
Шорман қыстауы, 1890 жылы түсірілген
Сәкен ағай ашқан Ақкелін мектебі қазіргі Павлодар облысы аумағындағы тұңғыш мектеп болғанын тарих парақтарын ақтарып отырып білдік.
Ақкеліндегі мектептің сұлбасы
Билігі мен атақ-даңқы Ертіс-Баян еліне ғана емес, дүйім қазақ жеріне кең тараған Мұса мырза, Мұса Шормановтың туғанына биыл 207 жыл толса, Сәдуақас Шормановқа 175 жыл толып отыр. Мұса Шорманов жастайынан ел басқару ісіне араласып, Баянауыл сыртқы округінде шамамен 15 жылдай аға сұлтан болған. Одан соң өмірден өткенше Батыс-Сібір генерал-губернаторының қазақтар бойынша кеңесшісі қызметін атқарды. Мұса мырзаның еліне жасаған жақсылығы, қазақ балаларын медресе, гимназия мен жоғары оқу орнына жіберіп, оларға қаржылай қолдау көрсеткен, жәрдем бергені көптеген кітапта жазылып жүр. Шормановтар әулеті қазақ халқының шаруашылығы мен қажеттілігін қорғау ісінде патша өкіметіне талай мәрте жүгінген. Аға сұлтан дүниеден өткенде әулие Мәшһүр Жүсіптің:
«Дін шырағын жандырдың,
Баяндайын қалаға мешіт-медресе салдырдың.
Нұр балқып раушан жүзіңнен,
Жұрттың мейірін қандырдың», деп жоқтағаны Мұса мырзаның еліне барынша жанашыр азамат болғанын аңғартса керек.
Сәдуақас Шорманов
Баянауылдық белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, Ресейдің отарландыру саясатынан Баянауыл төңірегіндегі ірі байлар мен мырзалар көп зардап шеккен. 1868 жылы Баянауыл сыртқы округі жабылып, Мұса Шорманов қазіргі «Шорман сызы» деп аталатын құйқалы жерден Ақкелінге көшіріледі (қазіргі Мұса Шорман ауылы). Оның алдында 1853 жылы Ақкелін мекеніне үй салу туралы 18 адамның қолы қойылған қолхат бар (ҚР Мемлекеттік архивінде сақтаулы). Қолхатта аталған жерге ағаш үйлер салып, кейінірек егін екпекшіміз делінген. Оған Мұса Шормановтың мөрі басылған.
– Мұса мырза Ақкелінге көшерде Батыс-Сібір генерал-губернаторымен диірмен орнатамын, орыс-қазақ мектебін ашамын деген келісіммен барған екен. Мектеп ашу идеясы әкесінікі болғанымен, оны тұңғыш ұлы Сәдуақас жүзеге асырды. Сәдуақас билікте отырмаған, мансапқа қызықпаған, өз ортасында парасаттылығымен танылған жан болған деседі. Қазақтың оқыған жастарын жанына үйір етіп, оларға әрдайым қамқорлық жасаған. Ақкелін мектебі 1903 жылы 4 кластық орыс-қазақ мектебі болып ашылғанымен, оқыту көбіне орыс тілінде жүргізіліпті. Бұл мектепке алғашқы жылы барғандардың қатарында Қаныш Сәтбаевтың ағасы Ғабдұлғазиз бар. Одан соң бала Қаныш 7 шақырым жердегі ауылынан таймен келіп жүріп білім алған. Ол туралы Әлкей Марғұлан атамыздың еңбектерінде бар. Қанышпен бірге білім алғандар қатарында Мұхамеджанов деген алашордалық болған, оны кейін большевиктер әбден ұрып, ақыл-есін кем қылғанын айтатын үлкендер, дейді өлкетанушы.
Жалпы, ХХ ғасыр басында Баянауыл жерінде тұңғыш мектеп Ақкелінде ашылса, кейінірек Жоғары Қызылшілік (Торайғыр ауылы маңында) және Ақмектепте (қазіргі Бірлік ауылдық округі) пайда болады. Жұмат Досқараев ұстаздық еткен Жоғары Қызылшілікте Ермұхан Бекмаханов, Шапық Шөкин, Сәлкен Сұбханбердин, Ғаббас Жұматов оқыса, Ақмектепте атақты партизан Жылбек Ағаділов білім алған. Дала халқының тілегі бойынша мұндай оқу орындары Павлодар оязының бірнеше жерінде – Қараоба, Маралды, Баянауыл, Тереңкөл, Шақшан болыстарында пайда болады.
Ақкелін болысындағы қазақ жеткіншектері үшін ашылған тұңғыш мектеп заманында сол тұстағы мектептермен салыстырғанда, көнтерімді жағдайда болғаны Медеу Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» кітабында жазылады. Оған Сәдуақас Шормановтың осы мектепте қамқоршы ретінде тағайындалуы ықпал еткен. Тұңғыш мектепке інісі Біләлдің ізбасары Көкеннің ағаштан қиылған, қала үлгісімен асты-үсті тақтайланып, терезелері шыныланып салынған екі бөлмелі үйі сыйға тартылған. Мектепті ұйымдастыру, оған мұғалімдер мен шәкірт табуда Қаныштың әкесі Имантай Сәтбаев та қызмет еткен.
Былтыр жазда Қаныш аға туралы мәліметтер іздеп жүріп, Мұса Шорманов ауылы жанындағы ескі мектептің орнында болғанымыз бар еді. Ардагер педагог, өлкетанушы Қайриден Мұзафаров сол сапарымызда Шормановтардың үйі орналасқан тарихи аумақ пен Мұса, Сәдуақас Шормановтардың сүйегі жатқан «Ақкелін тарихи-мемориалдық кешенін» асықпай аралатып, біраз сырға қанықтырды. Кешен Сенат депутаты, «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлының бастамасымен 2018 жылы салынып, үй мен мектеп болған жерге белгітас орнатылған.
– Қарағым, Мұса мырзадан кейін Сәкен ағайдың еліне жасаған еңбегі өлшеусіз болған. Сәдуақас Мұсаұлы мұсылманша да, орысша да оқыған, Томда білім алған, өз қатарластарының сауаттысы. Мансапқа құмартпаған, бірақ өзінің парасаты мен адамгершілігінің арқасында сол замандағы зиялылардың алдында жүрген. Біржан салдың Сара қызбен айтысында:
«Арқада бір құтым бар –
Мұса, Шорман,
Әріден келе жатқан ол бір қорған.
Мұсаның бел баласы – Сәдуақас.
Құтқарған талай жанды түскен тордан», дегені бар. Өз беделін салып, ақын Мәди Бапиұлын, қуандық руынан Қияш деген адамның жалғыз ұлын түрмеден босатқызып жіберген, деп бастады әңгімесін Қайриден ақсақал.
Ел аузындағы аңыздың бірінде Ресей патшасы Александрдың қабылдауына Мұса мырза ұлы Сәдуақаспен барғаны айтылады. Патша қазақ басқарушыларынан не бұйымтайларың бар деп сұрағанда Мұса мырза: «Менде өтініш жоқ, баламда болмаса», дейді. Сонда жас Сәдуақас: «Ресейдің шетін жайлаған тұтқынға түскен, айдауда жүрген адамдарды босатсаңыз», деп сұраған екен. Патша өтінішті орындауға уәде беріп, қазақтан тұтқынға алынған көп азамат босап шығыпты деседі. Сәкен ағайдың шарапаты Торайғыр бидің жұрағаттарына да тиген. Кенесары ханның көтерілісін жақтаған Торайғыр би итжеккенге айдалып кеткенде, нағашыларын жағалап қалған бидің ұрпақтарын Баянауылға алдырыпты.
Г.Терентьев пен Асфендияр Шорманов
Сәдуақас Шорманов заманында ақындығымен танылған. Қазіргі ел арасында танымал «Ардақ», «Іңкәр», «Баянауыл» және тағы басқа әндердің сөзін жазып, оны атақты әнші Жарылғапберді елге таратты. Орысша алған білімін қазақ халқының рухани өрлеуіне арнаған Сәкен ағай 1897 жылы Петерборға барған бір сапарында қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуші ғалым П.Мелиоранскийге 163 беттен тұратын қолжазба тапсырады. Онда Абай Құнанбайұлының және өзге де қазақ ақындарының өлеңдері, қазақ халқының 178 мақалы қамтылған. С.Шормановтың ақындығы жайында кезінде көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы: «Мағжан Жұмабаевтан кейін, хал-қадірінше қазақ ақындарының арасынан С.Шормановты айтуға болады» деп баға беріп кеткен. Ал Сәкен Мұсаұлының 1907 жылы Қазанда басылып шыққан «Аушы» («Аңшы») кітабы қазақ аңшылықтану ғылымындағы алғашқы еңбек ретінде бағаланып отыр.
Елдің тұрмыс жағдайы, қоғамдағы ауыртпалық ақынның санасында ұялаған көкейкесті мәселенің бірі еді. «Айқап» журналы мен «Дала уәлаятының газетінде», «Қазақ» газетінде жарық көрген «Өрттің зияны», «Шөлді сулау», «Баянауыл жайы», «Елдің тұрмыс халі, шаруашылығы туралы», «Ескі һәм жаңа билер», «Уголовныйларға жеңілдік» және т.б. мақалалары бұған дәлел.
Өлкетанушы Серік Жақсыбаевтың ертеректе жазған «Сәдуақас Шормановты білеміз бе?» атты мақаласында былай деп келтіріледі: «Мұхаметғали Төлебайұлының «Дала уәлаяты газетiнiң» 1890 жылғы 19-санында басылған «Қарқаралыдан хат» атты мақаласында: «Газет оқушыларға Баянауладан екi кiсiнiң сөзi ұнамды тиiп, көңiлденiп оқиды. Бiрi – Садуақас Мұсаұлы Шорманов дегеннiң сөзi. Атасы жақсы болған адам едi, жақсының баласы жұртқа жөнсiз сөздi айтпайды ғой. Жөн сөз айтатұғынның тағы бiрi – Жүсiп Көпеев деген. Сөзi, қара сөзi болса да, өлеңмен болса да дәмдi болып, және осы замандағы адамдардың қылып жүрген iсiне тура келедi», деп өз пiкiрiн бiлдiруi – еш шүбәсiз шындық». Бұған қарап С.Шормановтың сол тұстағы публицистикасы қазақ оқырмандарына аса танымал болғанын білеміз.
– Сәкен ағай негізін салған мектеп жайында сұрап отырсың ғой. Сол мектептің тарихы туралы айтып берейін. Ақкелін болысы болып тұрғанда мынау жерде Шормановтардың ағаштан салған 6 үйі болған. Ол үйлердің суретін 1890 жылы ресейлік фотограф Самуил Дудин «Мұса Шормановтың қыстауы» деп түсіріп, кейін Кунсткамераға өткізген. Суреттің көшірмесін жергілікті ғалым Тимур Смағұлов Петербордан тауып әкелді. Әлгі 6 ағаш үйдің бірі мектеп болса, тағы бірі хаттарды сақтайтын кеңсе ретінде қызмет атқарыпты. 1928 жылы большевиктер «Шорман әулетінен қалған белгілерді құрту керек» деген ұранмен осы үйлердің бесеуін бұзып, қазіргі Қарағанды облысының Шалқар деген жеріне (біздің ауылдан 50 шақырым) апарып, асхана мен жатақхана салады. Ол жерде корунд минералы өндірілген. Солардың арасында мектеп те бұзылып кетті. Ал жалғыз қалған үй көпке дейін ұжымшар қажеттілігіне пайдаланылып, кейін оны да бұзып, ауыл орталығына көшіреді. Қайтадан мектеп жасағысы келгендерімен құрылыс білмеудің салдарынан іші өте суық болып, иесіз қалып қояды. Шамамен 1972–1973 жылдарға дейін тұрды. Бала кезімде ол үйді көрдім. Ал Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдығында ауылға музей ашу керек болғанда бірнеше адаммен дерек іздеп, 90-нан асқан Нұқыш ақсақалдың үйінде болған едік. Нұқыш Сәтбай әулетінің жылқысын бақты. Сонда жоғарыдағы деректердің біразын сұрап білдік. Кеңес өкіметі Шормановтар әулетінің соңына шам алып түскені сондай, үйлердің орнына кейін мал ұстайтын үлкен қоралар салып жіберген. Шормановтар үйін кәмпескелеп жатқанда, Мұса мырза пайдаланған мөрмен кішкентай бала ойнап отырған екен. Шолақ белсенділер әлгі затты байқамай қалады. Сол мөр кейін үйлер бұзылғанда топырақ астында қала беріп, арада көп жыл өткенде ғалымдар іздеп тапты. Табылған өзге заттарға қарап, мектеп орнын да анықтады, деп әңгімесін жалғастырды Қайриден ақсақал.
Өлкетанушы Шорман әулетінің Шыңғыс Уәлиханов тұқымымен, Қаныштың атасы Сәтбай балаларымен байланыста болғаны туралы деректерді де шолып өтті. Шорман биден төрт ұл туған – Мұса, Мұстафа, Иса, Әужан. Олардың атымен аталатын тарихи жерлер, аңыз әңгімелер баршылық. Ауылдан әудем жерде «Әужан Керегетасы» дейтін тау бар. Ол жерде «Қаныш» фильмі түсірілген. Мұстафаның Қанапия деген ұлы кезінде Қаныш Сәтбаевтың анасы Әлимаға үйленген. Алайда, Қанапияның өмірі ерте үзіліп, Әлиманы Имантай ақсақал айттырып алған. Ал Имантай қызы Ғазизаны Шорман әулетіне, Әужанның баласы Ақышқа ұзатады. Ақыштан алты бала туып, соның ішінде аштық жылдары тек Кемел (Ақышев) ғана тірі қалған. Сол трагедияға куә болған Қаныш Сәтбаев: «Мыңды айдаған Шорманның ұрпақтары да аштан өледі екен-ау...», деп қапаланған екен. Әужанның баласы Ақан серімен дос болып, Ақан сері оны «Жігіттің падишасы – Әмір-Темір» деп «Майдақоңыр» әніне қосқаны да белгілі. Сол Әмір-Темірдің баласы Асфендияр өсе келе үлкен ғалым болған, Ақкелінде мектеп ашылғанда Қаныштың алғашқы ұстазы Григорий Терентьев пен бірнеше қазақ оқығандарын алып келіп, мұғалім еткен.
Ал Мұса Шорманұлынан Сәдуақас, Жәми, Кәбіш, Біләл тарайды. Сәдуақас Ақкелінде дүниеге келіп (тағы бір жерде Омбыдағы Қаржас ауылында туған деп көрсетілген), екі жасында атасы Шорман бауырына салған. Мұса мырза Сәдуақасты Омбыдағы гимназияға, ал Имантай Сәтбайұлын сондағы училищеге оқуға түсіреді. Кейін Сәдуақас Томбыдағы университетке түскенімен, денсаулығына байланысты оқуын тастап ауылға қайтып келген. Ол Шыңғыс Уәлихановтың қызы, Шоқанның қарындасы Нұридаға үйленеді. Алайда, Нұрида өкпе ауруынан қайтыс болып, Едіге бидің ұрпағының қызы Зейнеппен түтін түтеткен. Бірде жаны нәзік ақын өздерінің жылқышысы Жылкелдінің қызы Мәкенге ғашық болып қалса керек. Қыз бен екеуінің арасы жақындап кеткенін сезген Зейнеп қыздың әкесіне мән-жайды түсіндіріп, бір түнде көшіріп жіберіпті. Сонда құсаланған Сәкен ағай қызға арнап атақты «Ардақ» әнінің өлеңін жазған екен.
Өкінішке қарай, аталған мектепте білім алған азаматтар туралы деректер таппадық. Кеңес өкіметі жылдары барлық құжат жойылып кеткенге ұқсайды. Шорман қыстауында заманында медресе де ұсталған екен. Абайдың ұстазы Қамариден хазірет сонда сабақ беріп, Мәшһүр Жүсіп тәлімін алған. Сәкен ағай атақты диуана Әбжалапты да қамқорлығына алып, қолында ұстаған.
Бүгінде Ақкеліндегі Ащысу өзенінің жанындағы үлкен алап тарихи тұлғаның құрметіне «Ағай қорығы» аталған. Бала шағында Сәкен ағайдың қамқорлығын көріп, батасын алған Қаныш Сәтбаев: «Не керек, ағай дүниеге ерте келіп, кетті ғой, уақытына жетпей. Парасатты, ақылы мол, алдағы болашаққа сенімді қарайтын уағында үлес қосатын адам еді», деп баға берген екен. Сәдуақас Мұсаұлының Алаш ардақтыларымен, соның ішінде Міржақып Дулатұлымен араласқаны, 1914 жылы Омбыда Міржақып пен Ғайнижамалдың үйлену тойында болғаны жазылып қалған. Бірақ тұлғаның Алашорда үкіметімен байланысы туралы нақты деректер қолымызда болмаған соң, ол жайында қалам сілтеуді құп көрмедік. Анығы, Қазақ автономиясының бес жылдығы тойланғанда ақсақалдың дүйім жұрттың алдында сөз алып, бата бергенін көнекөз қариялар көрген.
Шормановтар әулетінің елге сіңірген еңбегі мен қайраткерлігі, шығармашылық мұралары әлі де зерттеле түседі деген сенімдеміз.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Мұса Шорман ауылы