
Сурет: irbistv.kz
Сәулет саласының маманы Назар Жұмабеков облыс орталығындағы ғимараттарда біркелкі сәулет үлгісі сақталмай отырғанына қынжылады. Оның пікірінше, шаһарда көрікті нысандар жеткілікті, соның ішінде бүкіл елімізге танымал Мәшһүр Жүсіп мешіті мен Благовещенский соборы бар.
Елімізде бірыңғай сәулеттік келбет ұғымын енгізудің тәжірибесі бар. Алматыда 2023 жылы дизайн-код деп аталатын құжат қабылданды. Мамандардың ойынша, ұсақ-түйек мәселелер түгелдей қамтылған мұндай құжатты барлық қалаларда қабылдауға болады.
– Сәулет қайдағы бір жеке ұстаным, көзқарастардан бастау алмауға тиіс. Дизайн-код – құжат. Бас тартылған шешімдердің барлығын кәсіпкерлер палатасы, прокуратура, тағысын-тағылар тексереді. Дизайн-кодта барлығы жазылады: төселетін кеспе тастар, жол жабынынан бастап қасбеттің түсі мен өңі, қаптама материалдары, маңдайшалар, көгалдандыру, шағын пішіндер де бар, – дейді Н.Жұмабеков.
Павлодар билігі дизайн-код туралы 2022 жылы ойлай бастаған еді. Мемлекеттік сатып алулар порталында құжатты әзірлеуге қатысты лот пайда болды. Бірақ конкурс өткізілмеді.
– Қазірде қаланың дизайн-коды бар, алайда ол қандай да бір құқықтық құжатпен бекітілмеген. Біз оны басшылыққа ала алмаймыз, себебі заң жүзінде бекітілмеген соң белгілі бір іс-шаралар қабылдауға құқымыз жоқ. Қолданыстағы заңнама мүмкіндігімізді шектейді. Астана мен Алматы айрықша қала мәртебесіне ие болғандықтан, олар заңнама аясында әрекет етіп отыр, – деп түсіндірді Павлодар қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Тимур Сейітқалиев.
Былтыр қаладағы орталық көшелердің бірін қайта жаңартуға шешім қабылданды. Лермонтов көшесінің жаңа келбетін Алматы урбанистері ұсынды. Мұнда автобустар мен велосипедшілерге арналған жол, жаяу жүргіншілер жолдарында демалыс аймақтары, субұрқақтар қарастырылды. Жалпы, шаһардағы көшелердің сыртқы келбетін тұтастай өзгерту мүмкін емес. Кәсіпкерлік нысандардағы жарнамалық түрлі маңдайшалар, баннерлер, түсті палитралар бәрібір өзгеріссіз қалып отыр.
2023 жылы Алматының атаулы құжаты бекітіліп, кейін шаһардағы дизайн-кодқа сәйкес келмейтін маңдайшалар мен баннерлер алынды. Былтыр жазда Астана қаласының дизайн-коды әзірленді. Павлодарлық сәулетшілер мұндай құжат әрбір аймақта, кемі облыс орталығында болуы керек деп есептейді.
Павлодар облысы