
Облыстың Enbek.kz порталында 133 дәрігерге сұраныс бар екендігі көрсетілген. Дертіне шипа іздеген өңір тұрғындары да қордаланған мәселенің мәнісін айқын сезініп отыр. Облыс орталығының өзінде науқастардың тар бейінді дәрігерлердің қабылдауын апталап, айлап тосатындығы да жасырын емес. Ал шалғай аудандардағы жағдай ше? Жыл сайын аудандарда жаңа медициналық ұйымдар пайда болады. Өңірде 38 жаңа медициналық ұйым пайдалануға беріліп, екі ауданаралық аурухана кеңейтіліп жатыр. Бұл әлбетте, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық. Әйтсе де, жаңа ұйымдарда кімдер жұмыс істемек?
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының кадр бөлімінің басшысы Динара Баймағамбетованың айтуына қарағанда, кадр мәселесін шешу мақсатында жыл сайын облыстық бюджеттен резидентурада оқып, білім алуға 35 грант бөлінеді. Жоғары оқу орындарында «жалпы медицина» мамандығына 50 грант қарастырылған. Соңғы төрт жылдың ішінде осы гранттармен 133 адам білім алған. Келісім-шартта түлектердің өздерін қаржыландырған өңірге оралып, негізгі мамандықтары бойынша үш жыл жұмыс істеуі қажет екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Бірақ 133 адамның 107-і ғана кейін оралып, жұмыс істеп жүр. Демек бұл тарапта да жұмсалған қаржы желге ұшып жатыр ма?
Аудандық әкімдіктердің, жеке компаниялардың, облыстағы медициналық ұйымдардың қаржысына оқыту мәселесі де сын көтермейді. 2013-2024 жылдар аралығында дәл осындай жоба бойынша 64 адам білім алса, оның тек 39-ы ғана жұмыс істеп жатыр. Олардың сегізі резидентурада білімін жалғастырып жүр, қалғандары қайда?
Әрине, адамды тұрмыс билейтіндігі ақиқат, әртүрлі себептер болуы мүмкін. Жастардың тұрмыс құруы, өзге өңірге қоныс аударуы кездесіп жатады. Солай бола тұра, кейбір жастардың жергілікті биліктің грантын үстеме пайызсыз несие тәрізді көретіндерін де айта кетуіміз керек. Тегін оқып, білім алғаннан кейін арада бес-алты жыл өткен соң құнсызданып бара жатқан қаржыны қайтара салады. Оның әр жағында елдің үміті, сенімі жатқандығын айту артық болар. Астанадағы жекеменшік клиникаларда еңбек ететін дәрігерлердің еңбекақысы әлдеқайда жоғары. Сондықтан грантты қайтару оларға аса бір қиындық тудырмаса керек.
– Біздің өңірдегі басты мәселенің бірі астаналық аймақ болғандығымызда, – дейді Динара Баймағамбетова. – Келісімшарт бойынша әрбір болашақ маман өңірде үш жыл жұмыс істеуге тиісті. Бала күтіміне байланысты демалысқа шықса немесе резидентураға оқуға түссе, үш жылдық міндеттемеден босатылады. Жастардың бойындағы жауапкершілікті арттыру үшін жұмсалған қаржыны екі есе өтеу талап етілсе, жағдай басқаша болар ма еді. Бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігімен келісіп заңдастыру қажет деп ойлаймын. Кадр мәселесінің күрмеуін шешу үшін осындай қадамға бару керек.
Бар жағдайды ақыл таразысына салып сараласаңыз, жергілікті атқарушы органдардың грант жүйесі дәл көзделгендей кадр мәселесін шеше алмайды. Мәселенің мәнісі оңынан шешілмегендіктен, қаржыландыру көлемі де құлдырап барады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына қарағанда, қазір жергілікті әкімдіктер мен медициналық ұйымдардың қаржысына 74 болашақ дәрігер ғана білім алып жатыр. Биыл 24 маман білім алып шықпақ. 2026 жылы тиісінше 14 және үш, 2027 жылы тек жеті жалпы тәжірибедегі дәрігер және бір тіс дәрігері, 2028 жылы төрт дәрігер диплом алады. Кадрға деген тапшылық екі жылдан кейін тіпті өткір күйде болмақ.
Қалыптасып отырған жағдайды біршама тереңірек білетін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жоғары медицина мектебінің директоры Светлана Мұратбекованың пайымдауынша, статистикалық көрсеткіш облыстағы ахуалды айқын аңғарта алмайды.
– Мен аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен үнемі пікірлесіп тұрамын. Жағдай мүлде алаңдатарлық, – дейді ол. Әсіресе, Атбасар, Степногорск қалаларында, аудандық ауруханаларда жағдай өте күрделі. Бұл ауруханаларда қазір ұлттық жобаға сәйкес кеңейту жүргізіліп жатыр. Сирек мамандықтар тұрмақ, кәдімгі жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің өзі жетіспейді. Оны айтасыз, учаскелерде науқастарды қабылдайтын дәрігер де жоқ. Бас дәрігерлермен сөйлесе қалсаңыз, маған төрт маман емес, сегіз маман керек дейді. Демек, нақты жағдайды көз алдыңызға елестететін көріністің өзі айқын емес. Біздің түлектеріміз – жалпы тәжірибедегі дәрігерлер. Әзірге тар бейінді мамандарды дайындап жатқан жоқпыз. Міне, осындай уәж айтсаң, амалы құрыған аудандық аурухананың бас дәрігерлері бізге маман болса болды дейді. Ереже бойынша әрбір учаскеде дәрігермен бірге үш орта буын медицина қызметкері болуы керек. Мұндай толық штат аудан түгіл қазір облыс орталығының өзінде жоқ. Сондықтан менің пайымдауымша, 600-700 маман жетіспейді.
Светлана Қабыкенқызының ащы пікірін айғақтайтын бір жай, интерн студенттері әлі қолдарына диплом тимесе де, Көкшетау қаласындағы жекеменшік емханаларда жұмыс істеп жүр. Олар науқастарды қабылдап, ем-дом белгілейді.
– Көкшетау университетінің медицина факультеті 2018 жылы ашылған болатын. Биыл алғашқы 104 жалпы тәжірибедегі дәрігер жолдама алады. Қазір оларға ауылдағы денсаулық сақтау ұйымдары ділгір болып отыр, – дейді Светлана Қабыкенқызы. Әйтсе де мұның өзі өңірдегі өткір мәселені шеше алмайды.
Светлана Қабыкенқызының айтуына қарағанда, биылғы түлектердің 11-і аудандық әкімдіктердің гранты арқылы білім алса, 46-сы облыс әкімінің гранты бойынша оқып жүр. Бір алаңдарлығы, жергілікті атқарушы органдардың гранты арқылы білім алатын студенттердің саны жыл сайын азайып келеді. Былтырғы оқу жылында 50 грант бөлінгенімен, екі-ақ студент оқуға түскен. Жоғарыда айтылған пікірлерді сараптай келе түйгеніміз, осы бір өзекті мәселенің шешімін табу үшін болашақ маманның жауапкершілігін арттыратын бір шешім қажет болып тұр.
Ақмола облысы