Сұхбат • 12 Ақпан, 2025

Әлібек НӘУТИЕВ: Алыс ауылдарда пошта желісі сақталуы керек

100 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс қызметтерін көрсету, мемлекеттік сатып алу, көлік және пошта мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжатта пошта қызметін жетілдіруге қатысты маңызды нормалар бар. Біз оны әзірлеуге қатысқан Сенат депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Әлібек Нәутиевті әңгімеге тартып, жаңа заңның артықшылықтары жайында сұраған едік.

Әлібек НӘУТИЕВ: Алыс ауылдарда пошта желісі сақталуы керек

– Әлібек Ибатуллаұлы, пошта қыз­меті желісін заман талабына сай жетілдіруді көздейтін жаңа заңның негізгі ерекшеліктері қандай?

– 1993 жылы құрылған «Қаз­пошта» алғашқы жылдары байланыс саласының құрамында болып, 1995 жылы өз алдына мемлекеттік кәсіпорын ретінде бөлініп шыққаны белгілі. Ал 2016 жылы Үкіметтің қаулысымен пошта тасымалы саласындағы бірден-бір оператор болып бекітілді. Дегенмен одан бері қанша уақыт өтсе де, әлі күнге ескі жүйемен жұ­мыс істеп келе жатыр. Шал­ғай елді мекендегі пошта бөлім­шелерінің жағдайы қиын. Қазір бұрынғыдай хат-хабар жазу жоқ, ауылға көбіне зейнетақы мен жәрдемақыны жеткізіп береді. Соған байланысты қызметкерлері күніне азғантай уақыт қана жұмыс істейді, жалақысы да соған сай мар­дымсыз. Дегенмен халқы бар шалғай ауылдарға пошта қызметі көрсетілуі керек екені анық.

Бұл қабылданған заңда қарас­ты­рылған басты мәселе де сол – алыс елді мекендердегі пошта желісін сақтау. Оларға заман талабына сай электрондық сауда, брокерлік қызмет, трасферт-агент жасау секілді қызметтерді атқарып, қосымша табыс табуына мүмкіндік беру үшін заңға жаңа нормалар енгізіліп, толықтырылды. Бұл құжаттағы негізгі өзгерістің бірі – «пошта жәшігі» деген ұғым алынып тасталып, оның орнына «поштомат» дейтін жаңа ұғым қосылды. Қазір ешкім бұрынғыдай хат жазбайды, бірақ қашықтан сауда жасайтындар көп. Поштомат – кейбір банктердің постоматы секілді нәрсе. Оны көпқабатты үйлерге, кәсіпкерлік нысандарына, т.б. халық көп келетін жерге орналастырудың заңдық негізі жасалды. Тапсырыс берілген заттар сонда салынады, адамдар сол жерден ПИН-кодты теру немесе QR-код арқылы алып кетеді немесе үшінші тұлғаға алу құқығын береді. Сонымен қатар заңда «абоненттік жәшік» ұғымы қалдырылғанын айта кету керек.

Бұған қоса құжатта пошта бө­лім­шелеріне қосымша табыс табу үшін дәрі-дәрмек пен меди­циналық бұйым­дарды тасы­малдауға рұқ­сат берілді. «Қазпоштаның» арнайы лицензиясы бар. Бұл мәсе­ле заң жобасын қарау кезінде көп тал­қыланды. Себебі дәрі-дәр­мек­тің жарамдылық мерзімі, кей­бір дәрілерді тоңазытқыш се­кілді орында сақтау мәселесі, т.б. айрықша талаптар бойынша пікір өрбіді. Мекеменің Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында үш үлкен қоймасы, сондай-ақ облыс ор­талықтарында қосымша қоймалары бар. Нәтижесінде, биылдан бастап «Қазпошта» тек медициналық бұйымдарды тасымалдауды қолға алып, келесі жылдан дәрі-дәрмек жеткізіп беру қызметін де атқаруды жоспарлап отыр.

– Ауылдық жердегі пошта бөлім­шелерінің жағдайы мәз емес екенін айттыңыз. Заңда сол бөлімшелерді жабатын болса, алдын ала жергілікті әкімдікті хабардар ету міндеттілігі жазылған. Осыны түсіндіріп берсеңіз.

– Бұған дейін «Қазпошта» экономикалық тұрғыдан тиімсіз бөлімшелерін өзі қалаған кезде жауып тастай алатын. Бұдан былай пошта операторы бөлімшесін жабу туралы шешім қабылдар алдында кемінде үш ай бұрын жергілікті атқарушы органдарға хабарлама беруге міндеттелді. Бұл талап аталған тиімсіз бөлімшені сақтап қалудың амалын қарастыру үшін белгіленіп отыр. Сол арқылы әкімдіктерге оны сақтауға жәрдемдесу шараларын көрсету бойынша құзырет берілмек.

– Сонда «Қазпошта» жабамыз деген бөлімшені әкімдік әрі қарай өз мойнына ала ма?

– Өз мойнына алмайды, оларға мұндай құзырет берілмеген. Бө­лімше жабылады деген хабарды алған жергілікті билік егер халыққа керек деп тапса, оны сақтап қалу үшін «Қазпоштаға» жәрдемдесіп, бірге жұмыстанады. Мәселен, ғимаратты жалға алу құны қымбат болса, орнына басқа ғимарат тауып беру деген секілді.

– Қазір электрондық сауданың, оны жеткізетін курьерлік қызметтің қызған шағы. «Қазпоштаның» да осы салада табыс табуы үшін заңда тиісті нормалар қарастырылған ба?

– Иә, өзіңіз айтқандай, «Қаз­пошта» бизнес секторы мен халық арасында жеткізіп беру қызметін де жандандыруды көздейді. Қазір олардың иелігінде 2 100-дей техника бар екен. Бірақ бәрінің бірдей жағдайы ойдағыдай емес. Оның 1 117-сі жүріп тұр, 443-і жөнделіп жатыр. Қалғанын сатуға шығарыпты. Осы техникаларымен, сондай-ақ такси қызметін көрсететін адамдарды жалдау арқылы кәсіпкерлер мен халық арасында делдал болуды көздейді. Мәселен, сіздің дүкеніңіз болса, өзара келісімшартқа отырасыздар да, олар сіздің тауарыңызды тапсырыс берушіге жеткізеді.

Осы секілді тағы бір қызмет – банк­тер мен халық арасында делдал болу. Қазір ауылдық жердің көбінде банкомат жоқ. Үлкен банктер қаржылық жағынан қолайсыз, яғни халқы аз елді мекендерге оларды қоя бермейді. «Қазпошта» сол банктердің қаражатын алыс елді мекендегі халыққа әкеліп беріп жүр. Мысалы, былтыр 24 млрд теңге көлемінде қаражат жеткізген. Соның ішінде 30 пайызы – «Halyk bank», 47 пайызы – «Kaspi bank» клиенттері. Дегенмен бұл қызмет осы қабылданған заңда арнайы қаралған жоқ. Оны алдағы уақытта заңға енгізу көзделіп отыр.

– «Қазпошта» мемлекеттен қанша субсидия алады?

– Ғимараттардың ескіруі мен тех­никаның тозуы секілді шығынды жабу үшін жылына 2 млрд теңге көлемінде субсидия беріліп келген. Алайда былтыр тек 665 млн теңге ғана алыпты. Бұл, әрине, шығынның бәрін жаба алмайды. Сондықтан жақында алдағы үшжылдық бюджет бекітілгенде бұл мәселе тағы да кеңінен талқыланды.

Жалпы, қаржы мәселесіне келсек, акционерлік қоғам 2022 жылға дейін шығынмен жұмыс істеп келген. Субсидия төленіп, қосымша коммерциялық қызметтермен айналысқаннан кейін өткен жылды 45 млрд теңге көлемінде пайдамен аяқтады. Соның арқасында алыс елді мекендегі бөлімшелерге кететін шығынды жауып отыр. Қазір жалпы саны 2834 пошта бөлімшесі бар болса, соның 2 мыңнан астамы – ауылдарда. Олардың қызметін жүргізу үшін жылына кететін орташа шығын 14-15 млрд теңгені құрайды. Ал табатын пайда – 3 млрд теңге айналасында ғана.

– Заңда «құндылығы жария­ланған пошта жөнелтiмдерi» деген ұғым бар екен. Бұл нені біл­діреді?

– Иә, ұлттық заңнаманы ха­лықаралық стандарттарға сәйкес келтіру мақсатында «құн­дылығы жарияланған пошта жөнел­тiмдерi» ұғымымен толықтырылды. Бұ­рын адамдар сәлемдеме жібергенде оның ішіндегі заттың құнын көрсетпейтін. Егер затыңыз жоғалып кетсе, діттеген жеріне жетпесе, құнын өтеу жағынан қиындықтар болған екен. Мысалы, сіз сәлемдемемен құны миллиондаған теңгені құрайтын затты жібересіз, ол жоғалған жағдайда «Қазпоштадан» құнын сұрайсыз. Бірақ оны қалай дәлелдейсіз? Ал пошта қызметкерлері оның ішінде қандай бағалы зат болғанын білмейді. Міне, жаңа ұғым осы олқылықты жою үшін енгізілді. Енді сіз сәлемдеме жіберерде оның ішіндегі заттың құнын бағалап, қаптаманың сыртына жазуыңыз керек. Түрлі жағдай болып, зат жоғалса, пошта қызметкерлері оның бағасын алдын ала біліп отырады.

Айта кету керек, жіберілетін заттың құны жоғарылаған сайын оны жеткізуге төлейтін сома да өзгеруі мүмкін.

– Халық тарапынан «Қаз­поштаға» қатысты айтылып жатқан сынның көбі – жеткізу мерзімінің ұзақтығы. Кейде пошта арқылы өзге қалаға жіберген сә­лемдеме бір апта не он күн жүріп барады.

– Акционерлік қоғам басшы­лығымен кездесу кезінде бұл мәселе де талқыға салынған еді. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін «Қазпошта» фулфилмент орталықтарын ашқан. Бұл – қашықтан сауда жасауға ар­налған логистикалық қызметтер кешені. Сол арқылы 80 компаниямен жұмыс істеп жатыр. Аталған орталықтардың көмегімен енді тапсырыс берілген заттарды Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларының ішінде 1-2 күнде, басқа өңірлерге 3-4 күннің ішінде жеткізу үшін жұмыстанып жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15