Қоғам • 18 Қаңтар, 2025

Арнаулы қызметке талап артады

222 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау коми­те­ті жүргізген талдаудың нәтижесінде еліміздегі арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсететін 1000-нан аса ұйымның тек 72,3 па­йызы қойылған талаптарға сәйкес келетіні анықталды. Сон­дық­­тан биылдан бастап осы саладағы ұйымдар үшін мін­дет­ті лицензиялау жүйесін енгізудің өзектілігі туындап отыр.

Арнаулы қызметке талап артады

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Арнаулы әлеуметтiк қызмет – өмiрлiк қиын жағдайда жүрген адам­ға (отбасына) туындаған әлеуметтiк проб­лемаларды еңсеруге қажет жағ­дай­ларды қамтамасыз ететiн, оларға басқа азаматтармен бiр­дей қоғам өмiрiне қатысу мүмкiн­дiк­терiн жасауға бағытталған шара­лар кешенi. Бүгінде елімізде мүгедектігі бар 730 мыңнан астам адам тұрады. Салалық кодекстің қабылдануымен әлеуметтік қорғау инспекторларының мемлекеттік институты енгізілді. Заңнаманың сақталуын бақылайтын инспекторлар өткен жылы мүгедектігі бар адамдарға ғимараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде 2,3 мыңнан астам тексеру, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жөнінде 167 тексеру жүргізген. Қорытындысында орындалуға міндетті 949 ұйғарым беріліп, 215 млн теңгеден астам сомаға 961 әкімшілік айыппұл салынды.

Соңғы жылдары елімізде мұн­дай қызметтерге қажетті­лік­тің өсуі мемлекет алдына тиісті сапа мен қолжетімділікті қам­та­масыз ету міндетін қояды. Лицензиялау туралы шешім ұсы­нылатын қызметтердің сапасын бақылауды күшейту, азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында қабылданды. Арнаулы әлеумет­тік қызмет көрсететін барлық меншік нысанындағы ұйымдарды лицензия­лау мәселесі жергілікті атқарушы органдармен, ҮЕҰ-мен бірлесіп алдын ала пысықтал­ған. Шара арнау­лы әлеуметтік қыз­меттер көрсету жүйесін жаң­ғыр­ту кезеңдерінің бірі бола отырып, ұйымдарға бірыңғай стандарттарды белгі­леу­ге бағытталған. Бұл стандарттар азаматтардың әлеуметтік мекемелерде тұру жағдайларына, қауіп­сіздікті сақтауға, медициналық көмек көрсетуге, сонымен қатар қыз­мет­керлердің біліктілігіне қатысты болады. Мысалы, қарт­тар мен мүгедектігі бар адамдар­ға арналған интернат-үйлерде күтімнің, тамақтанудың, меди­ци­на­лық қызмет көрсетудің ең төмен­гі стандарттары қамтамасыз етілуге тиіс. Лицензия алу үшiн санитарлық нормалар мен өрт қауiпсiздiгi ережелерiне сәйкес келетiн ғимараттың, оған халық­тың қозғалысы шектеулі тобы­ның қолжетімділігінің, қажетті мате­риалдық-техникалық базаның, мамандар штатының болуы шарт.

Ұйымдарды лицензиялау мүге­дектігі бар адамдар мен қызмет алушылардың өзге де санаттарын әлеуметтік оңалтудың тиімділігін арттырып, оларды әрі қарай қоғам өміріне ықпалдастыруды, саладағы олқылықтарды жоюды көздейді. Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті­нің төрағасы Төлеген Оспанқұлов­тың айтуынша, осы қызметтер­ді көрсететін ұйымдардың мен­шік нысанына қарамастан, қызмет ­сапасын тиісті деңгейге көтере­тін кез әлдеқашан жетті. Өткен жылы осындай орталық­тың бірінде болған қайғылы оқиғаны еске түсірсек жеткілікті. Онда жағдайдың талапқа сай болмауы­нан балалар уланды. Жүргі­зілген кешенді тексеру­дің қоры­тын­дысы ұйымда мүгедектігі бар бала­лардың құқықтары өрес­кел бұзылғанын көрсетті. Мәсе­лен, тұрмыстық қызметтер толық көлемде көрсетілмеген, тамақ­тан­дыру, төсектік орын, киім, аяқкиім беру­дің ең төменгі нормалары бұзы­л­­ған, скринингтік тексерулер өткізіл­­меген.

Жергілікті атқарушы орган­дар мемлекеттік арнаулы қызмет көрсету орталықтарының белгі­лен­ген талаптарға сай болуын қада­ғалауды қолға алды. ҮЕҰ ұсы­­натын үкіметтік емес сектор ұйым­дарының ішінен өрт қауіп­­сіздігі актілері жоқ 86 нысан анықталды, 70-нің СЭС қоры­тын­дылары болмаған, 87 ұйым­ның ғимараттарында мү­ге­дек­ті­гі бар адамдарға қолже­т­ім­ді­­­­лік қарас­тырылмаған. Т.Оспан­құ­­лов әкімдіктермен, ҮЕҰ-мен лицен­зиялауға дайындық мәсе­лелерін пысықтауды жалғас­ты­рып, лицензия беруден бұрын бақылаудан өткізу кезінде қажетті кеңес бері­летінін атап өтті.

Арнаулы әлеуметтік қызметтің деңгейі ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігімен қатар, қыз­меткерлердің кәсіби білік­тілігіне де байланысты. Егде адамдарға немесе мүгедектерге күтім жасайтын қызметкер тренингтер мен біліктілікті арттыру курстарынан тұрақты өтуге тиіс. Қазіргі күні еліміздің халықты әлеуметтік қорғау саласында 12,7 мың әлеуметтік қызметкер жұмыс істесе, олардың 12 пайызының ғана бейінді білімі бар. Ал 88 пайызы медицина, педагогика, экономика, тағы басқа саладан келген. Сондықтан әлеумет­тiк мекемелер мен жекеменшiк ұйымдардың қызметкерлерiне арналған ақпараттық науқандар, оқыту бағдарламаларын ұйым­дастыру қажет. Маңызды өзге­ріс – биылдан бастап кәсіби құзы­ре­тіне қатысты барлық дерек көрсетілетін Әлеуметтік қыз­мет­керлер тізілімі енгізіледі. Кадр сапасын көтеру үшін тиісті талаптарды белгілейтін кәсіби стандарт әзірленген. 8,3 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер бейінді оқытудан өтіп, сертификат алды. Сондай-ақ енді қызметкерлер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі меморандумға қол қойған мамандандырылған кафедралары бар 14 ЖОО базасында қайта даярлау мен біліктілігін арттырудан өте алады.

Қазір жергілікті атқарушы органдар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің мемлекеттік орталықтарын белгіленген нор­ма­ларға сәйкестендіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Әрине, саладағы үдеріс әлеуметтік қыз­меттер нарығына әсер етпей қой­майды. Көптеген шағын және орта ұйым үшін бұл қосымша қаржылық шығындарға әкелсе де, алдағы уақытта неғұрлым бәсе­кеге қабілетті, ашық нарықты қалыптастыру, қызметті жоғары стан­дарттармен ұсыну одан маңыз­дырақ болса керек. Бұл тұрғыда әлеуметтiк қызмет көрсетумен айналысатын шағын және орта ұйымдарға кедергi келтірмеу үшiн лицензиялаудың жеңілдетілген жүйесiн енгiзу қарастырылған. Яғни мекемелердің қажетті талаптарды сақтай отырып, шамадан тыс әкімшілік қысымсыз жұмыс істеуіне мән беріледі. Бақылаудың нақты тетiктерi жеке және қоғамдық ұйымдардың әлеуметтiк қызмет көрсетудi ұсынуға неғұрлым белсендi қаты­суын ынталандырып, әлеу­меттік саланы дамытуға мүдделі инвес­торларға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бастысы, шара адал қызмет көрсетушiлер үшiн қосымша бюрократиялық кедергiлердiң көзiне айналмағаны ләзім.

Ұйымдарды лицензиялау бірін­ші кезекте көрсетілетін АӘҚ сапасын қамтамасыз етуге мүм­кін­дік береді, екіншіден, мүге­дектігі бар адамдарды, көрсетілетін қыз­мет­ті алушылардың өзге де санаттарын қоғам талабына бейімдеп, әлеуметтік оңалтудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше