Саясат • 25 Қаңтар, 2025

Еңбек мәдениеті ұлықталуға тиіс

194 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Солтүстік Қазақстан облысының еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, қоғамдық және діни бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Өңірге сапары барысында Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтары жылы аясын­дағы және аймақтардың өсіп-өр­кендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орын­дарын дамыту тап­сыр­маларын іске асыруға қатыс­ты мә­селелер де талқыланды. Бұл рет­­те маңызды бағыттар бойын­ша Сенат пен мәслихаттардың бірлес­кен жұ­мысы ерекше мәнге ие екені айтылды.

Еңбек мәдениеті ұлықталуға тиіс

Палата төрағасы «Қазақстан өңірлерін­де еңбек ресурстарын дамыту: қазіргі жағ­дайы мен келешегі» тақырыбына арналған дөңгелек үстелге қатысты. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген басымдықтардың бірі – аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамытудың маңызына назар аударды. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін білікті, кәсіби мамандар мен барлық деңгейде кешенді жұмыс жүргізу қажет.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында экономиканың өсуін қамтамасыз ету алдымызда тұрған басты міндет екенін атап өтті. Қазіргі таңда елімізде салалық мамандар – инженерлер, энергетиктер, су шаруашылығы мамандары, агрономдар, мал дәрігерлері, басқа да маңызды маман­дықтардың өкілдері сұранысқа ие. Сондықтан Мемлекет басшысы 2025 жыл­ды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жария­лады. Бұл ретте аталған мамандарды даярлап қана қоймай, елімізде ерекше еңбек мәдениетін қалыптастыру, еңбек адамдарына құрмет көрсетуге тәрбие­леу, еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлық құнды­лықтарын дәріптеу аса маңызды. Еңбек адамдары – ел дамуының негізі. Сол себепті, жұмысшы мамандықтардың беделі жоғары деңгейде болуы керек», деді Сенат спикері.

Осы орайда облыстардың сапалы экономикалық дамуын олардың ерекше­ліктері мен бүгінгі проблемаларын ескере отырып қамтамасыз етуді көздейтін нақты шараларға баса мән берілді. М.Әшімбаев­тың айтуынша, еңбек ресурстарының тап­шылығы, әртүрлі өңір, қала мен ауыл және мамандықтар арасындағы еңбек диспропорциясы, теңгерімсіз урбанизация, демографиялық дағдарыс қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе болып саналады. Оларды шешу үшін барлық мүдделі тараптың күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыру қажет.

«Өңірлер арасындағы еңбек ресурс­тарының теңгерімін қамтамасыз ету – маңызды міндет. Түркістан, Жамбыл облыстары сияқты еңбек ресурстары артық өңірлер мен жұмыс күші жетіспей­тін аймақтар бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы. Аталған мәселеге бұл өңірдегі халықтың табиғи кему үдерісі де өз салдарын тигізіп жатыр. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында туу көрсеткіші төмен, ал өлім-жітім жоғары деңгейде. Бұл экономика­лық өсудің баяулауына және өндіріс әлеуеті­нің төмендеуіне әкелетін проблемалар туын­датады. Демографиялық үрдістер мен экономикамыздың қажеттілігін ес­кере отырып, еңбек ресурстарының ішкі көші-қонын жүйелеу, кадрларды ротация­лау, жастарды оқыту және жұмысқа орналас­тыру бағдарламаларын жандандырудың маңызы зор екенін аңғарамыз. Бұрынғы тәжірибені талдап, ол бағдарламалардың неге тиімсіз болғанын зерделеп, елімізде еңбек көші-қонының ауқымын арттыруға қажетті қадамдар мен тетіктерді пысықтаған жөн», деп Палата төрағасы еңбек көші-қоны бағдарламаларын одан әрі дамыту керек екенін атап өтті.

Мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесу кезінде Мәулен Әшімбаев Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетіне тоқталып, Сенат депутаттары оны іске асыруға заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Осыған байланысты индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ бірлескен жұмыстың басқа да негізгі ба­ғыттары сөз болды. Сонымен қатар кез­десу­де инфрақұрылымды жаңғырту, оның ішін­­де ауылдардағы электр желілерін жаңар­ту мәселесі аса маңызды екені айтылды.

«Облыста инфрақұрылымды жаңғыр­туға да баса мән беріліп отыр. Атап айтқанда, былтыр екінші ЖЭО-да жаңа мұржаның құрылысы аяқталды. Ауылдық жерлерде электр желісі жаңартылып жатыр. Сенаторлар 2025 жылға арналған республикалық бюджетті қарау барысында Солтүстік Қазақстан облысы­ның ұсыныстарын назарға алды. Соның нәти­жесінде маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қосымша қаражат бөлінді. Нақты айтар болсақ, олар – ауылдарды сумен, жылумен жабдықтауға және өңірлік даму салаларына қатысты жобалар. Алдағы уақытта Палата осы өңірден сайланған сенаторлармен бірге Солтүстік Қазақстан облысының жан-жақты дамуы­на қажетті көмек пен қолдау көрсетуді жалғастыра береді», деп М.Әшімбаев мәслихат депутаттарын Парламенттің заң­намалық жұмысына белсенді қатысуға және өңірлердегі өзекті проблемаларды шешуге арналған тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеуге шақырды.

Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшелері мен өңірдегі дін өкілдері де қатысты. Парламент депутаттары олар­мен бірге рухани дипломатияны дамыту­ға қатысты маңызды мәселелерді талқы­лап, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының VIII съезі аясындағы мақсат-мін­деттерді іске асыру жөнінде пікір алмасты.

«Еліміздегі барлық этностық топтың рухани, мәдени, гуманитарлық мүддесін қам­тамасыз етуде бірлескен жұмысы­мыз­ды одан әрі жалғастыра береміз. Бұл істе ең маңызды міндеттердің бірі мемле­кет­тік тілді ілгерілету және қолдау екені анық. Қазақ тілі – Қазақстандағы бар­лық этностық топты ортақ мұратқа жұмыл­дыратын басты тетіктердің бірі. Оған ешқан­дай күмән жоқ. Жалпы, қазіргі таңда бәріміз мемлекеттілік, тәуелсіздік және Президентіміздің елдегі бірлік пен келісімді нығайтуға арналған саясаты сияқты ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуіміз керек. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысы өзге өңірлерге үлгі көрсетеді деп сенемін», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар сапар аясында сенаторлар 6 мыңнан аса студент оқитын Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне барып, оқу орнының білім беру ісімен, ғылыми зерттеу қызметімен және одан әрі даму стратегиясымен таныс­ты. Сондай-ақ депутаттарға мал, өсімдік шаруашылықтарына арналған зертханалары бар оқу-зертханалық корпустың қызметі таныстырылды. Онда тәжірибелер мен ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

Сенат төрағасы Азаматтарды қабылдау орталығының қызметімен де танысты.  «Зеленый Север» ЖШС жылыжай кешені мен «Nord Panels» ЖШС ағашты терең өңдеу зауытының еңбек ұжымдарымен жүздесті.

М.Әшімбаев «Qyzyljar Creative Center» креативті индустрия орталығында «Sensitive» инклюзивті би тобының ұжымы­мен кездесті. Мемлекет басшысы­ның тапсырма­сын орындау мақсатында іске асырылған бұл жоба жастардың өңірден кетуін азайту үшін тиісті жағдай жасай отырып, креативті экономикаға қажетті мамандар даярлауға, жас таланттардың қабілетін шыңдауға және оларға қолдау көрсетуге ықпал етіп келеді. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15