
Ақмола облысының тұрғындары да аталған акцияға бір кісідей қатысты. Түрлі меншік нысанындағы 4,5 мың кәсіпорын бастаманы бірауыздан қолдап, белгіленген міндетті орындауға белсене атсалысты. Көп қабатты, жеке үйлердің маңайы мұнтаздай етіп тазаланды. Балалар ойнайтын алаңдардан, жаяу жүргіншілер жүретін жолдардан ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Орта есеппен елу мыңға жуық алаң сырланып, сыланып, көз жауын алатын әдемі кейіпке енді. 700-ден астам парк пен сквер, адам көп жиналатын алаңқайлар тазаланды. Бұл жұмысқа екі мыңнан астам арнайы техника пайдаланылды. Көп болып атқарған істің нәтижесінде, 55 мың тонна қоқыс шығарылып, 360 заңдастырылмаған қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін орындар жойылды.
Жалғыз облыс орталығында ғана емес, шалғайдағы елді мекендер де ізгі іске атсалысты. Соның бірі – Жақсы ауданындағы Запорожье ауылы. Ауылдық округ құрамында екі елді мекен бар. Олар «Таза Қазақстан» акциясының мән-мазмұнына жете назар аударып, көгеріп көктем шығысымен, ауыл ішін күл-қоқыстан тазартуға жұмыла кірісті. Ортақ іске ауылдық әкімдік қызметкерлері, ел ағалары ұйытқы болды. Ауылдағы стадион маңайы, парк аймағы, көшелері мұнтаздай етіп тазартылды. Берекелі ауылдың сәнін келтіріп тұрған ағаштардың діңі әктелді, жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп, жол шетіндегі шақпа тастар ағартылды. Аялдамалар да әдемі кейіпке енді. Ортақ іске ауылдағы еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін өз үлесін қосты. Ұйымшылдықтың арқасында 300-ден астам адам қолда бар 12 техниканы тиімді пайдаланып, межелеген шаруаны тап-тұйнақтай етіп атқарып шықты. Нәтижесінде, 50 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 350 ағаш көшеті отырғызылды.
Акция барысында экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылып, бұл жұмысқа саяси партиялар мен халық қалаулылары, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам қайраткерлері де үзбей қатысып отырды. Олар қол жұмысымен қатар, елді жұмылдыратын, ұйытқы болатын аталы сөздерін айтып, жас толқынға үлгі көрсетті. Міне, осындай бірліктің арқасында береке арта түсті. Акция аясында атқарылған іс-шаралар барысында 620 елді мекен қамтылды. Алаң, аула, көше, демалыс орындары ғана емес, өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштердің маңы да абаттандырылып, бір тазарып қалды. Көрікті Көкшенің мақтанышы – тамылжыған табиғаттың баурайы да сәуірдің ақ жауынына шомылғандай ажарлы кейіпке енді. Облыстағы көлдердің жағалаулары шіріген қамыстан, күл-қоқыстан арылды. Бұл акцияға 760 адам қатысты.
– Жерлестеріміздің төл табиғатқа деген жанашырлық пейілі жақсы, – дейді «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев, – жергілікті атқарушы органдар да игілікті істі тиянақты атқарып, үлгі бола білді.
Осындай күш біріктіріп істеген берекелі істің нәтижесінде, Көкше көлдерінің жағалауларынан 55 тонна қоқыс шығарылды. Осы арада екпін түсіріп айта кететін бір жай, су айдындарынан заңсыз салынған жүзден астам ау жиналып алынды. Инспекция басшысының айтуына қарағанда, тастанды аулардың тақсыреті аз емес екен. Браконьерлердің осы жөнсіз істерінің салдарынан көлдегі балықтың қырғынға ұшырауы әбден мүмкін. Кейбір қытай ауларының ұзындығы жүздеген метрге жетеді. Көлдерді тазалауға 191 техника пайдаланылған. Көл жағалаулары тазартылып, жабылып қалған бұлақ көздері ашылған.
Инспекция мамандары білім ошақтары мен жоғары, орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен оқушылары арасында сан мәрте мазмұнды лекция оқыды. Мемлекеттің табиғатқа қатысты ұстанымын жан-жақты талдап, қоршаған ортаны қорғау көптің ісі екендігін түсіндірді. Бұл шараға Ю.Тимошенко жетекшілік ететін «Интеграция Астана» серіктестігі, А.Люфтің «Бытығай» шаруа қожалығы, жеке кәсіпкер Г.Гусевскийдің ұжымы белсене қатысты. Осылайша Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы шалқар көлдер, булығып аққан бұлақтар бір тазаланып қалды.
Акция барысында өнімді жұмыс істеген ұжым – «Көкшетау» ұлттық мемлекеттік табиғи паркі. Ежелден көздің қарашығындай қорғалатын табиғи аумақтар мейлінше мұқият тазалынып, әуел бастағы балғын кейпін қайта тапқандай болды.
– Бағалы бастама өте орынды, – дейді табиғи парктің бас директоры Ербол Сағдиев. – Елдің қолдауына ие болып отырған бұл іс алдағы уақытта да кеңінен өрістеуі, тоқтамауы керек. Табиғатты ғана емес, сол табиғаттың қисапсыз мол байлығын пайдаланатын адамдардың да санасы тазарып, келер ұрпаққа қалдырар мол мұраға деген жанашырлық көбейсе құба-құп.
Ұлттық парк облыс орталығындағы №17 мектеп-гимназиямен меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта мектеп-гимназияда экологиялық ағарту сабақтарын өткізіп, кешенді жұмыс істемек. Меморандум шеңберінде оқушыларға қызықты экскурсиялар, туристік шерулер ұйымдастыру қолға алынады. Мұндай жұмыс білім ошағында ғана емес, жалпы жұртшылық арасында да жүргізілмек. Парк қызметкерлері тағылымы мол бейнефильмдерді көрсете отырып, парк аумағында орналасқан тарихи ескерткіштердің тарихымен таныстырады. Осы тақырыпты ашып көрсететін әрқилы әдебиеттерді ұсынады. Мәселен, «Құстар күні» акциясын өткізу барысында көрікті Көкше өңіріндегі сирек кездесетін құстардың түрлері туралы әсерлі әңгімелер айтылды. Жас толқын жылы қабылдады, қызығушылық танытты. Өздері де қарап отырмай, елді мекендерде құс ұяларын орнату жұмыстарын қолға алған екен. Нәтижесінде, 300-ге жуық ұя орнатылыпты.
Парк аумағында «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу» күні акциясы өткізілген. «Қарауыл төбе» орманшылығының аумағында мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары бірлесіп, қарағай көшеттерін еккен. Мұндай іс Зеренді ауылдық округінде де қолға алынып, төрт мың қарағай көшеті отырғызылған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында дендропарк аумағына арша көшеттері егілсе, аудан мектептерінің жер телімдеріне кәдімгі қарағай көшеттері орналастырылған. Игілікті іс-шараға ауылдық округ қызметкерлері, мектеп оқушылары, интернат тәрбиеленушілері белсене қатысты.
Ел ішінде атқарылған шаруаны екшеп айтқанда, туған елдің табиғатын айнадай етіп тазалауға ұмтылған ауқымды іске айрықша мән берген өңірде 3700 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 500 мыңнан астам адам қатысқанын ескерсек, ойға алған шаруа оңынан оңғарылды деп нық сеніммен айтуға болады.
Ақмола облысы