
Коллаж: Azattyq Ruhy
Қостанай облысының Меңдіқара ауданында прокурорлар 2023 және 2024 жылдарға арналған ішкі еңбек нарығын қорғауға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге, сондай-ақ жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған бюджеттік қаражатты жұмсаудың заңдылығын сақтау мәселесімен тексеру жүргізген еді. Соның барысында 2023 жылдың мамыр айында қоныс аударушы Ж. мемлекеттік субсидияны пайдаланып, Соснов ауылдық округінің Приозерное ауылынан пәтер сатып алғаны анықталды. Тексеру кезінде аталған адамның бұл мекенжайда тұрмайтыны, іс жүзінде осы ауылдық округтегі Харьковское ауылында мекендейтіні анықталды. Ал алынған үй жарияланған құнына сәйкес келмейтіні және өмір сүруге жарамсыз екені белгілі болды.
Ж.-ның үй сатып алуында жалған әрекет белгілерінің болуына байланысты процестік шешім қабылдауға Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес аудандық полиция бөліміне жолданды. Сотқа дейінгі тергеу барысында куәгерден (үйді сатқан адам) жауап алынып, ол үйін 350 000 теңгеге сатқанын, ал 4 млн теңгені, яғни субсидияны Ж.-ның нұсқауымен кейіннен оған көрсеткен банк шоттарына аударғанын түсіндірді. Сондай-ақ банк сертификаттары қаражаттың жылжымайтын мүлік сатушысына аударылмағанын растады.
Былтыр 10 шілдеде Меңдіқара аудандық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қылмыс жасағаны үшін Ж. кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді, сонымен қатар үкім бойынша аудан әкімдігінің пайдасына 4 млн теңге көлемінде материалдық шығынды өндіріп алу туралы талап қанағаттандырылды. Жуырда үкім заңды күшіне еніп, әділдік салтанат құрды.
Кейінгі жылдары жаппай тексеріс арқылы көп мекемеде есепшілердің жемқорлық құқықбұзушылыққа тікелей қатысы бары анықталып жатыр. Олар ақшамен айналысатын адам болғандықтан, кейде өз еріктерімен, кейде басшыларының нұсқауымен заңнан аттап жататыны белгілі болып отыр. Сондай жағдайдың тағы бірі Ақтау қаласында тіркелді. Қалалық прокуратура жергілікті балабақшаның бірінде бюджет қаражатын заңсыз иемдену дерегін анықтаған. Атап айтқанда, №39 «Хиуаз бөбекжай» балабақшасының есепшісі директорының атынан банк құжаттарына қол қойып, өзінің есепшотына мемлекет бюджетінен 9 млн теңгеден аса қаражатты заңсыз аударғаны анықталды. Көрсетілген дерекпен сот есепшіге қатысты ҚК-нің 189-бабы 3-б. 1) тармақшасымен үкім шығарып, 3 жыл 6 айға мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Ал Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында орын алған мына оқиға тым сорақы. Мұнда аудандық мәслихат төрағасы мен депутаты сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілігіп отыр. Жергілікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Мәслихат төрағасы, онымен байланысы бар фирманың жергілікті мемлекеттік мекемелермен мемлекеттік сатып алу шарттарының талаптарын орындамауына байланысты аудит барысында анықталған бұзушылықтар бойынша шара қолданбағаны үшін депутат арқылы облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметкерлеріне 2 млн теңге пара берді деп айыпталып отыр. Биыл 23 қаңтарда қадағалаушы прокуратура айыпталушыларды сотқа берді. Әзірге Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Әділетті Қазақстанды құру жолында сыбайлас жемқорлық секілді ауыр қылмыспен күрес жалғаса береді. Мемлекеттің әл-ауқатына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей соққы болып тиетін мұндай құқықбұзушылықпен күрес тұрақты жүргізілгенде ғана әділ қоғам орнайтыны ақиқат.