
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Суқоймаларының режімі реттеліп жатыр
Су және ирригация министрлігінің хабарлауынша, суқоймаларының жұмыс режімі реттеліп, бос сыйымдылық құру жүргізіліп жатыр. Бөгеттерді нығайту мен өзен арналарын тазарту да күн тәртібінде тұр. Гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру мен өзендердің су өткізу қабілетін арттыру шарасы да назардан тыс қалмайды.
«Жергілікті атқарушы органдармен және құтқару қызметтерімен өзара іс-қимыл жоспары әзірленді. Зерттелген халықаралық тәжірибеге сәйкес, су тасқынын басқарудың ұзақмерзімді стратегиясы заңнамалық деңгейде жаңа Су кодексінде айқындалады. Оны іске асыру үшін қажетті іс-шаралар су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында және су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарында көзделген», дейді Су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәкен Әтел.
Қолға алынған жобалар қатарында жалпы көлемі 2,6 млрд текше метр болатын 42 жаңа суқоймасын салу мен жобалық көлемі 3,7 млрд текше метр болатын 37 суқоймасын қайта жаңарту ісі бар. Бұл шара су тасқыны кезеңінде олардың сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, гидротехникалық құрылыстардың өткізу қабілетін едәуір арттырады.
Жинақталған су көлемі бақылауда
Қазір суқоймаларының орташа жинақталуы солтүстікте 67%-ды, оңтүстікте 68%-ды, батыста 39%-ды, шығыста 78%-ды, орталықта 82%-ды құрайды. Қаңтарда «Қазгидромет» РМК бассейндік инспекциялар және Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) қызметкерлерімен бірге су тасқыны қаупі бар учаскелерде қар өлшегіш түсірілімін жүргізді. Осы деректер негізінде консультативтік гидрологиялық болжам дайындалған. Алынған болжам негізінде министрлік тасқын суларды тиімді өткізуді қамтамасыз ету үшін суқоймаларының оңтайлы жұмыс режіміне есептеу жүргізіп жатыр.
«Солтүстік Қазақстандағы Сергеев пен Петропавл суқоймаларында жобалық көлем деңгейінен асыра толтырған кезде автоматты түрде ысырмалар жотасы арқылы төгу жүзеге асырылады. Бұл құрылыстарды жобалық көлемнің 97-100% толтыру мүлде алаңдаушылық туғызбайды. Елді мекендерді су басу қаупін азайту үшін облыс әкімдігі Есіл өзенінің өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыс жүргізіп, қорғаныш бөгеттерін нығайтып жатыр», деді Су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы Рамиль Сәрсембаев.
Тасқын кезеңінде жедел өзара іс-қимылдың маңызды екенін ескеріп, өткен жылы Қазақстан–Ресей жұмыс тобы құрылған. Негізгі міндеті – суқоймаларының жұмыс режімі туралы жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз ету, тараптардың іс-қимылын келісу. 5 ақпан күні өткен жұмыс тобының бірінші отырысында тасқын кезеңіне дайындық жұмысы пысықталды. Сондай-ақ министрлік әкімдіктермен бірлесіп елді мекендерге жақын өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерін санациялау жөніндегі 2025–2027 жылдарға арналған ұйымдастыру іс-шараларының Жол картасын бекітті. Оған сәйкес, 10 облыста 51 өзен учаскесі мен 1 көл анықталды. Онда бірінші кезекте жалпы ұзындығы 814,06 км өзендерді санациялау қажет. Бүгінде Атырау облысындағы Жайық және Қиғаш, Батыс Қазақстан облысында Шаған өзендерінің арналарын санациялау жұмыстары басталды.
Tasqyn АЖ әлеуеті қандай?
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Tasqyn АЖ су тасқынын болжау мен модельдеудің ақпараттық жүйесі әзірленген. Ол ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге, стратегиялық шешімдер қабылдау үшін тиісті болжамдар жасауға мүмкіндік береді.
Әдістемеге сәйкес, уәкілетті органдар ақпараттық жүйеге гидрометеожағдайлар бойынша болжамды деректерді, суқоймаларының деңгейі, су жіберілуі бойынша мәліметтерді ұсынады және қолда бар деректер негізінде жүйе су тасқынының ықтимал сценарийлерін модельдейді.
Сонымен бірге бірлескен іс-қимылдар алгоритмі де дайындалған. Алгоритмге сәйкес, Tasqyn АЖ-ға күн сайын деректерді енгізіп және жаңартып, суқоймаларының жай-күйіне мониторинг жүргізіледі.