пайызы бүгінде игерілген.
Павлодар облысы