Экономика • 22 Қаңтар, 2025

Миллиондаған қаржыны қалай қайтарамыз?

107 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау мен қадағалауды енгізу жоспарланып жатыр. Бұл туралы былтыр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеген еді.

Миллиондаған қаржыны қалай қайтарамыз?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

2024 жылдың соңында «Ашық құқықтық нормалар» порталында реттеушілік әсердің талдауы жарияланды. Онда ел аума­ғында жеңіл өнеркәсіп тауар­­ла­рының көлеңкелі айналы­мы­ның көлемі 59%-ды, құндық мәнде 925 502 млн теңгені құрап отырғаны көр­се­тілген. Еліміз­ге алыс-жақын шетел­дер­ден контрафактілік және контра­­бан­далық жеңіл өнеркәсіп тауар­лары айтарлықтай көлемде еніп жатыр. Мұндай өнімдердің салығы мен төлемдерін төлемеу отандық өнеркәсіптің дамуына айтар­лықтай кедергілер тудыратыны жазылған.

Жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды енгізу­дің мақсаты – отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабі­лет­тілігін дамыту мен арттыру. Сондай-ақ тауарлардың ел ішін­дегі құн үлесін ұлғайту мен құқықтық айналымды қам­та­ма­сыз ету. Оған қоса, тұтыну­шы құқығын қорғау мен салық және кедендік төлемдерді жинау­ды арттыра отырып, адал бәсе­ке­лес­тікті алға оздыру да – бірегей мін­дет. Құжатта таңбалау енгі­зіл­­ген соң 5 жылдан кейін жеңіл өнеркәсіп тауарлары на­ры­­ғын ағартудың болжамдық көр­­­сет­кіштері келтірілген:

  • 2025 жылға дейін – жеңіл өнеркәсіп тауарларының заң­сыз айналымын 5%-ға қыс­қарту, 46 275,1 млн теңге;
  • 2026 жылға – 6%-ға қысқарту, 52 753,6 млн теңге;
  • 2027 жылға – 7%-ға қысқарту, 57853,1 млн теңге;
  • 2028 жылға – 8%-ға қысқарту, 61 489,6 млн теңге;
  • 2029 жылға – 9%-ға қысқарту, 63 641,7 млн теңге.

Мамандардың бағалауынша, 5 жылда заңсыз тауар айналымы 282 013,1 миллион теңгеге немесе 35%-ға азаяды. Ал ведомство таңба­лау енгізілгеннен кейін 5 жылда отандық өнімнің үлесі 15,5%-ға дейін артады деп болжап отыр.

2026 жылғы 1 қаңтардан бас­тап бөлшек саудада өткiзу ке­зiн­де таңбаланған тауарларды айналымнан мiндеттi түрде алып тастай отырып, ел аумағына әке­лi­нетiн немесе өндiрiлетiн жеңiл өнеркәсiп тауарларын мiндеттi таңбалау ен­гізілмек. 2027 жылғы 1 мау­­сымнан бастап сәйкестендіру құралдарымен таң­ба­ланбаған жеңіл өнеркәсіп тауар­­ларының айна­лысына және айна­лыс­тан алынуы­на тыйым салы­на­ды.

«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің I санатты сарапшысы Бақытжан Момбековтің айтуынша, жеңіл өнеркәсіп тауарын өндірушілер өнімінің таңбаланғанына қарсы емес, керісінше қолдап отыр.

«Десек те, өнімдерді импорттаушылар қарсы пікір білдіретін тағы бір позиция бар. Онда қымбат технологиялық жабдықты енгізуге байланысты өнім бағасын көтеретінін түсіндіреді. Күрделі таңбалау үдерісі, сондай-ақ өнімге қолданылатын әрбір код пен қосымша жұмысшылар мен қызмет үшін операторға қо­сымша ақы төлеуі қажет», деді сарапшы.

Жүйеге тауарларды енгізу мен алып тастаудың реттелмеген және реттелмейтін үде­рісі, шалғай аймақтарда ин­тернеттің нашарлығы, тех­никалық қолдау мәселесі сияқ­ты мәселелер әлі де пысық­тау­ды қажет етеді.

«Елдегі екі ұйым – QazTextileIndustry» жеңіл өнер­кә­сіп кәсіпорындарының ұлт­тық қауымдастығы» ұйымы мен «ҚР жеңіл өнер­кәсіп кә­сіп­орындарының қауым­дас­тығы» жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын 200-ден астам кәсіп­орын­ды біріктіреді. Аталған бір­лес­тіктер жеңіл өнеркәсіп өнім­дерін, сондай-ақ аяқ киімді таң­балауды толық қолдайды», дейді Бақытжан Ертемірұлы.