Еңбек • 07 Ақпан, 2025

Уақытпен санаспайтын орманшы

72 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Ертіс орманының» орманшылары қысы-жазы тынымсыз еңбек етеді. Ала жаздай орманды құлаған ағаштан тазартып, белгілер салу, табиғи байлықты өрттен қорғау, жас көшеттерді суару, тағысын тағы, бір бітпейтін шаруалардан босамаса, қыста тұяқты жануарлардың санағын жүргізіп, жемшөбін қамдайды.

Уақытпен санаспайтын орманшы

Осы бір машақаты мол салада 30 жылдан аса қызмет етіп жүрген Қайыржан Әділбаевты әңгімеге тарттық. Маман қа­зіргі уақытта «Ертіс орманы» резерватындағы жалқарағай ормандарында тұяқты жануар­ларға арнайы азық орындары ұйымдастырылып жатқа­нын жеткізді. Айтуынша, аңшы­лық­танушы мамандар мен инс­пек­торлар күн сайын оттықтарға қайың мен көктеректің бұтақ бумаларын іліп, жемшөп шашады. Жабайы жануарлар ыдыстағы тұзды жалап, исі бұрқыраған шөппен азықтанады.

– Қарағаймен көмкерілген ғажап өлкеде еңбек ету – бір бақыт. Кейде жұмыстан қалжы­рағанда жалқарағайға арқаңды беріп отыра қалсаң, бір керемет қуатты сезінесің. Сондық­тан мұндай табиғи байлық­тың ортасында жүру денсаулыққа да пайдалы. Отыз жылдан аса ең­бек етіп келемін, қара­пайым орманшыдан бастап, жүргі­зуші, химиялық өңдеуші, орман­шы­лық басшысының орынбасары, басқа да қызметтер­ді атқар­дым. Айналып келгенде, барлы­ғының міндеті – қалың қара ор­манды күзету. Қылқан жапы­рақты орман қысы-жазы жап-жа­сыл болып тұрады. Арқа­ның аңызақ даласында, айналасы қу тақыр жерде осындай қа­лың орманның жайқалып тұр­ға­ны керемет емес пе? Бұл бай­­лық­ты келер ұрпаққа одан әрі кө­бейтіп жеткізсек, бізге одан ар­тық мұрат жоқ, – дейді «Ер­тіс ор­маны» мемлекеттік орман та­­биғи резерватының аңшылық­­танушысы Қайыржан Төлегенұлы.

Жер бетін ақ мамық көрпе жапқан мезгілде де резерватта қауырт жұмыс тыншымай­ды. Қыс қаһарына мініп, омбы қар түскенде Шалдай, Бес­қара­ғай филиалдарындағы қызмет­керлер жануарлар әлемін браконьерлерден қорғау, жабайы аңдарды тіркеу мен олардың көшіп-қону мониторингін жүргізеді. Бұл уақытта тұяқты жануарларға қар астынан азық тауып жеу қиынға соғатыны мәлім. Осыны ескерген жергі­лікті аңшылықтанушы мамандар орман арасын мекендей­тін бұлан, елік сияқты сүтқоректі­л­ерге азық орындарын ұйымдас­тырады.

– Ағаш арасына қар қалың түседі. Қар көп жауған мезгілде елік пен бұлан азық таппай ашыға бастайды. Сондай кезде арнайы алаңдарда құрыл­ған оттықтарға қарағай мен көк­те­рек­тің шыбықтарынан буыл­­­ған сыпырғыларды іліп қоя­мыз. Тұяқты жануарлар мұны сүйсі­ніп жейді. Биылғы қысқа 3 мың данадай бума, 150 центнер шөп, 2 мың килограмм тұз дайын­дадық. Алаңдарда 67 оттық, 71 тұзжалақ жасалды. Соңғы аязды күндері қоймамызды ашып, жемшөптерді жеткізе бастадық. Қар жұқа болса, азық­ты оттықтарға «Уазикпен», қалың түссе трактормен апарамыз. Биыл қар аса көп жаумады, сондықтан алаңдарға жетуде қиындық көрген жоқпыз. Кей жылдары қар белуардан келіп, елік пен бұланның әлгі оттықтарға жетуі қиынға соға­ды. Ондайда трактормен қарды бұзып, жануарларға жол саламыз. Болмай жатса, жүретін соқпақ­тарына іліп, шашып кете­міз. Тұз аңдарға кәдімгі дәру­мен, қыста иммунитеттерін күшей­тіп, төзімділіктерін арттырады, – дейді тәжірибелі маман.

Қайыржан ағаның сөзін­ше, орман арасын мекендейтін сүтқоректі жануарлар боранды күндері қалың өсімдіктің ара­сына барып жатып алады. Он­дай­да тұтаса өскен бұталар­дың маңайын тұяғымен аршып, өз­де­ріне орын сайлайды. Дала түтеп тұрса, жайылуды мүлде доға­ра­ды. Аязды күні азық іздеп жүре береді.

Әр жылдың ақпан айында жабайы аңдардың санағы бас­талады. Орманда аңдардың 40-тан астам түрі бар, солардың ме­кендейтін аумақтарын, санын анықтау керек.

– Аң-құс бұрынғыдай үркек емес, бізден қорқа қоймайды. Қазір оларға мылтық кезейтін браконьерлер жоқтың қасы. Жасап қойған оттықтарымызды біліп алған, кейде азық салып жатсақ алыстан орағытып жүреді. Сонау өрт қалың болған жылдары орманнан ауып кеткен тиіндер де қайтып орала бастаған. Жалпы, соңғы уақытта аңның қай түрі болмасын көбейіп келеді, – деп көңілі тола сөйледі орманшы.

Резерват облыстың Шарбақ­ты, Аққулы аудандары аума­ғында орналасқан. Ұйыса өскен жалқарағайлар солтүстігінде Ресеймен, шығысында Семей ормандарымен шектеседі. Ертіс-Баян өңірінде резерватқа 278 мың гектар жер қараса, соның 194 мың гектардан астамын орманды жерлер көмкерген. Жоғарыда атап өткендей, сүт­қоректілердің 40 түрі, құстардың 39 түрі мекен етеді. Олардың негізгі түрлері – елік, қасқыр, қоян, түлкі, сілеусін, қарсақ, борсық, тиін, құр, шіл. Кейінгі жылдары бұланның саны да айтарлықтай өсіп, соңғы рет 271 бас тіркелген. Сібір елігінің саны мыңға жуықтаса, 700-ге тарта борсық, 70-тен астам сілеу­сін, 100-ге жақын бүркіт бар. Бұ­ған қоса безгелдек, үкі, ителгі құста­рын, сусарды жиі көруге болады.

Кәнігі орманшы сөз соңын­да кейінгі жылдары резер­ват аумағында өрт оқиғала­ры­ның мейлінше азайғаны­на қуа­на­тынын айтты. Орманшы­лар­дың еңбекақысы да көтеріліп келеді. Тек көңілге кірбің түсіре­тін бір жайт, резерваттағы кей­бір техникалар тозған әрі жетіс­пеушілік байқалады. Әсіресе қар үстімен өздігінен жүретін шаналар жоқ. Бұған дейін арнайы техникалар болған екен. Олар әбден ескіргеніне бай­ланысты есептен шығарылған. Енді олардың орнын басатын Жапонияда немесе Еуропа елдерінде шығарылған сапалы шаналар болса деген тілегін жеткізді. Мұндай техникалар орманшылардың ұтқырлы­ғын арттырып, жалқарағай мен аң-құстарды браконьерлерден қорғауда зор септігін тигізеді.

 

Павлодар облысы,

Шарбақты ауданы,

Шалдай ауылы

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше