
– Алдымен сіз оқырманға сыншы ретінде танылдыңыз. Сондықтан әңгімені сыннан бастасақ. Қазіргі әдеби сынның деңгейі қандай, оған көңіліңіз тола ма, соған тоқталсаңыз?
– Сыншы – сирек дарын. Бірақ бұл мойындалған шындық десек те, нағыз сыншының қадірін біле бермейміз. Қазір әдеби талдаудың орнына тамсанып жалықтыратын, дәлелдеудің орнына қызыл сөзбен орағытып шапқылай беретін, мәтін ерекшелігін нәзік сезіне алмайтын сырдаң сыдырту белең алды. Шындығында, көбік сөзді көпіртіп жазған сынға ұқсас пікірлердің аткөпірлігі сынның беделін түсірді. Бір жағынан, автордың білім-білігі, таным-түйсігі, ойлау мен сезінуі, сөз саптауы оның жазған сынынан немесе көркем шығармасынан анық көрінеді. Нағыз әдеби сын – терең көркемдік таным мен сергек эстетикалық талғамның, тәжірибе мен шеберліктің, еңбек пен жауапкершіліктің жемісі. Оны айыптау емес, байыптау деп түсіну қажет.
Қазір әдеби сын мүлдем жоқ емес, бар. Негізінен белсенділік көрсетіп жүргендер – жас сыншылар. Олардың жарияланып жүрген сыни, ғылыми мақалаларында әдеби шығарманы түрлі тұжырымдама мен алуан мәселе тұрғысынан қарауға игі талабы айқын. Әйтсе де сыншылар қатары тым аз. Оларға қолайлы жағдай жасалмай келеді. Сын жаза алатын қаламгерлеріміз де аз емес. Соларға да қозғау салып, сыншылар қатарын көбейту – уақыт талабы. Сан бар жерде сапа да жақсаратыны анық.
Дегенмен әдеби сын үнемі көңілдегідей биік деңгейде жазыла бермейді. Елімізде жылына төрт-бес мың жаңа кітап жарық көреді. Оған бұрын жазылғандарды қайталап басып, мезі ететін, ықыласпен оқуың қиын көптомдықты қосыңыз. Қазір классик атанудың ең таптаурын, оңай жолы әлсін-әлсін көптомдық шығару сияқты. Олардың барлығына әдеби сын арқылы талдау жасап, тосқауыл қою мүмкін емес.
– Бұрын сыншының сұсы, сынның азуы бар еді. Бүгінде сол азу қалды ма?
– Қасаң жазылған әдеби сын мен зерттеу еңбектерін оқырман түгілі қаламгерлер де оқымайды. Ал мерзімді баспасөзде жарияланып жүрген әдеби сынның әлжуаздығы мен шалағайлығы оқырман талғамын төмендетті. Басқаны былай қойғанда, қаншама мектеп оқушысына арналған оқулықтар мен оқу құралдарында, хрестоматияларда білікті әдеби қауым тарапынан мойындалмаған, жоғары бағаланбаған шығармалардың жылдар бойы қайталап ұсынылуы – бағдарлама жасаумен айналысатын мекемелердің біліксіздігі демеске амал жоқ.
Жалпы, белгілі бір тұлға мен күрделі тарихи кезеңді арқау еткен шығармалар тарихи-көркемдік мәлімет үшін таңсық немесе құнды көрінер, алайда оны нағыз әдебиеттің биігі, көркемдік табысы деп айту шындыққа үйлесе қоймайды. Журнализмге ұқсайтын сондай шығармалар әдебиетіміздің табысы деп бағалануы – сынның азусыздығы дегеннен гөрі жаппай етек алған жалған мадақтың, екі жеп биге шыққысы келетін астыртын есепшілдіктің, талғамсыздықтың бір көрінісі дер едім. Сыншы да – шығармашылық тұлға. Азулы сын жазса, өтпелі өмірде құлағынан қиқу кетпейтінін, бақиға кетсе де, құлағын шулата беретінін көрдік. Сонымен қатар ақпарат құралын өзінің жекеменшігі сияқты пайдалануға бейім, кейбір басшылардың «ептілігі», «көңілжықпастығы», шалағай мақалалардың жариялануына тосқауыл қоймауы, көркемдік деңгейі нашар кітаптардың көпе-көрінеу насихатталуы ақиқаттан алыстатып, оқырманды адастырады. Бұл басшының да, басылымның да, сынның да беделін түсіреді. Мұны «айтпаса, сөздің атасы өледі» дейміз. Ақиқатын айтқанда, суреттеу мен баяндауды жіті ажырата алмайтын, сөз қолдану сипатына қарап, сөйлемнің пластикасын, мәтіннің деңгейін аңғара алмайтын, өмірлік-әлеуметтік тиянағы мен философиялық астарын түсінбек түгілі түйсіне алмайтын, журналистиканы әдебиет деп, әдебиетті журналистика деп ұғынатын қарабайыр сын-зерттеулерге қалай қарын ашпайды. Мұндайда шала таным адастырады, шалағай талғам таластырады.
– Талғам туралы айтып қалдыңыз. Бір кездегі көркем сөздің дәміне тамсанатын талғампаз оқырманнан айырылып қалған жоқпыз ба?
– Шынында да, ол буын тым сиреп қалды. Кейде мүлдем жоғалып бара ма деп алаңдаймын. Қазір қарапайым оқырман түгілі, мүйізі қарағайдай ғалымдардың біразы «проза көпсөзділіктен арылып келеді» деп пайымдауға бейім. Толқытпайтын, кейіпкердің жүрген-тұрғанын тықылдатып тізіп бергенге «мәз» есепшот проза, олай бір, бұлай бір ырши беретін үзік-үзік, шегіртке сөйлемдер, телеграмма мәліметі секілді «асығысы» көп шығармалар бірде сценарийге, бірде пьесаға ұқсап жатады. Уақыт, мекен, кеңістікті нақты жеткізе алмайтын журналистік жүрдек қызыл сөздер ағыны – әлбетте, көпсөзділік. Ал жазушының жан тереңінен шымырлап шыққан әр сөзі сөйлемнің сырын тереңдетіп, әр «бөлігі» ынталы көзге ғана сырын аңғартады. Ал жалпы мазмұны өзіндік күрделі әлемге айналған шығармалар көріністі, ситуацияны, соны түйсінген кейіпкердің табиғатын, рухани әлемін де сезіндіре алады. Сол арқылы оқырманның интуиция әлеміне жететін, кемелдендіретін импульс қазынасы молая бермек. Көркем әдебиеттің мүмкіндігі мен миссиясы – соған үлес қосуында.
Қазір жүздеген мың таралыммен шығатын әдеби шығарманы таба алмайсыз. Аудан мен ауылдағы кітап дүкендерінің жойылуы халқымыздың рухани әлеміне орасан зор соққы болып тиді. Бүгінде ойлы оқырман түгіл екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайтындар көбейді. Осындай жағдайда әдеби сыннан азулылықты талап етуге дәтіміз бармайды. Анығында, бүгінгі әдеби сын сынауға емес, қамқорлыққа зәру! Салмақты бір мақала жазуға қаншама уақыт, қуат жұмсалатынын жазбаған адамдар білмейді. «Аттың жалы, түйенің қомында» жазыла салатын пікірлер – сауатты, шынайы сын емес.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиетке де еркіндік келді. Түрлі әдеби ағымдар пайда болды. Бүгінгі қазақ әдебиеті қай бағытпен дамып барады деп ойлайсыз?
– Алдымен бағдарымызды байыптау үшін әдебиеттің даму бағытын таразылау қажет. Дегенмен оны дұрыс немесе бұрыс деп бағалап қақпайлау, тізгіндеу – жөнсіз. Көркем шығармашылыққа қалай қысым жасалғанын кезінде әбден көргенбіз. Ұқсас кейіпкерлер, деңгейлес шығармалар, таптаурын тақырыптар, стандартты туындылар миллиондардың, демек, тұтас қоғамның рухани дамуына орны толмас зиян келтірді. Қазіргі толық еркіндік жағдайында қиялдың шарықтауына да, санқилы мәнер-өрнекті құлпыртуға да қаламгердің мүмкіндігі шектеулі емес. Болмыстың құбылысы қисапсыз қиырларын, сезімнің сапырылысып, қайнап жатқан қатпар-қияндарын шарлаған тежеусіз қиялдың өзіндік «қисыны» мен өзімшіл өршілдігінен бастау алған алуан ізденіс поэзияда да, прозада да сайрап жатыр. Ең бастысы, солар сендіре ме, көңілге қона ма, көкейкестіні айта ала ма, толғандыра ма?
Әлемдік әдебиеттің таңдаулы үлгілерінен үйрену, нәр алу, жарысу бар. Көзім шалған жекелеген шығармалар бойынша айтсам, бұрын-соңды анық айшықталмаған өрнектер, бояулар, толғамдар, кейіпкерлер, тақырыптар, тәсілдер көріне бастады. Жай еліктеу ме, әлде дамыту ма, немесе далақтап қапталдасуға жан салу ма? Жалпы, әдеби үдеріске баға беру үшін қыруар кітапты оқып, зерттеп барып айту керек. Бұл мәселемен тиісті ғылыми мекемелер мен оқу орындары айналысып, зерттеу жүргізгені дұрыс.
Әсілі, тәуелсіздігімізді нығайтудың бір жолы – өзгелердің бізге деген ықылас-құрметін арттыру. Олай болса, басқа елдер мойындайтындай шығармалар жазу, ең таңдаулысын шет тілдерге аудару қажет. Мақталып жүрген шетел классикасын оқығанда, бірден көзге түсетіні – насихаты керемет, жазу техникасын қапысыз игерген, әдеби сауаттылығы талассыз. Алайда біраз шығармадағы эстетикалык қуат кемшіндігі мен көркемдік-философиялық мазмұн әлемінің жұтаңдығы қарын ашырады.
– Кейінгі отыз жыл ішінде біраз сүйекті әдеби туынды жазылды. Бірақ кәсіби сыншылар тарапынан ішінара шығармаларға болмаса, жалпы әдеби үдеріске толық баға берілді дей алмаймыз. Мұны қалай түсінеміз?
– Жалпы, әдеби үдерістің ауқымы аса кең. Көркемдік құбылыстар деуге лайықты шығармаларды іздеп табуға, тануға, талдауға мемлекеттік деңгейде мән берілмесе, жекелеген кәсіби сыншылардың мүмкіндігі жоқ. Бұл орайда мүдделі министрліктің ұйымдастырушылық іскерлігі, әлде қаржылық мүмкіндігі жетпей жататынын тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде айқын аңғарылады. Негізінде, министрлік тапсырысы мекемелерге беріліп, солар қаржыландырылады. Ал іс жүзінде әдеби сын, ғылыми зерттеу – жеке шығармашылық. Бұл салада тиімді жұмыс жүргізу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні талай дәлелденген.
Қазір әдеби үдеріске толық баға беру былай тұрсын, негізгі нышандарды жалпылама шамалаудың өзі оңай емес. Шығып жатқан зерттеулер кейде қолға түскенде, әдеби үдерістің ерекшелігін тым құрыса шамалау үшін кейде парақтап қаламыз. Ғылыми дәрежесі жоқ, сауатты оқырмандардың өздері-ақ айқындай алатын, шығармалардың мазмұны, идеясы, кейіпкерлері туралы мәлімет беріледі де, әдебиет тарихы немесе әдеби үдеріс контексіндегі ерекшелігі көмескі қалады. Зерттеушілердің көпшілігі шығарманың көркемдік сапасын ажырата алмайды. Кейде тіпті ақындардың поэзияны, жазушылардың прозаны нәзік, терең түсіне бермейтініне қайран қаласыз.
– Көркемдіктің бір кілті – жанр. Әр жанрдың көтеретін өз жүгі бар. Қазір әдеби жанрға көп мән берілмейді. Бұл үрдіс жас қаламгерлер арасында байқалады. Бұған қалай қарайсыз?
– Өз басым бүгінгі жастардың әдеби сауаттылығы мен алуан жанрдағы тынымсыз ізденісіне қуанамын. Олардың оқуына да, қалам сілтеуіне де еркіндік берілген кезеңде қай ізденісін де қолдаймын. «Көш жүре түзеледі» ғой. Өскен сайын тәжірибесі молаяды, өзіне қояр талабы да артады. Шарқ ұрып жүріп, ақыры биікке жететініне сенемін. Кеңестік кезеңдегідей поэзия мен прозаға пародия секілді өлең-репортаж, өлең-очерк, өлең-суреттеме, очерк-әңгіме, очерк-роман, интервью-роман, новелла-роман, жұмысшы табын арқау еткен поэма, су, трактор, аккумулятор зауыты туралы романдар, директор, парторг жайындағы повестердің сарынымен кетпесе дейміз. Жастар түгіл кейбір жасамыстардың мақала, этюдтерден жамап-жасқаған, қырық құрау романдарын көзіміз шалып қалады. Әр жылдары жазған тақырыптас повестердің басын қосып, роман деп жариялағандарды да естідік. Бұл құмды жинап алып, тас деп, тастарды жинап алып тау деген сияқты әсер етеді. Осы тақырыпты арнайы қарастыру дұрыс болар.
– Өзіңіз соңғы жылдары тұшынып оқыған қай туындыны ерекше бағалайсыз?
– Оқуға мұршам болмай жүрген шығармалар көп. Сондықтан қолыма тиіп, ұнаған бірін ерекшелесем, әділеттен алыс кетем бе деп тартынамын.
– Балалар әдебиетінің дамуына да қомақты үлес қосып жүрсіз. Бірақ жеткіншектер тақырыбына қалам тартып жүргендер аз секілді көрінеді. Мұның себебін айта аласыз ба?
– Балаларға арнап өнімді еңбек еткен аға буынның қатары селдіреді. Орта буын өкілдері аз болса да бар. Алайда кейінгі жылдары прозада да, поэзияда да, әсіресе шағын жанрларда жаңа жас буын қаламгерлер молырақ көрініп жүр. Бұл саладағы басты қиындық – балаларға, оның ішінде балабақша мен бастауыш сынып оқушыларына тартымды, жаңа көркемдік әлем жасау, солардың талап-талғамынан шығатын тілмен жазу. Бүгінгі балалардың өмірі – қаламгерлер үшін бұрнағы кезеңдерден мүлде басқа. Күрделі әлем. Жеткіншектер интернет арқылы әлемнің қыруар ықпалын сезініп отыр. Олардың көргенінің барлығын білетін бірде-бір қаламгер жоқ. Сондай-ақ басқа жанрлармен салыстырғанда, балалар әдебиетіне байланысты әдеби байқаулар аз.
– «Айбоз» ұлттық сыйлығын алған «Іздер құпиясы» атты балалар әдебиетінде алғаш жазылған шытырман романыңызды оқырман жылы қабылдады. Шығарманың сюжеті қызықты. Кейіпкерлер бейнесі де тартымды. Осы туындыны жазуға не түрткі болды?
– Қай қаламгер үшін де шығармашылығына әсер ететін қуат – шексіз болмыс шындығы. Әкемнің інісі шопан болды. Жазғы демалысымды ылғи сол кісінің үйінде, қойлы ауылда өткізетінмін. Шексіз, шалқар кеңістік пен құлазыған құла шөлдің, сағымға малынған қыр мен көгілдір мұнарға оранған таулы өлкенің таңғажайыбы тәнті ететін. Бала күнімнен маған ұлан-қиырда тағдыр-талайы әрқилы адамдар, малшылардың тынымсыз бейнетке толы тіршілігі, бүркеулі әлеуметтік теңсіздік, үйреншікті тұрмыстық ауыртпалық сияқты қайнап жатқан сансыз құбылыс жақын болды. Романдағы негізгі табиғат көріністерін дерлік өз көзіммен көрдім. Оған сыймай қалған қаншама «қызық» бар.
Әсіресе оқушы кезімде көрген бір сұмдық сурет әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Моншаға түсіп жатқанмын. Бір кезде жуынатын жерге шертіп жіберсе, жарылып кетердей керілген, төңкерген қоңыр қазандай қарын кіріп келе жатты. Осындай да қарын бола ма екен, қайдан жүр, кімдікі деп, таңғалып үлгіргенімше, оған төменнен кепкен таяқтай екі аяқ ілесіп, жоғарғы жағынан сұп-сұр, қу бұтақтай сидиған екі қол салбырап көзге шалынды. Жарылып кетердей ісініп, тырсиған қарынның қос қапталында – ескі күлден суырып шығарған жіп-жіңішке шыбықтардай көлденең қабырғалар, жоғарғы жағында – әр бедері шүңірейген, әр сызығы бедірейген көкірек, одан жоғарыда – құрғап, қылқиған қу шандыр кеңірдек, оның екі жағын ала жақындауда қиғаштай созылған қос бұғана қағаздан да жұқа, әбден тозығы жеткен теріні тесіп шығардай сірескен. Тоқетері, қарауға көз шыдамайтын, атамзаманғы ескі терімен кептеген адам қаңқасы үлкен қарынды алып келді. Үлкен-кішісі бар, отырғандардың барлығы кінәлі адамдардай бір сәтке тына қалды, тым-тырыс. Манадан бері арагідік айтылып жатқан әзілдер сап тыйылды. Ол ақырын жылжып барып, бу бөлмесіне кіргенде ғана сәл жеңілдегендей сезіндік. Үлкен кісілердің бірі: «обал-ай, небәрі он бес-он алтыдағы бала. Радиацияның зардабы» деп айтып жатты. Басқалар үнсіз. Ол кезде Семейдегі атом полигонының зардабы айтылмайтын. Оны кейін біліп, күйзелдік қой.
Менің ауылым – Алматыға тиіп тұр. Соған еліміздің әр түкпірінен экологиялық және тағы басқа да жағдайға байланысты көп ағайын көшіп келді. Солар арқылы барлық өлкедегі жағдайды біліп жүрдім. Қысқасы, елдің тұрмысы, оған әсер еткен қаншама фактор сапырылысы, тарихи-саяси ықпалдар әлеміндегі қым-қуыт құбылыстар көптеген бауырдың өмірін өзгерткенін айқын көрдім. Бұған алаңдамау мүмкін емес. Семей атом полигонының зардабы ғасырларға созылатын, халқымыздың өзегіндегі өрт, өшпейтін шер. Өміріміздің осындай күрделі шындығы көкейден кетпеді. Осы жағдай шығарманың дүниеге келуіне әсер етті. Сондай-ақ 1991 жылы жазылып, алдымен Мәскеуде, сосын Германияда іріктеуден өтіп, кеңес жазушыларының жинағында (1992) неміс тілінде жарияланған «SOS» белгісі атты әңгімем де, былтыр «Алтын қалам» байқауында бас жүлде берілген «Уран кеніші» деген туындым да Отанымызды сынақ алаңына айналдырған қарсылықтан туды. Соңғы қазақ қалғанша, бұл қарсылық тоқтамайды.
Сонымен бірге әлемдік балалар әдебиетіндегі табысты саналып жүрген бірталай ізденістің ала-құлалығына, көркемдік әлемінің шектеулілігіне таңдандым. Әрине, балдырғандар танымының өресі мен өрісі белгілі. Бірақ көркемдік қиял, шеберлік шексіз емес пе! Кейіпкермен бірге жортып отыратын үйреншікті «оңай» машықтан тартындым. Бастысы, образдардың сонылығына, табиғаттың таңғажайыптығына, сол арқылы жеткіншектердің көркемдікті түрлі тұрғыдан сезініп, күрделі ойлауына әсер етуге, жаңа көркемдік әлем жасауға ден қойдым. Нәтижесі қандай? Оған білікті оқырман – төреші.
– Сыншы, жазушы, ғалымсыз. Осы үш саланың басын қалай тоғыстырдыңыз?
– Қай-қайсысына да ықыласым болғанымен, үшеуін бір арнаға тоғыстырайын деп өліп-өшіп ұмтыла қойған жоқпын. Оған өмірдің өзі ықпал етсе керек. Сөз ыңғайы келгенде, бір «құпияны» айта кетейін. Түрлі салада, жанрларда ізденудің қызығы да, қиындығы да бар. Өзіңе «өзіңнің» ғана көзіңмен қарасаң – біртүрлісің, өзгелердің көзімен қарасаң – көптүрлісің. Соның қайсысы – өзің? Немесе қайсысында өзің барсың? Соны табу түгіл, ойлауға уақыт таба алмасаң, адасып жүрсің. Өзің өзіңнің немесе өзгелердің ішінде адасып сансырағанда, нағыз өзіңді сағынасың, іздегің келеді. Шын, ақиқат өзің қол жетпейтін қашықта бұлдырап, шамшырақтай шақыра береді...
Ендеше, әр салада, әр жанрда іздену, әр шығармаңды алдыңғыдан «басқаша» жазу – өзіңді өзгеше зерттеудің, өзіңді сынау мен талдаудың жаңа мүмкіндігі. Өткеніңмен марқайып, жеткеніңмен шалқайып, «Қасым салған қасқа жолмен» қайқайып тарта беру – қанша ақталғымыз келсе де, бүгінгі шектелгеніміз екенін мойындау керек.
– Зиялы азамат ретінде қоғамда сізді қандай мәселе толғандырады?
– Тәуелсіздігімізді нығайтуға, елімізді өркендетуге әсер ететін саналуан мәселелер кім-кімді де толғандырады. Ғарыш әлемінде көрінбейтін нүктедей ғана жер планетасының (ғаламшар емес) ең өзекті проблемалары біздің байтақ жерімізде де шиеленісіп жатыр. Сол планетамыздың, мемлекетіміздің қауіпсіздігі, тағдыры әр адамның адалдығына, жауапкершілігіне байланысты. Адалдықтан аттау, әділетті таптау дегеніңіз, түптеп келгенде, өзіңді аздыру, өзіңді торлау, туған еліңді қорлау.
Алайда кім болсаң, ол бол! Сен – өз ойыңның құйыршығысың ба, қолшоқпарысың ба, қожайынысың ба? Соны бақылауды ұмытпа! Еліңнің бақыты – тәуелсіздікке қиянат жасама!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Азамат Есенжол,
«Egemen Qazaqstan»