
– Қазақ тілін қайдан білесің? – деп сұрадым мен.
– Ағай, кілең қазақтың арасында күнелтіп жүрген жоқпын ба? – деп жымиды Сергей Мартынович.
Әрі қарай әңгіме сабақталып жүре берді. Өзі де кісі жатырқамайтын, емен-жарқын адам екен. Жеке кәсіпкер ретінде 2007 жылы тіркеліп, бал арасын баптай бастапты. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында оқуын оқып, 550 мың теңге төңірегінде мемлекеттік грантқа ие болған. Ол қаржыға ара бағып, бал өндіруге қажетті құрал-жабдық алған. Сергейдің бал туралы әңгімесі бал татиды. Ниет еткен адам алдымен бал арасы туралы тәжірибе жинақтап, білімін жетілдіріп, содан соң барып омарта сатып алуы керек екен. Тіпті бұрын ұсталғаны да жарай береді, бүйірі бүтін болса болды.
Тәжірибелі омарташылар ешкімге жалынбай өздері-ақ жасап алатын көрінеді. Ал араның түр-түрі бар. Мәселен, орта ресейлік аралар. Өзге тұқымдастарымен салыстырғанда ірілеу, сәл салмақты. Тұмсықтары қысқа болғанымен, қарымы күшті. Түсі қара сұр. Өзге тұқымдастарына қарағанда ашушаңдау. Жайқалған гүлден тірнектеп бал жинап жүрген кезінде бөгде біреу жақындап қалса, шабуыл жасаудан да тайынбайды. Бір айта кетерлігі, аналық аралардың өнімі де жоғары. Әрқайсысы шамамен екі мыңға дейін жұмыртқа салады екен.
«Ара тіршілігін бақылау өте қызық, – дейді Сергей Мартынович, – кәдімгі мемлекеттің құрылымы десең де болады. Еңбекқорлығы адам айтып жеткізгісіз. Бал іздегенде жүздеген шақырым жерді айнала ұшып, тыным таппайды. Ұяда бал жинамайтын, бір-ақ гүл іздейтін барлаушы топ болады. Олар шырыны бетіне шығып тұрған құнарлы алқапты тапқан соң, бал жинайтын жұмысшы араларға белгі береді. Мен осы бір сәтті зейін қойып, қызықтағанды жақсы көремін. Барлаушы аралар көкмайса шөп, сан алуан гүлдің үстіне титімдей қанаттарын тынымсыз қағып, би билейді. Тапқанына қуанған тәрізді. Гүлді алқапқа іле жұмысшы аралар жетеді. Бұл топ аралардың арасындағы ең көбі».
Омарташының айтуына қарағанда, қанша еңбекқор дегенімізбен, бал араларының арасында да жалқаулары болады. Әйтсе де жұмысшы аралар өзіміз жинаған балға, ырыздыққа ортақ болмасын деп шағып өлтіріп тастайды екен. Шамасы жатыпішер жалқаулықты аралар да жақтырмайтын болғаны-ау. Әрбір омартада жансебіл жұмысшы аралар тірнектеп жинаған балды күзететін күзетші аралар бар. Олар қаңғыбас, жалқау аралар оңай олжа етпес үшін әнтек жуан бастарын балауыздың тесіктеріне тығып алып, құдды мемлекеттік шекараны күзеткендей кірпік қақпай аңдып отырады. Алдындағы асын жәндік екеш жәндік те өзгеден қызғанса керек. Сергейдің бағатыны – карпат тұқымдас аралар. Кавказдық туыстарымен салыстырғанда ірілеу. Бұл аралар бейбітшіл, өзара тілтапқыш, момақан.
Сергей Мартыновичтің есептеуіне қарағанда, бал арасы шаруашылығын ұйымдастырудың көп шығыны жоқ. Тек осы төңіректегі таным-білімді толықтырып, жетілдіру қажет. Өнімі қашанда сұранысқа ие. Көктем шығысымен төңіректегі шаруа қожалықтарымен келісім жасалады.
«Қазір бос жатқан жер жоқ қой, – дейді омарташы, – кейін өкпе-наз тумас үшін басын ашып алған жөн. Негізінде, біздің өлкеде құнарлы жер көп. Сондықтан гүлді алқаптарды табу қиын емес».
Осындай тырбанып тіршілік етіп жатқан адамдарды көргенде көңілің гүлдеп қалатыны бар. Ауылда екі қолын алдына сыйғыза алмай отырған ағайынға ой салсын деп осы тақырыпқа қалам тарттық.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы