Жәдігер • 22 Қаңтар, 2025

Спиртпен қызатын үтік

76 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде ХІХ ғасырда Гер­мания же­рінде шығарылған көне үтік сақталып тұр.

Спиртпен қызатын үтік

Суретті түсірген – автор

Құрылғыға түтік арқылы спирт құйы­лып, тұтатылған. Соның әсерінен үтік табаны тез қызады.

Киім тегістеуге арналған үтіктің ежелгі түрлері әлі күнге көрген жандарды тамсандырмай қоймайды. Десе де, алғашқы үтікті әуелде кім жасағаны туралы дерек жоқ. Үтіктің ең алғашқы түрі кәдімгі тас екен. Бір беті тегістелген жалпақ тастың астына ылғалды киімді төсеп, толықтай кепкенше үстінен басқа ауыр тастармен бастырып қоятын болған. Нәтижесінде, киімнің қыртысы жазылып, тегістелетін. Ал біздің заманымызға дейінгі ІV–V ғасырларда ежелгі гректер ыстық металл шыбықтарды пайдаланса, римдіктер қызған тасты пайдаланған. Ал Ресей жерінде ертеде киімді кәдімгі оқтауға орап, ерсілі-қарсылы домалатып, қыртысын жазатын болған екен. Сол сияқты ыстық су құйылған түбі тегіс темір табақпен киім үстінен басу әдісі де қолданылған.

Үтік өндірісінде алғаш шоқ салатын құралдар пайда болған. Шоқ үтіктер көптеген елдерге тарап, анасынан қызына мұра етіп қалдырылатын қымбат бұйымға айналды. Әйтсе де оның салмағы аса ауыр әрі үнемі шоқ салып тұру қажет болғандықтан ыңғайсыздау еді. Сондықтан Германиядағы үтік шығарушылар ХVІІІ ғасырдан бастап спиртті үтік шығарған. Мұндай құралға спирт құйылған шыны сауыт жалғанып, ол түтікше арқылы үтіктің ішіне өтетін де, қосқанда жанып, қыздыратын қажетті жылуды беретін еді. Спиртті үтіктер өз заманында кәдімгідей жаңалық болды. Себебі ол тез қызатын әрі салмағы да аса ауыр емес. Алайда бағасы әрі жанатын шикізаты қымбат болуына байланысты кең тарала қоймаған.

Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған «Vionna» маркалы үтік жақсы жағдайда сақталған. Мұндай бұйымдарды Ресей жері мен Қазақстан аумағында ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың басында ауқатты адамдар пайдаланыпты.

 

ПАВЛОДАР