Өндіріс • 06 Ақпан, 2025

«Теңіз» коллекторындағы телегей

874 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаһандық мұнай алпауыттары көз тіккен «Теңіз» кен орнының коллекторында мұнайдың мол қоры бар. 1976 жылы 24 маусымда №1 ұңғымада бұрғылау басталған еді. Бұл жұмысты сол кездегі «Эмбанефть» өндірістік бірлестігі басшыларының ұсынысымен Волгоград бұрғылау басқармасының бұрғышылары қолға алған. 1979 жылдың 18 желтоқсанында ірі кеніштің ашылғаны, тұзасты қабатынан тәулігіне 475-600 текше метр мұнай өндіруге болатыны анықталды.

«Теңіз» коллекторындағы телегей

Алайда мұнай құрамындағы күкірт мөлшері 25%-ды құраған. Міне, осы жайт кен орнын игеру ісін 14 жылға кешеуілдетті.

Ел тәуелсіздігінің елең-алаңында Жылыой ауданын­дағы аталған кенішті игеру мақ­сатында шетел инвесторымен бірлескен «Теңізшевройл» компаниясы құрылды. Ком­панияның бас директоры Кевин Лайонның мәліметіне қарағанда, қазір «Теңіз» кені­шінің коллекторында 3,1 млрд тонна «қара алтын» қоры бар. Бұл – 25 млрд баррель. Ал онымен іргелес Королев кен алаңында мұнайдың 200 млн тоннаға (1,6 млрд баррель) жете­тін қоры есепке алынып отыр. Қос кен орнынан алынатын көмірсутекті шикізаттың көле­мі 1,4 млрд тоннаға (11,5 млрд баррель) жетеді. «Теңіз» коллек­торының ені 20 (12 миль), ал ұзындығы 21 шақырымға (13 миль) созылып жатыр.

Міне, тұзасты қабатындағы осынша мол телегейді өндіру көлемін арттыруға қадам жасалды. Осы орайда 2016 жылы «Теңізшевройл» акциялары­ның 50%-ына иелік ететін «Шеврон», 25%-ын ұстап отыр­ған «ЭксонМобил Казахстан», 20% үлесі бар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, 5%-ды қанағат тұтқан «ЛукАрко» секілді акционер­лер ортақ шешім қабылдаған еді. Бұл – келешек кеңею және ұң­ғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын іске асыру бастама­лары. Қос жобаның құны – 45 млрд доллар.

Кен орнындағы өндіріс өрісін кеңейтетін бұл жобаларды еліміздің мұнай-газ өнеркәсібіндегі ең ауқымды деуге негіз бар. Өйткені алдымен жоба құрылысына қажетті 408 модульді жеткізудің үш жылдық бағдарламасы қолға алынды. Соның аясында әр­қайсысы 500-ден 1 800 тоннаға дейінгі модульдер Қазақстанда, Оңтүстік Корея мен Италияда дайындалды. Бұл модульдерді жеткізу үшін Каспий теңізі жағалауындағы Прорва түбегінде жаңа порт салынды. Дәл порттың жүк түсіру терминалына Ресейдің ішкі су жолы арқылы жалпы салмағы 280 мың метрикалық тоннаны құраған модульдік жүк жеткізілді.

па

«Теңіз» кен орнындағы жобадан отандық компаниялар да тыс қалмады. Мәселен, «Еrsai», KCOI компаниялары Маңғыстау облысында халықаралық стандарттарға сәйкес 75 модульдік эстаканы құрастырып, қашықтан бақылайтын 10 блоктың құрылысын жүргізді. Жоба құрылысына қолда­ныл­ған жүктерді тасуға 120-дан астам кеме пайдаланылды. Оның ішінде 40 кеме жаңадан құрастырылса, кейбірі жоба құрылысы үшін тасымалданатын жүктің ерекшелігіне байланысты арнайы өзгертілді.

Бас директор Кевин Лайонның айтуынша, келешек кеңею – ауқымы мен жаһандық күрделілігі тұрғысынан ірі жоба әрі маңызды жетістік. Жобаны жүзеге асыру кезінде халықаралық компаниялармен серіктестік қатынас орнап, технологиялар трансферті қамтамасыз етілген. Сондай-ақ Атырау облысындағы инфрақұрылымды жаң­­ғыр­туға ықпалы тиген.

«Кен орнындағы екі инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылды. Енді шикі мұнай өндірудің жалпы көлемі жыл сайын 12 млн тоннаға ұлғаяды. Жобаға сәйкес, барлық өндiрiстiк нысан толық iске қосылғаннан кейiн мұнай өндірудің жылдық көлемі шамамен 40 млн тоннаны құрайды. Бұл ел бюджетіне салық, роялти және басқа да тікелей қар­жылық төлем есебінен қосымша кіріс түсіреді. Келешек кеңею жобасы негізгі өндірістің сенімді жұмысын сақтауға, Қазақстанның әлемдік энер­­гетикалық нарықтағы ірі жеткізуші ретіндегі мәртебесін нығайтуға септігін тигізеді», деп мәлімдеді К.Лайон.

«Теңізшевройл» ЖШС бас дирек­­­торының орынбасары Көңілқош Сүйесіновтің мәліметінше, жоба құ­ры­лысы үшін жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұм­сал­ған қаржының көлемі 19,5 млрд доллар болды. Ал жобаны іске асыру үшін жергілікті компаниялармен 1 250-ден астам келісімшарт жасалған.

«Жоба шеңберінде шамамен 90 мың жұмыс орны ашылды. Оқыту курстары арқылы 37 500-ден аса білік­­ті ұлттық маман даярланды. Кадр даярлау елдегі білікті мамандар әлеуе­тін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосты. Енді ұлттық мамандар тәжіри­бе­сін еліміздегі өнеркәсіптік жобаларда, халықаралық деңгейдегі нысандар құрылысында қолдана алады», дейді К.Сүйесінов.

Оның айтуынша, «Теңізде» іске асырылған жобаларды басқарудың жаңа әдісі іздестірілді. Сөйтіп, кен орнындағы орналасқан өндірістік нысандар 20 шақырым қашықта біріктірілген өндірісті басқару орталығы іске қосылды. Орталықта соңғы үлгідегі цифрлы технологиялар орнатылған. Орталықта кеніш операторларына ең тиімді шешім қабылдау сенімділігін арттыратын, өндірістік көрсеткіштерді оңтайландыруға қажетті тәсілдерді қолдануға көмектесетін диспетчерлер пульті бар. Мұны сала мамандары еліміздің мұнай-газ өнеркәсібіндегі бірегей нысан ретінде сипаттайды.

«Біріктірілген басқару орталығы «Теңізшевройлдың» барлық өндірістік нысаны мен зауытын бір орталықтан басқаруға, бірыңғай оперативтік модельге біріктіруге жол ашып отыр. Мұндай тың тәсілмен жұмыс істеу компанияға өндірісті қауіпсіз әрі үздіксіз жүргізуге, қызметкерлеріміз бен өзіміз еңбек ететін өңірдегі қоғамдастықтың игілігі үшін қосымша пайда әкелуге көмектеседі», дейді Кевин Лайон.

Көңілқош Сүйесіновтің дерегіне сүйенсек, біріктірілген өндірісті басқару орталығының құрылысын жүргізу, іске қосу үшін 30-дан астам отандық компания мен 600-ден астам жер­гілікті қызметкер атсалысқан. Жаңа басқару орталығы өзіміздің ма­мандардың кәсіби білігі мен дағ­дысын жетілдіруге серпін берген.

 

Атырау облысы