Қоғам • 31 Қаңтар, 2025

Ысырап

43 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қонысымыз қаланың қақ ортасында. Жа­ғалай иін тірескен көп­қабатты биік үйлер. Дәл ортада арнайы алаңда бірнеше қоқыс жәшігі бар. Бұрын ат­көпір болып жатушы еді. Обалы нешік соңғы жылдары уақытында жиналады. Адам көп болған соң тез толып та қалады. Айтпағымыз бұл емес, ысырап жайы. Қо­қыс жәшіктерінің маңында ас атасы – нан да, өзге азық-тү­ліктің қалдығы да бейберекет шашылып жатады.

Ысырап

Бірде сепкіл бет сары бала қаңтардың са­қылдаған сары ая­зында тас болып қатып қал­ған жарты бөлке нанды доп қылып теуіп ойнап бара жатыр екен. Көрген жанның иманы қасым болғандай. Тоқ­татып алып, оның бұл ісінің дұрыс емес екендігін айтып жатыр едік, манадан бері көріп тұрған көрші ақсақал да ентелей жетіп келді де, сабырмен ақылын айта бас­тады. Сепкіл бет сары бала біздің айтқанымызды санасына құйып алды ма, жоқ па, ол арасы белгісіз.

– Шетелде мұндай қоқыс жәшіктері бірнеше торапқа бөлінген. Біріне азық-түлік қалдығын салса, екіншісіне пластикалық бөтелкелерін салады. Бәрі рет-ретімен, – дейді ақсақал, – бізде де осылай жасауға болмас па екен? Мәселен, мына нанның қалдықтарын таза күйінде жинап қойса, осы қалада мал бағатындар бар емес пе? Тым құрыса мал азығына жарайды ғой. Таяуда баспасөзден шетелдегі өнері озған жұрт азық-түліктің қалдығын тыңайтқышқа айналдырып, кәдеге жарататыны туралы оқыдым. Бүгінгі ұрпақ нан қадірін де білмейді.

Ақсақалдың айтқаны жөн. Ал біз қым­батшылық қысып бара жатыр дейміз. Ысы­рапты ұмытқан ұрпақтың келешегі не болмақ?

 

КӨКШЕТАУ