
Суреттерді түсірген – автор
Жуықта музейде көрме өтіп, Ертіс-Баян өңіріндегі ежелгі тұрақтардан табылған 20-дан астам жәдігер ұсынылды. Ғалымдар ең алғашқы қыш құмыралар неолит кезеңінде жасала бастаған деп пайымдайды. Археологтер облыс аумағынан аталған кезеңге жататын ежелгі қыш ыдыстарды көп тапқан.
– 1951 жылы қазіргі Железин ауданында жүргізілген қазба жұмыстарында ғалымдар олжаға кенеледі. Біздің заманымызға дейінгі III-IV ғасырларда жасалған қыш ыдыстар еліміз бойынша ең алғаш Павлодар жерінен табылғанын да айтып өту керек. Соған қарағанда Арқа даласында, соның ішінде Ертіс өзенінің бойында байырғы заманда көшпелілердің бай өркениеті болған. Ежелгі тұрақтардағы мәдениетті зерттеп, жерастында жатқан құпияларды ашуда біздің музейімізбен үнемі бірлесіп жұмыс істейтін археолог ғалымдар Виктор Мерц, Тимур Смағұлов, Георгий Пересветовтің еңбектері өлшеусіз, – деп атап өтті Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Әлия Жомартова.
Зерттеушілер алғашқы қыш ыдыстарды адамдар әуелі саздан жапырақ-жапырақ етіп құрастырған деп болжайды. Кейін оны отқа күйдіріп, нығайтқан. Ал заман өте қыштан бұйым жасайтын шеберлер қалыптасып, ол үлкен өнерге айналған. Мысалы, Қызылтаң ауылы маңынан табылған неолит дәуіріне тиесілі қыш ыдыстың өне бойы зерленген. Көшпелі халық мұндай қыш ыдыстарды күнделікті тұрмыста ғана емес, сәндік мақсатта, әсіресе жерлеу рәсімі үшін де пайдаланған. Тіпті әйелдер мен ер адамдарға арналған ыдыстар бөлек сәнделіп жасалған көрінеді.
Қыш ыдыстар қатарынан Андронов мәдениеті мен қола, ерте темір, сақ-үйсін кезеңіндегі құмыраларды көрдік. Арасында жерге көміліп, ішіне дән сақталатын үлкен құмыралар да кездеседі. Орта ғасырларға таман ыдыс жасау үшін қыштың орнына металдар, атап айтқанда, темір, жез, күміс, шойын қолданыла бастағаны мәлім. Мысалы, Шығыс Азия елдеріне тән жез құмандар сәнге айналған. Қыш құмыра жасау өнері Еуропа елдерінде, соның ішінде Қап тауы мен славян халықтарында ежелден қалыптасқан. Қазақ жеріне өзге ұлттардың жаппай қоныстануы басталғанда жатжұрттардың ыдыс жасау мәдениеті де бізге келе бастады. Көрмеден украин мен белорус ұлттарына тән макитра, крынка, Қап тауы өкілдерінің къудал құмыраларын да кездестірдік.
Әлия Жомартова атап өткендей, қыштан ыдыс жасау ХХ ғасырда да жақсы дамыған. Әсіресе белгілі тұлғалардың мерейтойына, атаулы даталарға байланысты сәндік кәдесыйлар жиі шығарылып тұрыпты. Ал қазіргі қоғам оны сәндік-қолданбалы өнер ретінде қабылдайды.
Павлодар облысы