Қоғам • 04 Ақпан, 2025

Күнделіктер сөйлейді

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кі­тап­ханада мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Төтенше және өкілетті елші, профессор Мырзатай Жол­дасбековтің «Күндерімнің куә­сі» алты том­дық кіта­бы­ның тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты жи­ынға Парла­мент депутат­тары мен зиялы қауым өкілдері қатыс­ты.

Күнделіктер сөйлейді

Алты томдық кітап автордың 1993 жылдан бастап үз­діксіз жазып келе жатқан күнделіктеріне негізделген. Онда елімізде болып жатқан аса маңызды тарихи оқиғаларға мән бере келіп, қоғамдық өмір туралы көзқарасын кестелейді, әр кезең мен ұрпақтың мінезі мен көңіл күйі, өткен, қазіргі және болашақ туралы толғанады. Яғни жаңа жинақ автордың қағаз бетіне түскен жан сыры десек болады. Мырзатай Жолдасбековтің өзі жазғандай: «Күнделік – сырласың. Онымен сырласуға, сөйлесуге болады. Ол – сенің сыңарың, жан досың. Мен күнделік жазбаған күні бірдеңе жоғалтқандай боламын».

Автордың айтуынша, күнделік небір ойларға да жетелейді. Қолыңа қалам алып, күнделіктің бетін ашсаң, уақыт, заман, адам туралы толғанасың. Кейде оның тұңғиық тереңіне түсесің. Жастарды жерден алып, жерге салып жататындарға таңым бар. Бүгін сен түзелсең, ертең ел түзеледі, деп жазады автор.

Күнделікте кестеленген ел өмі­ріндегі әрбір оқиға тарихи шежіре іспетті. Тұсаукесер барысында айтыл­ғандай, тәуелсіз елдің тасқа ба­сылмаған парақтары ұлттық ерек­ше­лікті сақ­тауда аса маңызды рөл атқа­рады.

Алқалы жиында мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері сөз алып, көптомдықтың мән-маңызы жөніндегі ойларын ортаға салды.