Шаруашылық • 24 Қаңтар, 2025

Ақбастан асатыны жоқ

220 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Төрт түлік мал баққан малсақ қауымның бағымындағы бірер қараның сапасын жақсарту өзекті мәселеге айналғалы қашан. Әнебір жылдары бұл тарапта оңды өзгеріске ұмтылыс болғанымен, соңы сұйылып кеткен сыңайлы. Облыс орталығынан батысқа беттесеңіз, шамамен жиырма шақырым жерде, күре жолдың бойында орналасқан бордақылау алаңы көзге шалынар еді. Қазақы ұғымның ұңғысына сыйғызып айтар болсақ, аумағы атшаптырым жерді алып жатқан алаңда кіл күйлі қара мал бағылатын. Бұл жолы әдейілеп атбасын бұрдық.

Ақбастан асатыны жоқ

Шынтуайтында, бордақылау алаңы 38 гектар жерді алып жатыр. Дәл қазір екі мыңнан астам қара мал бордақыланып жатыр. Өздерінде сиыр болмаған­дықтан, бордақыланатын мал­ды Қостанай, Солтүстік Қазақ­стан, Ақмола облыс­тарының ұйымдасқан шаруашы­лықта­рынан да, жеке­меншіктен де алады. Сондықтан тұқымы әрқилы. Герефорд, әу­лиекөл, ангус, ақбас, сондай-ақ жергілікті жердің тұқымы азып кеткен малына дейін бар.

– Мұнда 2019 жылдан бері жұмыс істеймін, – дейді «Биборд» ЖШС бордақылау алаңының меңгерушісі Әсет Сандуров, – төрт-бес жылғы тәжірибеде асылтұқымды малдың арасында өзгеден оқ бойы тәуірі қазақ­тың ақбас сиыры. Біріншіден, өз табиғатымызға бейімделген. Бордақылау алаңында семіртіл­ген малдар қысы-жазы ашық аспан астында тұрады. Сақыл­даған сары аязға қыңбайды. Өйт­кені ақбас тұқымдас мал қоңыр күз жеткенде қысқа дайын­дала бастайды. Жүні өседі. Әрине, қысқы мерзімде мал азығын 20-30 пайызға көбейтеміз. Азығы мол болған соң қоңдана береді. Күніне бір жарым кило мөлшерінде салмақ қосады. Бұл тәп-тәуір көрсеткіш.

Әсет Базарбайұлының айтуы­на қарағанда, мал шаруашы­лығындағы еңбегің өтелуі үшін асылтұқымды малға иек арт­қан жөн. Бордақылау алаңының мамандары үш облыстың ұйым­дасқан мал шаруашылығы ұжым­дарын аралап, өздері ұнат­қан малға келісімшарт жасап, ті­рідей салмағы 250 килодан кем емесін сатып алады. Ал жеке­мен­шіктің қолындағы бірлі-жа­рым малдың бәрі бірдей талап­­қа сай келе бермейді. Бор­дақы­лау алаңы алған малдың ағзасын­да кінәрат болса, қайтып ол шаруашы­лықтармен жұмыс істемейді. Бұл талаптың екі жаққа бірдей тиімділігі бар. Ғылыми есеп бойынша қара малдың тірідей салмағы 18 айдың ішінде 400 килоға жетуі керек. Осы уақыттың ішінде мұндай көрсеткішке қол жетпесе, жұмсалған мал азығы есебінен шығынға ұшырайды. Жекеменшіктің мұндай көрсет­кішке жету мүмкіндігі аздау. Олардың мал азығы бордақылау алаңындағыдай емес, шөп пен жем ғана. Ал алаңда мал ағзасына қажетті дәрумен, тұз, бор, сүрлем, барлығы белгілі бір мөлшермен есептеліп, әбден араластырылып, байытылған азық ретінде беріледі. Екіншіден, жергілікті жердегі малдың тұқымы әбден азып кеткен.

– Бұрын Пухальскідегі бор­дақылау алаңында жұмыс іс­тегенімде, – дейді Әсет Базар­байұлы, – төңіректегі ауыл­дарға асылтұқымды бұқа сатып алып беріп, екі жыл сайын ауыстырып, тұқымын жақсартуға тырыс­тық. Алдағы уақытта бұл жерде де осындай тәжірибені жүзеге асыру ойымызда бар. Халық­­тың қолындағы малдың тұқымы асылданса өздеріне де жақсы, бордақылау алаңдары үшін де тиімді.

Меңгерушінің айтуына қа­рағанда, бордақылау алаңына тапсырылған қара малдың әр килосы үшін мемлекеттен субсидия есебінде 200 теңге төленеді екен. Тапсырылған малдың тірідей салмағы 250 кило болса, оны 200 теңгеге көбейтсеңіз, қосымша тәп-тәуір табыс табасыз. Осы амал жүзеге асса, өңір­­дегі қара малдың тұқымын то­­лайым жақ­сар­тып, жілігі та­ти­­­­тын табыс табуға әбден болар еді.

Ендігі бір мәселе, кадр жайы. Меңгерушінің сөзінше, қаншама жағдай жасалса да, механизатор табу мехнат. Жастар жағы қара жұмысқа келе бермейді. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін соңғы жылдары Крас­нояр селосындағы ауыл шаруа­шы­лығы колледжімен шарт жасасып, жұмыс істеп жатыр. Колледж оқушылары тәжіри­беден өткен кезде жалақылары толық тө­ленеді. Осындай қам­қор­­лықтың нышанын сезген түлектер тұрақты жұмысқа орналасып та жатыр.

Бордақылау алаңы мал азы­ғы үшін егістік алқабын баптап отыр. Дәнді дақылдармен бірге көпжылдық екпе шөп егіп, шабындық жерді жақсартпақ. Былтыр алғаш рет егіпті. Егер жер көлемі көбейсе, екпе шөп егу алқабы кеңейе түспек. Кесе-көлденең тұрған бір мәселе – жайы­лымдық жердің жоқтығы. Жер болса асылтұқымды сиыр бақ­пақ. Сонда өз төлі есебінен-ақ, бордақылау алаңын толтырар еді.

 

Ақмола облысы