
1998 жылы Мәскеуде Дүниежүзілік жасөспірімдер ойындарының тұсауы кесілді. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарыста еліміздің спортшылары күміс пен қоланы ғана еншілеумен шектелді. Балуандар да, боксшылар да, басқа да спорт түрлерінің өкілдерінің бірде-біреуіне бас жүлде бұйырмады. Сол олқылықтың орнын Ерлан Слямбаев толтырды. 55 кило салмақ дәрежесінде белдескен ол бастапқы бәсекелерде Беларусь, Нидерланд, Түрікменстан балуандарының аяғын көктен келтірсе, жартылай финалда Әзербайжан өкілін жеңді. Финалдық айқаста бельгиялық Юнг Гаскардың осал тұсын оңай тауып, жарыс жеңімпазы атанды. Осы жарқын жеңісінен кейін Е.Слямбаевтың атағы тіптен шарықтады.
Күрес әліппесін туған жері – Абай облысы, Үржар ауданының бұрынғы Жарбұлақ, қазіргі Қабанбай ауылында үйренген Ерлан 8-сыныптан кейін Алматыдағы Қажымұқан атындағы мектеп-интернатта шеберлігін шыңдады. Алакөлдің жағалауында жергілікті жаттықтырушы Серікхан Шәріповтен тәлім-тәрбие алған бозбала Алатау баурайында көптеген дарынды дзюдошылардың томағасын сыпырып, үлкен аренаға жол ашқан еліміздің ең білікті бапкерлерінің бірі Манарбек Таутановтың қол астында жаттықты.
Алматыға келгенде де Ерлан «көптің бірі емес» екендігін әу бастан-ақ аңғартады. Жаттығу залында шелектеп тер төгіп, әр жарыста жанын салып айқасты. Бойы тапал, денесі шығыршықтай бозбала дзюдо күресіндегі күрделі әдістерді көз ілеспес жылдамдықпен орындап, көпшілік назарын бірден өзіне аударады.
Көп ұзамай Е.Слямбаевтың жеңісті жолы басталды. 1996 жылы жасөспірімдер біріншілігі мен Өзбекстанның Шыршық қаласында өткен халықаралық турнирде үшінші сатыға жайғасты. Келесі жылы Германия мен Түркияға сапар шегіп, Бременде бас жүлдені олжаласа, Анкарада қола медальды мойнына ілді. 1997–1998 жылдары қатарынан екі рет ел чемпионатында алдына жан салмады.
Ғасырлар тоғысында Ерлан 66 кило салмақ дәрежесіне ауысты. Жаңа салмаққа бейімделу оңай болмағанымен, елішілік жарыстарда үнемі жеңімпаздар, жүлдегерлер санатында жүрді. 2002 жылы Пусанда алауы тұтанған Азия ойындарына қатысып, бесінші орынға табан тіреді. 2003 жылы Чеджуде (Оңтүстік Корея) ұйымдастырылған құрлық чемпионатын қола медальмен қорытындылады. Содан Афина Олимпиадасында атой салуды армандады.
2004 жылы Алматыда Азия чемпионаты өтті. Осы жарыста Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынды. Ұлттық құрама бапкерлері «Құрлықтың басты додасында 66 кило салмақ дәрежесінде кім күресуге лайық?» деген сауалға біраз бас қатырды. Содан үш үміткерді іріктеп алып, өзара белдестіруді жөн көрді. Бұл тартыста Ерлан дарынды жас Арсен Хатипті ұтқанымен, тәжірибелі Мұратбек Қыпшақбаевқа есе жіберді. Осы сәтсіздіктің салдарынан Азия чемпионатына қатысып, Олимпиада жолдамасына таласу мүмкіндігінен айырылды. Бұл жағдай оған ауыр тиді. Әлбетте, әр спортшының басты арманы – Олимпия ойындарында өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілу. Алайда жастайынан дара талантымен оқшауланған намысқой жігіт діттеген мақсатына жете алмады. Содан соң үлкен спорттан қол үзді. Ол кезде Ерлан небары 23 жаста еді...
– Арада талай жыл өтсе де, өкініштің орны толмайды екен. Ғаламдық додаға қатыса алмағаным есіме түссе, күні бүгінге дейін көңілім нілдей бұзылады. Өткенге зер салсам, ешкімнен аз еңбектенбегенім анық. Жаттығу залында аянған емеспін. Жауапты жарыстарда өзіме жүктелген міндетті әркез абыроймен атқаруға тырыстым. Қандай да биік белестерді бағындыруға бойымдағы күш-қуатым мен қарым-қабілетімнің жететініне күмәнданған кезім жоқ. Бірақ атам қазақ «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген аталы сөзді бекер айтпаған екен. Бәлкім, маған сол бармақтай бақ жетіспеген болар... Бүгінде байқасам, жеңіп алған жүлделерімді тізбелесе бір беттен еркін асады екен. Соған қарап, көңілім кәдімгідей көтеріледі. «Олимпиадаға бармасақ та, біз де бір кісідей күресіппіз ғой» деп өз-өзімді жұбатып отырамын, – деп Ерлан езу тартты.
Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Ерлан түрлі кәсіптің тұтқасын ұстады. Коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеді, бизнеспен айналысты, «Қазпоштаның» филиалын басқарды, Алматыдағы «Арлан» базарының директоры, Халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары болды. Қай жерде жүрсе де сүйікті спортынан алыстаған жоқ. Ара-тұра жарыстар өтіп жатқан жерлерге ат басын бұрып, бәсекелерді қызыға тамашалауды, жалындап өсіп келе жатқан жастарға қамқорлық көрсетуді дағдыға айналдырған. Осы жағдайдың барлығы дзюдо федерация басшылығы тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Олар іскер әрі жомарт жігіттің еңбегін дұрыс бағалады. Жуырда Ерлан Қапсеметұлы Алматы қалалық дзюдо федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды.
Шыны керек, күрестің бұл түрі Алатау баурайындағы әсем шаһарда тұралап тұр. Ұлттық құрама сапында Алматының екі балуаны ғана бар. Олар – Ғалия Тыңбаева, Шерзат Давлатов. Әрине, 2,2 миллионан аса халқы бар мегаполиске бұл тым аз. Міне, сол олқылықтың орнын толтыру Ерлан Слямбаев секілді күрестің «отымен кіріп, күлімен шыққан» іскер азаматтарға жүктеліп отыр.
Айта кеткен жөн, Алакөлдің дәл жағалауында орналасқан Қабанбай ауылынан Ерлан Слямбаевтан бөлек, тағы бірнеше танымал балуан шықты. Сол саңлақтар арасынан Сағдат Садықов пен Еркебұлан Қосаевтың шоқтығы биік. Олардың екеуі де Олимпия ойындарында күш сынасты. Сағдат 2000 жылы Сидней, 2004 жылы Афинада айқасса, Еркебұлан 2012 жылы Лондонда ел намысын қорғады. Өкінішке қарай, бабы келіскенімен, бағы кем болған Ерланға ондай бақыт бұйырмады.