Аймақтар • 17 Қаңтар, 2025

Шаруаларды қолдау тетігіндегі өзгерістер

82 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шаруалар биылдан бастап көктемде дән егіп, күзде өнім жинап алу үшін бе­рілетін субсидиядан қа­ғылайын деп отыр. Бұдан былай диқандарға демеу­қаржының орнына жылдық сыйақысы 5% арзан несие берілмек. Жылдың қарбалас шағын­да қолдау көрсетіп, қол­ты­ғынан демейтін мем­ле­кетке арқа сүйеп үйрен­ген диқанның мұндай өзге­рістен соң «алдағы нау­қан қалай болар екен» деп алаңдайтындайы бар.

Шаруаларды қолдау тетігіндегі өзгерістер

Алаңдатқан мәселе өңірге жұ­мыс сапарымен келген Мәжі­ліс депутаты Айдарбек Қожа­назаровтың қатысуымен өткен жиында сөз болды. Кәсіп­кер­лер палатасында өткен бас­қо­суда Қазақстан фермерлер одағы облыстық филиалының төр­ағасы Марат Ахметов несиенің 5 пайыздық мөлшерлемесі диқан­дарға ауыр тиетінін айтты.

«Канада, Америка тәрізді да­мыған елдерде болып жүрміз. Ол жақта несие 1,5-2%-бен 15 жылға дейін беріледі. Осыған дейін жағдай онша болған жоқ, субсидияны алып тастаса тіпті қиындап кете ме деп күмәнданамын. Өйткені дәнді дақылдың бағасы құлдырап кетті, логистика жағы да қымбат. Майлы дақылды өткізу тіпті қиын. Қостанай өңірінің шаруалары көлемі 50 млрд теңгеден асатын субсидиясын ала алмай отыр. Үкіметтің берешегі қордаланып қалды. Бірақ берілетін түрі жоқ. Жылдан-жылға созбаққа салынып келеді», деді Марат Ахметов.

Жиында 2024 жылғы субси­дия бойынша өтелмеген берешек, қар­сы міндеттемелерді енгізу, сондай-ақ «Кең дала 2» бағдарламасы бо­йын­ша қос кепілдік беру тәрізді өзекті мәселелер де талқыланды.

Мәжіліс депутатының айтуын­ша, аталған мәселелер түрлі деңгей­де қарастырылып, қайта сүзгіден өткізіліп жатыр. Бұған дейін берілуі тиіс субсидиялар шаруалардың қолы­на алдағы наурыз айының соңына дейін тиетін болады.

«Бұл пайыздық мөлшер­лемені өтеу бойынша бері­летін субсидиялар ғана. Фер­мерлер 20-24% несие алып, кейін мемлекеттің пайыздық мөлшерлемені қайтарып беруін күтеді. Кейбір фермерлер мұндай қаржылық жүктемеге төтеп бере алмайды. Шын мәнінде, банктер осыдан ақша табады. Енді субси­дия­лаудың осы түрін алып тас­тау және ауыл шаруашылығы өнді­рушілерін несиелеуге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Ал қалған субсидиялар өзгеріссіз қала­ды. Субсидияның өз уақытында төлен­беуіне өткен жылы көктемде болған алапат су тасқыны себеп болып отыр. Бюджеттегі қаржының дені тасқынның зардаптарын жоюға жұмсалды. Мемлекеттің қаржысы да шектеулі болады ғой. Менің білуімше, облыс бойынша 52 млрд теңге көлемінде субсидия төленбей отыр. Бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрі­нің алдында көтергенмін. Мәсе­ле шешіледі. Алдағы 3-4 айдың көлемінде бұл қаржы төленеді», деді депутат.

Айтуынша, субсидияның орнына жеңілдетілген несие беріледі. Бұл ретте тек банктің жылдық сыйақысын өтеп беретін субсидиялар алынып тасталмақ.

«Оның орнына жеңілдетілген несие беріледі. Ал химияға, тыңайтқыштарға берілетін инвестсубсидия бұрынғыша өзгеріссіз қалады. Бұған дейін шаруалар 22%-бен жыл сайын несие алып келген еді. Оның 14%-ын Үкімет өтеп беретін. Бірақ ол үшін алдымен сол 22%-ды шаруа өз қалтасынан банкке төлеуі керек. Ал Үкімет субсидияны әрдайым кешіктіреді. Шаруалар жылда осының зардабын тартып, қаржысын анда тартса мұнда жеткізе алмай жатады. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін қазір бүкіл пайызды өтеу субсидиясы жойылды. Оның орнына 5%-бен жеңілдетілген несие беріледі», деді Айдарбек Қожаназаров.

Жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың бәрі бірыңғай тізімге ресімделіп, Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ның назарына ұсынылады. Өткен жылғы қараша айының соңында отандық фермерлерге берілуі тиіс субсидия берешегі 194,8 млрд теңгеге жеткен еді. Бұл қарыздар кезең-кезеңімен көктемге дейін өтелмек.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15