
Айта кетейік, биыл Ұлттық киноны қолдау орталығы жанындағы сараптама кеңесінің құрамы жаңартылды. Оған кино, әдебиет, мәдениет саласындағы мамандар, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары кірді.
Кездесу барысында киножобаларды конкурстық іріктеу ережелері талқыланды. Министр Ұлттық киноны қолдау орталығының қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып, сараптама кеңесі мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Өткен жылы қабылданған іріктеу конкурсы ережелеріндегі өзгерістер бұл үдерістің ашық әрі жеңіл өтуіне бағытталған еді.
Жаңа ережелерге сәйкес, іріктеу екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде сараптама кеңесі тек сценарийлер мен сценарий жоспарларын саралайды. Бірінші кезеңнен сәтті өткен сценарийлердің авторлары екінші кезеңде толық құжаттарын ұсынуы керек. Үміткерлер қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін онда анықталған қателерді түзетуге үш күн уақыт беріледі. Құжаттарды қабылдау аяқталған соң, Орталық сараптама кеңесінің қарауына өтінім жібереді. Содан кейін питчинг күні белгіленеді.
«Кеңес мүшелері жауапкершілікті терең сезініп, конкурстың барлық кезеңдерінде әділ шешім шығарып, ашық конкурс өткізуге тиіс. Киножобалардың белгіленген талаптарға сәйкес болуына баса назар аударылады. Бұл іс-шаралар отандық кино саласын дамытуға, сондай-ақ ұлттық мүдде мен идеологияға сай келетін жобалар санын арттыруға көмектеседі», деді Аида Балаева.
Биыл ұлттық құндылықтар, отбасы, қоршаған ортаны қорғау, заң мен тәртіп, тарихи елеулі оқиғалар, дос қадірі, әйел құқығы, бала қауіпсіздігі, қазіргі заманның қаһармандары, ел бірлігі және басқа да басым тақырыптарда киножобалар дайындауға болады. Сондай-ақ биыл министрліктің және Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен 10 жаңа фильм жарық көреді. «Капитан Байтасов», лудомания тақырыбын қозғайтын «Игроманка» атты драма, футбол туралы «90+1» спорттық драмасы, сондай-ақ «Күзгі самал», «Фейковый арман», «Qaitadan», «Тезек», «Қара қыз», «Алтын адам», «Хош иісті жүрек» және «Авель» фильмдері жарыққа шығады.