
Сурет: baq.kz
Абайсызда кісі өліміне апарып соқтырған оқиғаның мән-жайына қысқаша тоқтала кетсек. Өткен жылдың тамыз айында «Гоголь» түнгі клубының жанында екі жігіт төбелесіп, қатты соққыдан бірінің миына қан құйылып жан тапсырған. «Оқиға таң алдында болған. Жас жігітті әлдебіреулердің ұрып-соққаны туралы шақырту шамамен сағат 04.48-те түсті. Медициналық бригада жедел жеткенімен соққы тиген азаматтың көз жұмғаны анықталды», деп хабарлаған еді жедел жәрдем қызметінен.
Кейін тәртіп сақшылары оқиғаны жіті тексеріп, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша тергеу жүргізді. Күдікті Жоламан Құсайынов ұсталып, қамауға алынды. Алғашқыда қайтыс болған Сергей Сухоносенконың туыстары төбелесті алғаш бастаған Ж.Құсайынов деп кінәлаған еді. Кейін көше камераларындағы жазбадан қарап, оқиғаның шын мәнінде басқаша өрбігеніне куә болдық. Бейнежазбада марқұм жігіттің теңселе басып клубтан шыққаны, одан соң өз бетінше сөйлесіп тұрған үш замандасына жақындағаны байқалады. Олардан әлденені сұрағандай (сотта шылым сұрағаны айтылды) болады. Кейін артқа шегініп, қалтасынан пышақ алып шығады да оң қолына ұстайды. Әлгілерге жақындап келіп, сол қолымен Жоламанның бетінен ұруға әрекеттенеді. Осы арада екеуінің арасында төбелес басталып, Ж.Құсайынов ішімдікке тойып алған жігіттің соққыларынан жалтарып, күрес әдісіне салып жығып алғанын көруге болады. Бірер сәттен соң жібере салғанымен Сергей қайтадан келіп шүйліккен. Қорғанып жүрген азамат бір-екі соққы жасауға мәжбүр болған. Жұдырығымен ауа қармап жүрген Сергейдің кенеттен артқа шегініп, екі қолын жая жерге гүрс етіп құлағаны да камераға түсіп қалған. Алайда қорғанып жүрген жігіт бұл сәтте оған ешбір соққы жасамаған.
Кейін анықталғандай, 23 жастағы С.Сухоносенко бұл түні көңіл жарастырып жүрген қызымен уақыт өткізіп, соңынан жанжалдасып, «Гоголь» клубына кетіп қалған. Оқиға орнында болғандардың ешқайсысы жанжалды шешуге оқталмағаны да таңғалдырады. Клубтың қауіпсіздік қызметі де кіріспеген. Медициналық сараптама Сергейдің миына қан құйылғаннан қайтыс болғанын анықтады. Сарапшылар жігіттің басынан 7-8 соққы алғаны туралы қорытынды шығарған.
Сот отырысында Жоламанның ішімдік ішпегені, өзін қорғағаны назарға алынды. Жанында болған куәгерлер марқұм азамат алғаш болып пышақпен шабуылдағанын мысал етті. Ақыр-соңы Павлодар қалалық №2 сотының үкімімен Жоламан Құсайынов абайсызда адам өліміне әкеліп соққан қылмысы үшін кінәлі деп танылып, 4,5 жарым жылға бас бостандығынан айрылды.
Алайда екі тарап та бұл шешіммен келіспей отыр. Сергейдің анасы ол кем дегенде 8 жыл түрмеде отыру керек деп есептейді. Ал айыпталушының туыстары сотта негізге алынған баптарды қайта қарап, оны рұқсат етілген өзін-өзі қорғау шегінен асып кету бабына ауыстыруды талап етеді. Екі отбасы жыл басында сотта қайта кездескен еді. Үкім әзірше сол күйінде қалдырылды.
Қазір бұл оқиғаға қатысты жергілікті қоғамның пікірі де қақ жарылып тұр. Бірі «жас жігіт адам қолынан қаза тапты, сол үшін тиісті жазасын алуы керек» десе, екіншілері «Жоламанның ешбір жазығы жоқ, өзін қорғағаны үшін қаншама жыл ғұмырын түрмеде өткізуі әділетті емес» деген пікірде. Бұл істі сот алдағы уақытта қайта қарап, әділетті үкім шығарады деген сенімдеміз.
Павлодар облысы