Жәдігер • 25 Қаңтар, 2025

Дәуірден сыр шерткен дүниелер

184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тобыл өңірінде Бірма­ғамбет Алдияров есім­ді ауқатты адам өмір сүрген. Бұл кісі өз заманының көзі ашық азаматы болған. Жарлы-жақыбайға да көп көмегі тиген. 1920 жылдан бастап, кеңес өкі­меті еліміздегі ірі бай­­лардың мал-мүл­кін тартып алып, өз­дерін басқа жақ­қа жер аудар­ды. Осы науқанға Бір­ма­ғам­бет байдың да от­басы алдымен ілік­кен. Кеңес билігі оның да бар мал-мүл­кін тәр­кілеп алған. Қазір сол атамыздың үйі­нен алынған кейбір зат­тар Қостанай облыс­тық тарихи-өл­ке­тану музейінде тұр.

Дәуірден сыр шерткен дүниелер

Бірмағамбет Ал­дияров – Қостанай округі Қарабалық ауданының №10 ауылында тұрған. 1927 жылы сол жерден тәркілеуге іліккен. Бірақ ол кісінің кейінгі өмірі беймәлім. Алайда дәу­летті отбасының тұтынған заттарынан халқымыздың ғажайып мұрасын көреміз.

Мәселен, қызыл барқыттан алтынмен әдіптеліп тігілген қазақ әйелінің қамзолы қандай әдемі. Ою-өрнегі де ерекше. Астары мақта-матадан жасалған. Қалталары көкшіл барқыттан тігілген. Бірақ қамзолдың матасы уақыт өте келе тозыпты. Со­дан кейін оны 1994 жылы халық шебері Тұрсынкүл Жай­лаубаева қайтадан қалпына келтірген. Айта кетейік, мұны Бірмағамбет байдың бәйбішесі киген. Сондай-ақ Бұхараның қымбат матасы – қамқадан тігілген ер адамға арналған шапан да өзгеше. Оны алтын сарғыш түсті металл жіппен зерлеген. Шапанның қызыл күрең түсті гүлдері де көркем. Өңірі мен жеңі түсті тоқыма баумен әдіптеліп, астарын Бұхараның жібегімен жасаған. Өкініштісі, қазір шапанның материалы әбден тозған. Қайта жаңғырту қажет.

Әсіресе төбесі биік, етегі кең айыр қалпақ айрықша. Оның қайырмасындағы жо­ғарғы бөліктің етегіне сызық салып қондырған. Етегі ақ киізден тігіліп, екі жағы айыр­ланып келген. Толығымен алтындалған жіппен зерленген. Бұрын ерлермен бірге әйелдер де атқа мінді. Бірақ шеберлер ер-тоқымды әйелдерге бөлек жасаған. Бұл – әйелдерге арналған сондай ер-тоқымның бірі. Ердің негізі ағаштан жасалып, терімен қапталған. Алдыңғы қасы артқы қасынан биіктеу, артқы қасы жалпақтау. Ердің алдыңғы биік қасына күмістен жапсырма бекітілген. Оны өсімдік тектес ою-өрнектермен жүргізген. Күмістің бетіне қызғылт сары үш ақық және көгілдір түсті перузалар қондырған. Ер-тоқым жақсы сақталған. Көзге бірден түседі.

Қазір бұл жәдігерлерге ғасырдан аса уақыт болды. Бірақ оны көргендерге сол дәуірден сыр шерткендей әсер береді.