
Қамшыбектің ел спортына сіңірген еңбегі ерен. Бойы қарсыластарынан әлдеқайда қысқа болғанымен, аса ауыр салмақта айқасқан Сыр бойының саңлағы көптеген байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғады. Тарқатып айтсақ, Азия чемпионатында төрт рет күміс медальді мойнында жарқыратты. Бұл табыстарға Ташкентте (2017), Бангкокта (2019), Дубайда (2021), Амманда (2022) қол жеткізді. 2022 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында да дәл сол межеден көрінді. 2017 жылы Гамбургте, 2019 жылы Екатеринбургте ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында да күміспен күптелді.
Қазақ алыбының спорттық мансабындағы ең ірі табысы – 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарының қола медалі. Күншығыс елінде Қоңқабаев үш жекпе-жек өткізді. Алғашқы айналымдарда Африка ойындарының жеңімпазы, Африка чемпионы, мысырлық Юсри Хафез бен ресейлік Иван Верясовтан басым түсті. Жартылай финалда оның жолын америкалық Ричард Торрес бөгеді. Бәсеке барысында ауыр соққы алып қалған қандасымыз жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Сыр бойы саңлағының дүбірлі додаларда бас жүлде алуына көбіне-көп кедергі келтірген Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы Баходир Жалолов екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Десек те оның Өзбекстанның алыбын ұтқан кездері де жоқ емес. Әлемнің ең мықты қос боксшысы өзара 10 мәрте жұдырықтасқан екен. Соның үшеуінде Қамшыбек басым түссе, жетеуінде Баходир жеңіске жетті. Сонымен қатар қандасымыз кәсіпқой рингте де күш сынасты. Барлығы бес кездесу өткізген ол барлығында жеңіс тойын тойлады. Төрт қарсыласын нокаутқа жіберді. Сөйтіп, Қоңқабаев бірінші ауыр салмақтағы WBO Asia мен WBA Gold нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерді иеленді.
Биылғы Париж Олимпиадасында жанкүйерлер Қамшыбектен жүлде күткен еді. Финалда оның жолы қайта Жалоловпен қиысатын шығар деп топшыладық. Алайда Францияның бас шаһарында қазақ боксшысының асығы алшысынан түспеді. Ол тұсаукесер кездесуінде ойда-жоқта испаниялық Айюб Гадфаға есе жіберді. Содан кейін Қамшыбек біраз уақыт көпшілік назарынан тыс қалды. Міне, енді 33 жастағы атақты былғары қолғап шеберінің үлкен спортпен қош айтысқаны мәлім болды.