
Бұл қосымша ағылшын тіліндегі «English Plus 5» оқулығына енгізілген сөздерді аударғанда, олардың голографиялық суретін бірге көрсетеді. Сондай-ақ оның қалай айтылатынын аудио арқылы нақыштап береді. Сөйтіп, сөздер тәржімеленгенде оның не екені және қалай айтылуы да бірге көрсетіліп, оны есте сақтап қалу мүмкіндігін арттырады. «Бұл әдіс ағылшын тілін үйренушілердің қызығушылығын туғызды. Мысалы, көптеген адам аударылған сөздерді ұмытып қалады. Ал бұл сурет арқылы және ағылшынша таза айтылуы жағынан есте қалады», дейді қазылар алқасының мүшелері.
Бұл әдісті қалай ойлап таптың деген сұраққа оқушының өзі былай жауап берді: «Бірде сабақ үстінде ағылшын тілінің мұғалімі Наталья Александровна оқушыларға 3D голограммалық суреттерді көрсетті. Сол кезде маған осы әдісті ағылшын сөздеріне де қолдануға болады екен-ау деген идея келді. Сонда үйренушілер сөздерді естің жадымен ғана емес, көзбен де еске ұстап қалады деп ойладым. Сөйтіп, бесінші сыныптан бастап, оны өзіміздің информатик ағайдың жетекшілігімен жасауға кірістім», дейді ол.
Қазір Верониканың әдісін қолданушылар көбейіп келе жатқан көрінеді. Бұл қосымшаны автор ұстазымен бірге үш жыл бойы әзірлеген. Авторлар әлі де оны жетілдіре түсуді көздейді. Оны «Play Market»-тен код арқылы жүктеп алуға болады.
Солтүстік Қазақстан облысы