
Цифрлық ортадағы тіл әлеуеті
Отырыс барысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады. Сенаторлар заңның қабылдануы мемлекеттің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі саясатын іске асыру, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау және білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру жолындағы маңызды қадам екеніне назар аударды.
Аталған заң арқылы тиісті заңнамаға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік институтын реттеу үшін «тәлімгерлік жөніндегі ұйым» ұғымы енгізіледі. Сондай-ақ тәлімгер болуға үміткер адамдардың тәлімгерлік бойынша оқытудан міндетті түрде өтуі белгіленеді және тәлімгерлік бойынша оқытуды ұйымдастыратын ұйымдардың құқықтары мен міндеттері айқындалады.
Сонымен қатар заңда қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құруды, қазақ тілінің барлық стильдері мен жанрларының мәтіндерін қамтитын ақпараттық-анықтамалық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық корпусын құруды, қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеу, генерациялау және талдау үшін жасанды нейрондық желіге негізделген қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін ауқымды тіл моделін қалыптастыруды көздейтін нормалар қарастырылған.
Бұған қоса білім беру саласындағы уәкілетті органның өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру жөніндегі құзыреті белгіленеді. М.Әшімбаев атап өткендей, заңда дарынды оқушыларды мемлекеттік қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру үшін халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне конкурстан тыс мемлекеттік білім гранттарын беру жөніндегі норма да бар.
«Қаралған заң тәлімгерлік институтының рөлін күшейтуді, сондай-ақ білім және мәдениет саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Заң арқылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болуға ниетті адамдарды оқытатын арнайы ұйымдардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітілді. Түзетулердің бір топтамасы цифрлық ортада қазақ тілінің әлеуетін одан әрі арттыруға арналған ережелерді қамтиды. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда жеңіске жеткен дарынды оқушыларға «Болашақ» бағдарламасы арқылы үздік шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі қарастырылды. Мақұлданған заң тәлімгерлік институтының әлеуетін нығайтуға және тілімізді дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Теңіздегі жұмыс тоқырап тұр
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Сүйіндік Алдашев Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын қаржыландыруға қатысты проблемаларға тоқталды. Аталған мәселе Транскаспий халықаралық көлік маршрутының дамуына және еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін іске асыруға кері әсер етуі мүмкін.
«Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдету» жобасы Теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген және құны 42 млрд теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Алайда құны 20 млрд теңге құрайтын 2025 жылы басталуға тиіс жобаға бүгінгі таңда бұл бағытта жұмыстың атқарылуына қаражат көзі қаралмағаны анықталып отыр. Бұл өз кезегінде жобаның уақытында іске аспай қалуына әсерін тигізеді», деп атап өтті депутат.
Сенатордың айтуынша, қаржыландырудың болмауы елімізге стратегиялық маңызды жобаны жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін. Қауіпсіз навигацияны қамтамасыз ету, жүк ағынын арттыру және маршруттағы кедергілерді жою үшін түбін тереңдету қажет. Бұл шаралар атқарылмаса, Транскаспий маршрутының тұрақтылығына қауіп төнеді, ал еліміздің транзиттік әлеуеті жүзеге аспай қалады.
«Жоғарыда айтылған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Ақтау порты акваториясы теңіз түбін тереңдетудің 1-кезең жұмыстарын уақытында атқару мақсатында жобаны қаржыландыруға қаражат бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз. Бұл өз кезегінде еліміздің көлік логистикалық әлеуетін арттыру бағытында зор мүмкіншіліктер береді деп сенеміз», деді депутат.
Әлеуметтік қорғау мамандарының назы
Депутат Бибігүл Аққожина қазір аттестаттауға жатпайтын психолог, дефектолог және логопедтерді қоса алғанда, әлеуметтік қорғау мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтерді аттестаттау мәселесін заңнамалық тұрғыдан реттеуді ұсынды. Сенатордың айтуынша, осыған байланысты бүгінде мұндай мамандар мектептердегі мұғалімдерге қарағанда төмен жалақы алып отыр. Соның нәтижесінде жұмысқа деген ынта-ықылас төмендей түскен және кадрлардың жоғары ақы төленетін білім беру саласына ауысуы көбейіп барады. Бұл дербес көзқарас пен өзгеше назар аударуды қажет ететін ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін қызмет сапасына тікелей әсер етеді.
«Әлеуметтік қорғау мекемелеріндегі педагогтерге аттестация жүйесінің болмауы кәсіби өсуге ынталандыруды жоюмен қатар, ерекше назар аударуды қажет ететін балалармен жұмыс сапасына да қауіп төндіреді. Аттестаттауды енгізу мамандардың біліктілігін объективті бағалауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде олардың жалақысының өсуіне және еңбек жағдайының жақсаруына әсер етеді. Мұндай аттестаттаудың қажеттілігі, әсіресе жалақының айырмашылығына келгенде аса маңызды. Мысалы, білім беру мекемелерінде педагог-психолог 247 мың теңге алады, ал әлеуметтік қорғау мекемесіндегі әріптесінің жалақысы 187 мың теңгені құрайды. Еңбекақы төлеудегі мұндай алшақтық кәсіби ынта-ықыластың төмендеуіне ықпал етеді және мамандардың біліктілігін арттыру мүмкіндігін шектейді», деп атап өтті сенатор.
Депутат әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтерге аттестаттау жүйесін енгізуге мүмкіндік беру үшін ережелерді өзгертуді ұсынып отыр. Ол әлеуметтік қорғау мамандарын аттестациялау олардың кәсіби ынтасын арттырып қана қоймай, ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін білім беру және әлеуметтік қызметтер сапасын жақсартады деп санайды.
Орман шаруашылығына көмек керек
Сенатор Амангелді Толамисов жеке орман шаруашылықтарына қатысты проблемаларға назар аударды. Жағдайды шешу үшін депутат әкімшілік кедергілерді жоюды, субсидияларды, салықтық жеңілдіктерді және экожүйелік қызметтер үшін өтемақыларды қамтитын ынталандыру жүйесін енгізуді көздейтін жеке орман шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жол картасын әзірлеу сынды басқа да шараларды ұсынды.
«Жеке орман шаруашылығы орман алқаптарын ұлғайтуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған біздің күш-жігеріміздің маңызды элементі бола алады және болуға тиіс. Бұл сектор – еліміздің экологиялық дамуына және ресурстарды қалпына келтіруге қомақты инвестиция көзі. Алайда елде жеке орман шаруашылығы бірқатар жүйелі мәселеге тап болып тұр», деді сенатор.
Ол қазіргі кездегі қауіп-қатерді назарға ала отырып, жүйелі кедергілерді жою, қаржылық ынталандыруды қамтамасыз ету және жеке ағаш өсірушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін атап өтті.
«Жеке орман шаруашылығын мемлекеттік деңгейде қолдау тетіктерін әзірлеп, ұлттық бағдарламалар аясында жеке орман иелеріне көмек көрсетуді сұраймыз. Осы мақсатта Үкіметке жеке орман шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жол картасын әзірлеуді тапсыруды ұсынамыз. Жол картасы әкімшілік кедергілерді жоюды, субсидиялар, салық жеңілдіктері және экожүйелік қызметтер үшін өтемақыларды қамтитын ынталандыру жүйесін енгізуді көздеуге тиіс. Бұл елімізде 2030 жылға дейін орман алқаптарын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайту, климаттық өзгерістерге қарсы тұру және табиғатты тұрақты пайдалану мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі», деді сенатор.
Сондай-ақ палата отырысында сенатор Евгений Больгерт сертификаттау органдары мен зертхананың қосарланған бақылауын сынға алды. Оның айтуынша, бұл отандық бизнеске қауіп төндіреді. Осыған байланысты ол мемлекеттік бақылау және мониторинг жүргізу рәсімдері мен негіздерін заңнамалық тұрғыдан ажыратуды ұсынды.
Ал депутат Алтынбек Нухұлы әйгілі ғалым Евней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойын жоғары идеологиялық және ұйымдастырушылық деңгейде атап өту қажет екенін айтып, осы бағытта бірқатар ұсынысқа тоқталып өтті.