
Әскери өнер теориясының негізін қалаушылардың бірі Ф.Ллойд: «Жер – соғыстың жалғыз ұлы кітабы: кім оны оқи алмаса, қаһарман деген атақпен шектеліп, генерал болудан үмітін үзгені дұрыс» деген. Расында, топогеодезистер ұсынатын сенімді деректер болмаса, майдан даласында шешім қабылдау мен жоспар құру, жауынгерлік іс-қимыл жүргізу өте қиын, тіпті кейде мүмкін емес. Одан қалды, әскер тектері арасында байланыс орнату мен оларды басқару, қару-жарақ пен әскери техниканы тиімді қолдану үшін де топогеодезиялық қамтамасыз ету қызметінің маңызы зор.
Елімізде 30 қаңтар әскери топографтардың кәсіби мерекесі ретінде атап өтіледі. Өйткені 1992 жылдың 30 қаңтарында Қарулы күштеріміздің құрамында Топографиялық қызмет бөлінісі құрылған еді. Бұл қызметтің тарихы 1969 жылы 24 маусымда Алматыда құрылған КСРО Ортаазиялық әскери округі Топографиялық қызметімен тығыз байланысты. Тәуелсіздік алғаннан кейін де топографтардың даңқты дәстүрі жалғасын тауып, кейінгі 30 жылдан аса уақыт ішінде қызмет атауы түрліше өзгеріп, бүгінде Геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті деген атпен жұмыс істеп жатыр. Әр жылдары оны А.Чернов, Е.Маусымбеков, Н.Қарабалаев, М.Саматов, М.Жанпейісов, С.Герасимов секілді майталмандар басқарды.
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл қызметтің ең басты мақсаты – әскерді картамен қамтамасыз ету. Сол арқылы қолбасшылар қалай әрекет ету, қай жаққа бару керек екені жайында шешім қабылдайды. КСРО құлаған кезде барлық топогеодезиялық жасақ пен картографиялық фабрикалар, картографиялық бөлімдер Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының аумақтарында қалып қойған еді. Ал біздің жерімізде орталыққа бағынатын екі топографиялық карталар қоймасы мен бір топографиялық бөлім, яғни 92835 әскери бөлімі ғана болды. 1997 жылы штаттық өзгерістерге сай аталған қоймалар әскери бөліммен қосылып, топографиялық базаға біріктірілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында топогеодезиялық қамтамасыз ету қызметінің алдында әскерді картамен үзіліссіз қамту, сондай-ақ арнайы карталар мен жергілікті жердің макеттерін дайындау міндеті қойылды.
«Топографиялық қызметтің даму тарихындағы айрықша кезеңнің бірі – 1998 жыл мен 2001 жыл аралығы. Осы уақытта «Қазақстан ГИС орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылып, цифрлық картография мәселесін шешуге бел шеше кірісті. Оның міндеті қағаз карталарды цифрландырып, әскерді қамтамасыз ету еді», дейді Қарулы күштер Бас штабы Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бастығы, полковник Серік Жолдыбаев.
Иә, заман көші орнында тұрмайды. Жаңа технологиялар өмірге келіп, ғылым алға басқан сайын топогеодезистердің де алдына қойылып отырған міндеттер ауқымы кеңейе түскен. Қазіргі таңда «топогеодезиялық қамтамасыз ету» деген сөздің ішіне әскерді тек картамен жабдықтау емес, навигациялық қамтамасыз ету мен геокеңістікті барлау қызметтері де кіреді. Бұл аталған бөліністің Қарулы күштер ішіндегі рөлін бұрынғыдан да биікке көтергені талассыз.
Топографиялық қызмет тарихының тағы бір маңызды кезеңі – 2008 бен 2011 жылдар аралығы. 2008 жылы цифрлық картография саласындағы алғашқы жетістіктер Жоғарғы Бас қолбасшыға таныстырылған еді. Сонымен қатар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының «Өзара әрекеттестік-2009», Шанхай ынтымақтастық ұйымының «Бейбіт миссия-2010» оқу-жаттығуларында Қорғаныс министрлігінің топографиялық қызметі мемлекеттік геодезиялық желі мен «Мәтібұлақ» полигонындағы арнаулы геодезиялық желіні толықтай қалпына келтірді.
«Осы жылдары елімізде тұңғыш рет отандық оқу орындарының әскери кафедралары базасында топогеодезиялық білімі бар запастағы офицерлер даярлау қолға алынды. 2011 жылдан топогеодезиялық жұмыс жүргізу үшін әскерді заманауи топогеодезиялық құрылғылармен жабдықтау басталды. Жылжымалы навигациялық кешендер сатып алынып, олар жауынгерлік іс-қимыл жүргізілетін аудандарда топогеодезиялық даярлық мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік берді», дейді полковник С.Жолдыбаев.
Қазіргі таңда әлемнің барлық дамыған елі «цифрлық майдан даласын», яғни бірыңғай басқару жүйесін құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жүйе тікелей уақыт режімінде соққы беретін нысандарды табу, ақпарат алмасу, бұйрық беру, әскер мен техниканың жағдайын бақылау сынды өзекті тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді. С.Жолдыбаевтың айтуынша, қазіргі күні еліміздің Қарулы күштерінде екі жылжымалы кешен бар. Біріншісі – навигациялық топографиялық, екіншісі – навигациялық геодезиялық кешендер. Бұлар барлық қажетті жабдықпен қамтылған: өздерінің ұшқышсыз ұшу аппараттары бар, солар арқылы жерді суретке түсіріп, дайын картаны басып шығарады. Ал биыл әскери топографтар қатарына еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені жасап шығарған 3 жаңа техника қосылып, отандық өнімдер «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарына берілген.
Кадр мәселесіне келсек, бүгінде Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, сондай-ақ «Astana IT University»-де аэрофотогеодезист, астрономогеодезист және картограф мамандықтары бойынша офицерлер даярланады. 2015 жылы Ұлттық қорғаныс университетінде «Геоақпараттық жүйе» және «Әскерді топогеодезиялық қамтамасыз ету» мамандықтары енгізілген.
Полковник С.Жолдыбаев Геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті әскерді жер туралы дәлме-дәл әрі шынайы ақпарат беру, топографиялық, теңіз және арнайы карталарды дайындау мен басып шығару, зымыран әскерлері мен артиллерияны және Әуеге қарсы қорғаныс әскерлерін негізгі астрономиялық-геодезиялық мәліметтермен қамтамасыз ету жұмыстарын атқаратынын айтады.
«Қарулы күштерге цифрлық геоақпараттық технологияларды енгізу жөніндегі департамент алдына қойылған ауқымды міндеттерді ескере отырып, Қорғаныс министрі 2019 жылдың 27 шілдесінде еліміздің Қарулы күштерін геоақпараттық қамтамасыз ету жүйесін дамытудың жол картасын бекітті. Сонымен қатар ел Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы бізге геоақпараттық технологиялар бағытындағы әскери-ғылыми әлеуетімізді арттыру бойынша тапсырма жүктеді. Біз алыс-жақын шетелдердің технологиялық даму тәжірибелерін зерделей отырып, осы бағытта үздіксіз жұмыс атқарып келеміз. Айта кетсек, бұл тұрғыда біз ТМД елдерінің ішінде көп жағдайда көш басындамыз», дейді ол.
Заман ағымына сай Қарулы күштеріміз де цифрдандыру мен жасанды интеллект секілді ғылым жетістіктерін пайдаланудан кенде қалып жатқан жоқ. «Бес қаруымыз» сай болу үшін саладағы әрбір мүмкіндікті қалт жібермеген жөн. Бұл әскеріміздің әлеуетті, аспанымыз ашық, ұйқымыз тыныш болуына өз септігін тигізері сөзсіз.