
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, әкімшілендіруді жеңілдету үшін нақты мөлшерлеме құрылымы (16%, 10%, 0% және босату) енгізіледі. ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін арттыру ұсынылып отыр. Бұл бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтып, қосымша қаражатты басым жобаларға бағыттауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ҚҚС төлеуден босату енгізіледі. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Денсаулық сақтау саласына да 10% төмендетілген мөлшерлеме ұсынылып отыр, бірақ оны басқа салаларға да кеңейту мүмкіндігі талқыланып жатыр.
Сонымен қатар ҚҚС бойынша есепке қою шегі 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетіледі. Бұл бизнесті жасанды бөлшектенуімен күресуге және барлық компанияға тең жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бөлшек салық режімі қайта қаралып жатыр. Жұмысшылар саны бойынша шектеулер алынып тасталады, ал іске асыру B2C сегментімен шектеледі. Салық түсімдерінің күтілетін өсу көлемі – жыл сайын 4-5 трлн теңге. Бұл Ұлттық қорға тәуелділікті және мемлекеттік қарызды азайтуға, инфрақұрылым мен өнеркәсіпке қаражат бөлуге көмектеседі. Ықтимал инфляциялық әсер қысқамерзімді болады және 2,5-3% деңгейінде бағаланады.
Ұсынылған тәсілдер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуде талқыланды.
«Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге барып, халық арасында егжей-тегжейлі талқылау жүргізу керек. Мен де Астанадағы және өңірлердегі бизнес өкілдерімен талқылаулар өткіземін. Осы жұмыстардың нәтижесінде 20 ақпанға дейін Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулерді Мәжіліске енгізу керек. Әрі қарай Мәжілісте талқылауды жалғастырамыз», деді Премьер-министр.
Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. Қазіргі жағдай туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, сондай-ақ бірқатар өңірдің әкімдері баяндады.
Биыл 23,8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып жатыр. Дәнді және бұршақ дақылдардың егістік алқаптары шамамен 16,6 млн гектарды құрайды. Майлы дақылдардың ауданы 365 мың гектарға артып, 3,3 млн гектарға жетеді, оның ішінде күнбағыс дақылдары 50,6 мың гектарға өсіп, 1,3 млн гектар болады. Сондай-ақ картоп алқабын 14,9 мың гектарға ұлғайтып, аумақты 136,8 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланды. Ал қарақұмық дақылдары 41,5 мың гектарға артып, 147 мың гектарды құрайды. Биыл қант қызылшасының ауданы 18,4 мың гектар болады. Жемшөп дақылдарының ауданы 184 мың гектарға ұлғайып, 3,4 млн гектарға жетеді. Мақта дақылдары 135,2 мың гектарды, ал күріш – 90,2 мың гектарды құрайды.
Көктемгі дала жұмыстарын ЖЖМ қамтамасыз ету үшін (МӨЗ-де өндіріс көлемін ескере отырып) 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Дизель отынын тиеп жөнелту бойынша МӨЗ-ге облыстарды бекіту кестесі бекітілді, сондай-ақ межелі стансаға дейін литріне 232 теңге мөлшерінде баға белгіленді. Операторлардың шығындарын ескере, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының түпкілікті құны литріне 254 теңгені құрайды. Бұл жанармай құю стансаларында литріне 295-300 теңгені құрайтын нарықтық бағадан 13-15%-ға төмен.
Биыл егіншілік саласын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд теңгеге жеткізілді. Сондай-ақ жеңілдікпен 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді. Олжас Бектенов бұл шаралардың барлығы егіс науқанын ойдағыдай өткізуге бағытталғанын айтты. Бұл ретте ол бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуы әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуға тиіс екенін ескертті.
Елімізде тыңайтқыш енгізу жоспары ғылыми негізделген норманың тек 59%-ын, ал ауыл шаруашылығы техникасының техникалық дайындығы – 75%-ды құрайды. Олжас Бектенов жаппай егін егу жұмыстары басталғанға дейін бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізіу қажет екенін айтып, министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.
Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің балансында 4 ақпараттық жүйе бар. Бұл ауылшаруашылық жануарларын сәйкестендіру (АЖС); «E-Agriculture» АӨК салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі (ББАЖ); Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СМАЖ); «Ауыл аманаты» халыққа несие берудің ақпараттық жүйесі. Өсімдік шаруашылығын қадағалаудың ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.
Премьер-министр Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында АӨК-ті цифрландыру міндетін қойғанын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет ауыл шаруашылығының барлық салаларына «ақылды» технология элементтерін енгізуге ерекше басымдық беріп отыр. Нақты мақсат-міндеттер мен негізгі бағыттар айқындалды.
Цифрлық құралдарды қолдану арқылы қажетті қаражат мөлшері, есеп беру, егіс алқабы, мал басы туралы деректердің нақтылығын қамтамасыз еткен жөн. Премьер-министр цифрландыру мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етуге тиіс екеніне тоқталды.
Тағы бір маңызды мәселе мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін сәйкестендіру жүйесі болып саналады. Өнімді шыққан жерінен соңғы тұтынушыға дейін жеткізудің ашық тізбегін құру қажет. Бұл жүйе өндірілген өнімді есепке алуға, оның сапасына кепілдік беруге, биологиялық және ветеринарлық қауіпсіздікті бақылауға бағытталуға тиіс.
Үкімет басшысы климаттық тәуекелдерді, өнімділік көлемін және азық-түліктің нарықтық бағасын болжау үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажеттігіне тоқталды.
«Бүгінде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, тұрақтандыру қорлары мен қоймалардағы астық пен өнім қорларын есепке алу, топырақтың ылғалдылығын анықтау және ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша статистикалық деректердің нақтылығы өзекті проблема күйінде қалып отыр. Осы мәселелердің бәрін есепке алу жүйесін толық цифрландыру арқылы шешу керек», деді О.Бектенов.
Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму министрлігіне бірқатар тапсырма берді. Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің цифрлық картасын әзірлеу керек. Әкімдіктермен биыл 1 қыркүйекке дейін өсімдік шаруашылығындағы қадағалау жүйесін әзірлеуді аяқтау қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жоспарланып отыр. Санақ қорытындысының нәтижелерін толық цифрландыру, оған талдау жүргізу және алынған деректер базасын үнемі жаңартып отыру ләзім.