
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Жақып Ғалиұлы, жылыту маусымы қалай өтіп жатыр?
– Жылу электр орталықтарын (ЖЭО) жөндеу мен жаңғыртуға 327 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 44%-ға артық. Қайта құру жұмыстары аясында ЖЭО-лардың орташа тозуы 65%-дан 61%-ға дейін төмендеуге тиіс. Риддер ЖЭО-да тозу – 58%-дан 54%-ға, Кентау ЖЭО-да – 85%-дан 65%-ға, Екібастұз ЖЭО-да 42%-дан 35%-ға төмендемек. Сонымен бірге, 20,7 мың шақырым электр желісі, 422 қосалқы станса мен 4 054 тарату пункті, трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделді. Жылу желілерінің 542 шақырымына жөндеу жүргізілді.
Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,4 млн тонна көмір жинақталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға, өткен кезеңмен салыстырғанда 111 мың тонна мазутқа артық. Барлық энергия көзінде отынмен қамтамасыз ету стандартқа сай. Өкініштісі, өңірлердегі жылу көздерінде, электр мен жылу желілерінде нормативтік мерзімде жойылған технологиялық бұзушылықтардың жекелеген жағдайы бар.
– Атқарылып жатқан іс-шаралардың жетістігі мен кемшілігін атап көрсетуге бола ма?
– Жылыту маусымына дайындық жұмыстарының дер кезінде басталуын жетістік деп айтуға болатын шығар. Бұл солтүстік пен орталық аймақтар сияқты климаты қатал аудандарда қиын жағдайларды болдырмауға мүмкіндік берді. Ресми деректерге сүйенсек, энергия көздері көмір мен мазуттың қажетті көлемін қамтамасыз етіп, жылу беру маусымын үзіліссіз бастауға жағдай жасады. Бірқатар облыста (мысалы, Қарағанды мен Алматыда) жылу желілері қайта жаңғыртылды. Бұл игі іс инфрақұрылымның тозуы мен жылу шығынын азайтты. Кемшіліктерге келсек, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, жылу желілерінің тозуы жоғары деңгейде қалып отыр. Орташа есеппен 60%-ға дейін. Бұл апаттар мен жылу берудегі үзілістерге әкеліп соғады. Мән беріп қарайтын тағы бір тұс – жаңғырту жұмыстарына қаржы бөлінгенімен, жұмыс көлемі көбіне шағын қалалар мен ауылдарда қолда бар қаржыландырудан асып кетеді. Осыны ескеріп, әрбір аймаққа бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғанын мұқият тексерген жөн сияқты. Ескі желілердегі энергия шығынының жоғары деңгейі жылумен жабдықтау тиімділігіне әсер етуді әлі де жалғастырып жатыр. Бұл болашақта тарифтерге әсер етуі мүмкін шығындарды арттырады.
– Елдегі бірнеше қалада Ресей компаниялары жылу электр стансасын салғалы жатыр. Олар уақыт талабына лайықты технологияны пайдаланып отыр ма? Жалпы, жылу электр стансаларын жаңартып, жаңғырту жұмысын қалай бағалайсыз?
– Үш ЖЭО да көмірмен жұмыс істеуі керек. Егер бұл жылу электр стансалары аса күрделі циклдер мен тиімді шығарындыларды тазарту жүйелері арқылы заманауи стандарттарға сай салынса, бұл қысқа мерзімде қолайлы шешім болуы мүмкін. Бірақ экологиялық және экономикалық тәуекелдерді есепке алмағанда, бұл шешім еліміздің халықаралық міндеттемелері және декарбонизацияға деген жаһандық үрдіс контексінде ұзақмерзімді проблемаларға әкеледі.
Негізгі аспектілерді қарастырайық. Біріншісі – технологиялық деңгей. Қазіргі заманғы көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары тиімділікті арттыру және қоршаған ортаға келтірілген зиянды азайту үшін келесі технологияларды пайдалана алады: Аса күрделі және аса жоғары күрделі бу циклдері. Ол технологиялар 45%-дан жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Бұл өндірілген энергия бірлігіне шаққандағы CO₂ шығарындыларын айтарлықтай төмендетеді. Одан кейінгісі – көміртекті ұстау және сақтау жүйелері (CCS): олар парниктік газдар шығарындыларын әжептәуір кемітуі мүмкін. Келесі – электросүзгілік тұндырғыштар және газ тазалау жүйелері: Қатты бөлшектерді 99%-ға дейін ұстап, күкірт пен азот шығарындыларын төмендетеді. Егер жобаларда тиімділігі 40%-дан төмен дәстүрлі технологиялар қолданылса, бұл заманауи стандарттармен салыстырғанда кері қадам болып саналады.
Екіншісі – экологиялық аспект. Көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары CO₂, SO₂ және қатты бөлшектер шығарындылары бойынша ең лас энергия көздерінің бірі. Біз Париж келісімі бойынша көміртегі ізін азайту міндеттемесін алғандықтан бұл көрсеткіштерді төмендету өте маңызды. Жоба шығарындыларды бақылаудың жетілдірілген жүйелерін қамтып, ЕО немесе кем дегенде ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес болуы керек (CO₂, SO₂ 150 г/кВт/сағ және қатты бөлшектер үшін 10 грамнан артық емес).
Үшіншісі – экономикалық тәуекелдер. Жобада осы ЖЭО қазандықтарын газға көшірудің келешегін қарастыру қажет. Десек те, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансаларын салу – үлкен көлемдегі құрал-жабдықтар мен материалдарды қажет ететін ірі жоба. Сондықтан осы жобаларда отандық кәсіпорындардан құрал-жабдықтар сатып алу (қазандық, құбыр, сорғы, тазалау жүйесі, автоматика және басқа тетіктерді жеткізу) керек. Сөйтіп, мүмкіндігінше отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету маңызды. Төртіншіден, ресейлік компаниялармен ынтымақтастық міндетті түрде технологиялар трансфертін қамтуы керек. Яғни құрал-жабдық өндірісін локализациялау мен жергілікті мамандарды даярлау мүмкіндігін қарастыру ләзім. Осы ұсыныстар мен келісімдер қолдау тапса, салада ілгерілеушілік болады.
Әңгімелескен –
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»