
– Ербол Қуантайұлы, 2024 жыл отандық спортта маңызды кезең болды. Спортшыларымыз төрт жылда бір келетін Олимпия ойындары мен Паралимпиадада, екі жыл сайын өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бақ сынады. Сала басшысы ретінде өткен жылдың көрсеткіштеріне көңіліңіз тола ма?
– Рас, былтыр ірі спорттық оқиғаларға куә болдық. Төрт жылдықтың басты додасы Олимпия ойындарын өткердік. Париж төріндегі байрақты бәсеке қазақ спортының тарихи жетістіктерімен жылнамаға жазылды. Әуелі дзюдошы Елдос Сметовтің алтын жүлдесін айтуға тиіспіз. Олимпиаданың алтын, күміс, қоласын қатар иеленген саңлағымыз ұлт мақтанышына айналды. Гимнасшыларымыз ел тарихында тұңғыш рет медаль олжалап, жанкүйер қауымды қуантты. Нариман Құрбановтың күмісі –алтынға пара-пар жүлде. Сол секілді мергендеріміз Ислам Сәтпаев пен Александра Ле еншілеген қола жүлденің де, басқа жүлделердің де құны барынша қымбат.
Шынын айту керек, әлемдік спорт сарапшылары Париж Олимпиадасында еліміздің алтын медаль жеңіп алатынына сенген жоқ. Беделді «Inside the Games», «Sports Illustrated» басылымдары осындай болжам ұсынды. Олар Францияға осыдан төрт жыл бұрын Токио Олимпиадасына қатысқан спортшыларымыздың шамамен 50%-ы бара жатқанын, 2023 жылы Қытайда өткен Жазғы Азия ойындарында өнер көрсеткен құрамының 80%-ға жуығын апаратынын алға тартты. Токио Олимпиадасында алтын мен күміс бұйырмай, кілең қола медаль иеленгеніміз белгілі. Сол секілді Ханчжоудағы Азиаданың еліміз үшін сәтсіз аяқталғаны тағы бар. Жоғарыда аталған басылымдар мұндай құраммен Парижде тәуір нәтиже көрсету қиын екенін ескертті. Соған қарамастан, спортшыларымыз 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль олжалады. Ұлттық құрама Токиода 83-орын алса, Парижде 43-орынға тұрақтады.
Бұдан кейін жаһан жұртымен бірге Паралимпия ойындарына көз тіктік. Бұл да бағымызды асырған бірегей бәсеке болды. Давид Дегтярев Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы атанып, отандық спорт тарихының жаңа парағын ашты. Дзюдошы Ақмарал Науатбектің алтын медалі мәртебемізді арттырды. Жалпы, пара-дзюдошылардың жетістігі бөле-жара атап өтуге тұрарлық. Париж татамиінде белдескен 10 балуанның бесеуі тұғырдан көрінді.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қыркүйекте төрткүл дүниенің дидары Астанамызға ауды. Елордада V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын ойдағыдай ұйымдастырдық. Әлемнің 89 мемлекетінен 2,5 мыңнан астам спортшы қатысып, он мыңдаған турист жиналған жаһандық жарыста ұлттық құрамамыз жалпыкомандалық есепте топ жарды. Көшпелілер ойындары арқылы қазақтың мәдениеті мен дәстүрін, туристік әлеуетін әлемге әйгіледік.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз 2026 жылғы дәстүрлі спорт түрлері мен киберспортты біріктіретін бірегей турнир – «Болашақ ойындарын» өткізу мүмкіндігіне ие болды. Бұл да – былтырғы жылдың еншісіне тиген маңызды оқиғаның бірі.
2025 жыл да – маңызды кезең. Спортшыларымыз Қытайдың Харбин қаласындағы Қысқы Азия ойындарына қатысады. 2026 жылғы Қысқы Олимпиаданың лицензиялық жарыстары басталады. Мұндай бәсекелерден барынша көп жолдама иелену – басты мақсат.
– Парламент Мәжілісінде «Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші және екінші оқылымда мақұлданды. Құжатта қандай жаңашылдық бар?
– Заң жобасында отандық спортқа оң өзгерістер әкелетін маңызды жаңашылдықтар қамтылған. Біріншіден, басым спорт түрлерін анықтаймыз. Оларды рейтинг негізінде емес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Пара Азия ойындарының нәтижесімен қалыптастырамыз. Қазір елімізде 180-нен астам спорт түрін дамытуға күш салынып отыр. Бұлардың барлығы бойынша спорт резерві даярланады. Бірақ жыл сайын 13 жазғы, 5 Қысқы олимпиадалық спорт түрінен ғана медаль бұйырады. Осының бәрі – спортшыларды даярлау жүйесіндегі сәтсіздіктердің салдары. Жыл сайын уәкілетті орган ретінде Балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен мектеп-интернаттарға арналған шығындардың өскенін байқап отырмыз. Шығынның көп бөлігі олимпиадалық емес спорт түрлеріне жұмсалады. Заң жобасын әзірлеу барысында жақын (Өзбекстан, Беларусь), алыс шетелдердің (Ұлыбритания, Германия, Норвегия) халықаралық тәжірибесі зерттелді.
Заң жобасына сәйкес спорт федерацияларының қызметі де өзгереді. Қазіргі уақытта жергілікті, өңірлік, республикалық федерациялар жеке субъект саналады. Олар бір-біріне бағынбайды. Тиісінше, спортты дамытуда тәуелсіз саясат жүргізеді. Осының бәрі мүдделер қақтығысына, жауапкершіліктің босаңсуына, спортты дамытудың баяулауына әкеледі. Ұсынылып отырған модель жергілікті федерациялардың аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерацияларына бағыныштылығын көздейді. Осыған байланысты заң жобасы аясында жоғары жетістіктер спортына жататын бағыттарды нақты шектеу ұсынылады. Бұлар – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Пара Азия ойындары бағдарламасына енгізілген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері. Олардың ішінде медаль нәтижесі жоғары спорт түрлері басым спорт түрлеріне қосылады. Тиісінше, республикалық әрі жергілікті деңгейде бірінші кезекте қаржыландырылады. Спорт резерві тек жоғары жетістіктер спорты бойынша даярланады. Бұл жұмыс уәкiлеттi орган бекiтетiн спорттық даярлықтың ұлттық стандарттарына сәйкес қатаң жүргiзiледі. Осы өзгерістердің барлығы қазіргі спорт жүйесін жаңғыртуға, оның нақты нәтижеге бағдарлануына алып келеді. Бюджет қаражатын жұмсаудың тиiмдiлiгi, барлық спорт субъектiсiнiң жауапкершiлiгi артады.
– Былтырдан бері отандық спорттағы біршама оң өзгеріске куә болып келеміз. Соның бірі өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындауға қатысты. Қазір басқарма басшылығына министрлік жанынан құрылған комиссияның оң қорытындысын алғандар ғана тағайындалады. Басқару жүйесіндегі мұндай жаңашылдық қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?
– Мемлекет басшысы былтыр Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен болған кездесуде спортта басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Соның нәтижесінде спорт саласының барлық деңгейінде бірыңғай басқару вертикалін құру жұмысы басталды. Мұндай қадамның қаншалықты маңызды екенін өткен жылғы Олимпиада дәлелдеп берді. Спортшылардың дайындығына министрлік пен Ұлттық Олимпиада комитеті ғана емес, жергілікті спорт басқармалары да жауапты. Әрі жауапкершілік жүгі қай тарапқа болсын теңдей түсуі керек. Төрт жылда бір келетін дүбірлі додаға бірде-бір жолдама алмаған өңірлер бар. Бұл кейбір аймақтарда олимпиадалық спорт түрлерінің дамуы кенжелеп қалғанын көрсетеді.
Әлемдік қауымдастық ел спортын Олимпия ойындарының нәтижесіне қарап бағалайды. Өз кезегінде біз де белгілі бір деңгейде өңірлердегі спорттың жағдайына, Олимпиадаға қанша жолдама алғанына әрі қанша жүлде иеленгеніне қарап баға береміз. Демек Олимпиадаға мейлінше көп жолдама иелену, барынша көп медаль олжалау барлық тараптардың ортақ мақсатына айналуға тиіс. «Мақсат – жеңу емес, қатысу» деген қағида бұл жерде жүрмейді. Спортта өңірлер арасында өзара бәсекелестік болуы керек. Үкімет басшысы Олжас Бектенов те осыны ескертті.
Осы күнге дейін өңірлерде спорт саласында қандай жұмыс атқарылып жатқаны орталыққа белгісіз болып келгені рас. Жалпылама ғана белгілі, бірақ түбіне үңілген ешкім болмады. Әр өңір өз бетінше жұмыс істеді. Соның салдарынан түрлі қателікке жол берілген. Жоғарыда аталған Президент тапсырмасын орындауға кіріспес бұрын министрлік жанынан арнайы мониторингтік топ құрып, аймақтарға аттандырдық. Мұндағы мақсат – өңірлердегі спорттың қазіргі жай-күйін көзбен көріп, нақты бағамдау. Мониторингтік топ біршама кемшіліктің бетін ашып берді. Мәселен, кейбір өңірде бюджеттен бөлінетін қаражаттың көп мөлшері олимпиадалық емес спорт түрлеріне жұмсалып келген. Олимпиадалық мақсаттағы спорт нысандары мүлдем басқа бағытта жұмыс істеген. Мұндай олқылықтарға жол бермеуге бірыңғай басқару жүйесін қалыптастыру маңызды. Өңір басқармалары өзімбілемдікке салынбай, бекітілген жүйемен, нақтыланған бағдармен жұмыс істеуі қажет. Мемлекет басшысының айтқаны да осы.
Әлдекімдер «Бұл жерде мүдделер қақтығысы туындамай ма?» деген пікірді көлденең тартып жүр. Меніңше, мүдде қақтығысы мүлдем болмауы керек. Қайта бұл – министрлікке де, әкімдіктерге де тиімді. Өйткені спортты дамытуға қос тарап та жұмылып, қатар жұмыс істейді. Былтырдан бері Қарағанды, Павлодар, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақтөбе облыстық спорт басқармаларының басшылары жаңа жүйемен тағайындалды. Бүгінде министрлік жанынан құрылған комиссия Алматы қалалық, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстық спорт басқармаларының басшыларын тағайындауға келісімін берді. Кәсіби мамандардың іріктеуінен өткен жаңа басшылар жерге қаратпайды деп сенеміз.
Спорт федерацияларының басшыларына қойылатын жауапкершілікті де арттырдық. Бұл да Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Яғни федерация президенттері қызметінің негізгі көрсеткіштерін (KPI) айқындап береміз. Дәл осындай KPI өңірлік спорт басқармаларына да қолданылады. Енді жоғары жетістіктер спортына тұтастай министрлік жауап береді.
– Бір аңғарғанымыз, министрлікке келгелі халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше күш салып жатырсыз. Мұның сыры неде?
– Олимпиада аяқталған күннің ертеңінде келесі олимпиадалық циклдің дайындығы басталды. Парижде жіберген қате-кемшіліктерді 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында қайталамас үшін дайындықты Париж додасынан кейін бірден бастап кету маңызды болды. Алдымызда төрт жыл бар деп арқаны кеңге салудың қажеті жоқ. Төрт жылыңыз көзді ашып-жұмғанша өте шығады.
Париж Олимпиадасында елімізге халықаралық спорт қауымдастығымен ынтымақтастықты арттыру аса маңызды екенін аңғардық. Осы бір олқылықтың орнын толтыру бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен бірнеше рет кездестік. Визер мырза елімізге арнайы сапармен келді. Астанада Халықаралық дзюдо федерациясының ұйытқы болуымен дзюдо академиясын ашу туралы келісімге келдік. 2027 жылы елімізде дзюдодан Әлем чемпионаты ұйымдастырылатын болды. Бұл – Олимпиада алдындағы маңызды жарыс.
Желтоқсан айында Халықаралық олимпиада комитетінің спорт директоры Кит МакКоннелл арнайы келді. Еліміздің Ұлттық олимпиада комитеті мен Халықаралық олимпиада комитеті арасындағы өзара ықпалдастық әлеуетін арттыру маңызды. Қос тарап та осыған ынталы.
Жуырда Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мұхаммед Джалуд әл-Шаммаримен, Азия ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Юсеф әл-Манамен кездестім. 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының іріктеу додасын елімізде өткізу, ауыр атлетика академиясын ашу туралы ұсыныстар айтылды. Қазір осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.
Мәртебелі меймандарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдады. Бұл отандық спортты, халықаралық серіктестікті дамыту мақсатында еліміздің түрлі тараптағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін айғақтайды. Сонымен қатар жуырда Халықаралық су спорты федерациясының президенті Хусейн әл-Мусаллам елімізге арнайы келді. Онымен де маңызды мәселелерді талқыладық.
Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясындағы (World Boxing) жаңа Олимпиадалық комиссияның төрағасы атанды. Түптеп келгенде, осының бәрі отандық спорттың халықаралық деңгейдегі ынтымақтастыққа деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Жоба-жоспарларымыз жетерлік.
– Ербол Қуантайұлы, әңгіме ауанын министрлікке қарайтын тағы бір маңызды сала – туризмге қарай бұрсақ. Өткен жылы еліміз заманауи көшпелілерге арналған «Neo Nomad» визасын шығарды. Бұған популистік бастама деп баға бергендер бар. Жаңа визаның экономикалық тиімділігі туралы не айтар едіңіз?
– Бұл туралы әңгімені бастамас бұрын отандық туризм 2025 жылды жағымды жаңалықпен ашқанын айта кеткен жөн. «CNN Travel» нұсқасы бойынша еліміз 2025 жылы саяхаттауға тұрарлық ең үздік орындар тізіміне енді. Атап айтқанда, Алматы қаласы саяхаттауға тиіс ең үздік бағыттардың қатарына қосылды. Сарапшылар Алматыны Орталық Азияның «Жаңа стиль астанасы» деп атады. Жаңа жыл осындай сүйінші хабармен басталды.
«Neo Nomad Visa»-ға келсек, бұл – бірегей жоба. Оны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірледік. Виза заманауи көшпелілерге, яғни саяхаттап жүріп-ақ қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристерге арналған. Коронавирус пандемиясынан кейін бірнеше ел осындай бағдарламаларды жүзеге асырды. Біз дәл сондай 50-ден астам елдің халықаралық тәжірибесін зерделеу нәтижесінде жаңа визалық режімді қолға алдық.
Виза иелеріне елімізде бір жылға дейін тұруға мүмкіндік беріледі. Осы уақыт ішінде олар шетелдік компанияларда жұмыс істей алады. Бұл шетелдік туристерге еліміздің мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануға мүмкіндік берсе, елге экономикалық пайда әкеледі. Мәселен, визаны жылына 500 адам алса, экономикалық тиімділік шамамен 3,6 млрд теңгені құрайды. «Neo Nomad» визасын пайдаланатын шетелдік азаматтар елімізде тұрып, қаражатын осында жұмсайды. Осы жерде басын ашып алатын бір мәселе бар. Олардың елімізде жұмыс істеуі отандық еңбек нарығына әсер етпейді. Бұл жағы қатаң ескерілген.
– Туризм – біздің елдегі әлеуеті енді ашылып келе жатқан сала. Оны одан әрі дамытуға қатысты қандай маңызды жобалар бар?
– Отандық туризм экономиканың драйверіне айнала алатындай мүмкіндікке ие. Біздің мақсат – соны жан-жақты аша отырып, жарқырата дамыту. Былтыр Мемлекет басшысы отандық туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізді. Бұған дейін туризм саласына арналған мұндай ауқымды жиын ұйымдастырылған емес. Осыдан-ақ ел Президентінің салаға қаншалықты назар аударып отырғанын аңғаруға болады. Кеңесте Мемлекет басшысы нақты бағыт-бағдарды айқындап берді. Соның бірі Маңғыстау өңірінде туризмді дамытуға қатысты. Негізгі міндеттердің бірі – «Жылы жағажай» туристік бағытындағы нысандарды толық іске асыру. Бұл өңірдің ішкі және шетелдік туристерге тартымдылығын едәуір арттыруға жол ашады. Жобаларды іске қосу туристік аймақтың қалыптасуына, шағын және орта бизнестің дамуына, қосымша салық түсімдерінің артуына, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Бұған қоса Алматы өңірінің тау кластерін дамыту, Щучье-Бурабай курорттық аймағын жаңаша түрлендіру де – басты мақсатымыз. Бұған қатысты нақты жоспарымыз бар, оны кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз.
Туризм саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Соңғы статистикалық деректердің өзі осыны аңғартып отыр. Мәселен, 2024 жылы елімізде туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 947,5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 20,3%-ға артық. Бір жыл бұрын көрсеткіш 787,3 млрд теңгеге тең болған. Инвестициялар көлемінің өсуі 15 өңірде байқалып отыр. Бұл деректер инвесторлардың еліміздегі туристік инфрақұрылымды дамытуға қызығушылығы артып келе жатқанын әрі саланың капитал тартуда үлкен әлеуетке ие екенін көрсетеді.
2024 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жетті. Шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп. Оның ішінде шетелдік 969 мың турист демалыс орындарына орналасқан. Саланың экономикалық көрсеткіштері де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Орналастыру нысандарының жалпы кірісі 27%-ға өсіп, 224 млрд теңгені құрады. Мұндай нысандардың саны 306-ға көбейіп, 4 315-ке жетті, олардың сыйымдылығы 18 мың төсектік орынға дейін артып, 226 мыңға тең болды. Бұл еліміздің ішкі және халықаралық туристерді қабылдауға дайындығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»