
Фото: facebook/Елнар Берикбаев
Елнар Берікбаевтың айтуынша, азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталған мемлекеттік бастамалар мен әлеуметтік төлемдердің ұлғаюы өзін-өзі қамтамасыз ете алатын кейбір адамдардың осы қаражатты алуға ұмтылуына еріксіз әкеледі.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы көмек шын мұқтаж жандарға ғана көрсетілуі керек екендігін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанға ақша табу үшін келетін еңбек мигранттарын мысалға келтіріп, масылдықты арттырмауға шақырды. Президент жастарды еңбексүйгіштікке, зейінділікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті», деді сарапшы.
Осы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағыны бәрімізге мәлім. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау мақсатында Үкімет «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу бойынша республикалық жоспарды бекітті.
Осы ретте сарапшы еліміздің барлық өңірлерінде Жұмысшы мамандықтары жылына арналған жоспарлар әзірленіп, оның ішінде жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, кадрларды даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды кеңейту шаралары қарастырылғанын тілге тиек етті.
«Бұл жұмысқа бизнесті кеңінен тартуды қамтамасыз ету үшін барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылып, теңестіріледі. Өз кезегінде әкімдер кәсіпкерлермен бірлесе отырып, өңірлер үшін басым мамандықтарды анықтап, сұранысқа ие кадрларды даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар бере алады», деді Е.Берікбаев.
Сонымен қатар сарапшы жиында талқыланған қоғамдық санада құқық тәртібін сақтау және құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысының айтуынша, шектеулер немесе айыппұлдар енгізу кезінде парасаттылықты басшылыққа алу керек. Айыппұл – әкімшілік құқықта ең көп қолданылатын мәжбүрлеу ықпал ету шарасы. Айыппұлдың негізгі мақсаты – заңсыз әрекеттердің жолын кесу және алдын алу. Сонымен қатар, айыппұлдар да шамадан тыс болмауы керек», деді ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы.