Аймақтар • 05 Ақпан, 2025

Еңбек жағдайы зерделенеді

62 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар облысына жұмыс сапарымен Парламент Сенатының депутаттары келді. Сенаторлар өңірдің индустриалды нысандарын аралап, кәсіптік мамандарды даярлайтын оқу орындарында болды.

Еңбек жағдайы зерделенеді

Сурет: gov.kz

Сенаторлар әуелі «Қазақстан алюминийі» АҚ глинозем алу цехының жұмыс үрдісімен танысып, содан соң «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС басқару орталығына барды. Павлодар химия-механикалық колледжі мен жоғары түсті металлургия колледжін аралап көрді.

Облыс әкімдігінде «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ұлт­тың өркендеуінің негізі» тақыры­бын­да өтетін парламенттік тыңдау­ға дайын­д­ыққа, Мемлекет басшысы­ны­ң «Әді­летті Қазақстан: заң мен тәртіп, эконо­микалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыруға арналған Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Мемлекет басшысының тапсыр­маларын іске асыруға қатысты мәселе­лерді талқылауға комитет мүшелері Айнұр Арғынбекова, Талғат Жүнісов, Алтынбек Нұхұлы, Әсем Рахметова, Руслан Рүстемов, Амангелді Толамисов, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен кәсіподақтардың өкілдері қатысты. Іс-шараға төрағалық еткен комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп негізгі мақсат жұмысшылардың еңбек жағдайларын зерделеу, Павлодар облысында техникалық, орта кәсіптік білім беру жүйесінде мамандар даярлау екенін мәлім етті.

Өңір әкімі Асайын Байханов атап өткендей, облыста кешенді іс-шара­лар жоспары түзілген, ол 3 бағытты қамтиды. Ең әуелі колледждерді кезең-кезеңімен жаңғырту көзделіп отыр. Бұған облыстық бюджеттен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын жарақтандыруға, жаңғыртуға шамамен 500 млн теңге бағытталады. Әлеуметтік әріптестік аясында ERG, Kazminerals кәсіпорындары 6 колледжге заманауи жабдықтар сатып алуға 500 млн теңге қаражат бөлді. Екінші бағыт – жұмыс істейтін жастар қатарындағы студенттер үшін 100 млн теңгеге жаңа ынталандырушы сыйақылар мен гранттар тағайындау. Соңғысы – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, кәсіпорын қызметкерлерін ынталандыру.

Аймақта экономикалық белсенді деп саналатын 405 мың адам бар болса, оның 60%-дан астамын жұмыс­шы мамандықтар өкілдері иеленеді. Талдау көрсеткендей, келешекте жұ­мыс күшіне деген қажеттілік арта түсе­ді. Алдағы 5 жылда облыста 140-тан ас­там инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде үш фер­роқорытпа зауытын ашу, ұста­лық-бандаж кешенін іске қосу, ірі электро­металлургиялық зауыттың құрылысы, құрамында алтыны бар концентраттарды қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосу көзделіп отыр. Нәтижесінде, 11 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылады.

– Слесарлар, монтаждаушылар, электриктер, құрылысшылар, жүргізуші­лер, механиктер сияқты жұмысшы мама­н­дықтар – құрылыстан бастап өндірі­ске дейінгі экономиканың көптеген салаларына қажет. Олардың жұмыс­тары маңызды болғанына қарамастан, назар­ға жиі ілінбей қалады. Мансап­тық өсу келешегі мен лайық­ты жалақы туралы ақпараттарды жеткізу арқылы жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға мүмкіндік бар, – деді А.Байханов.

Осы мақсатта қала құраушы кәсіп­орындардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізілді. Олар өз кезегінде қыз­меткерлерді материалдық, әлеу­мет­тік қамтамасыз ету жөніндегі бастамалар­ға қолдау білдірді. Олар – тұрғын үймен қамтамасыз ету, автокөлік сатып әперу, жалақыны өсіру, басқа да әлеуметтік ынталандыру. Мәселен, ERG тобы осы мақсаттарға 1,5 млрд теңге бөлуді жос­парлап отыр. Бұған қоса, биылғы жылы өңір кәсіпорындарында жалақыны арттыру болжамы бар.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Н.Жүсіп кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін атап өтті.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше